Астанада саябақта рейд өтті: Тазалық сақтамағандарға 30-ға жуық хаттама толтырылды

Астанада саябақта рейд өтті: Тазалық сақтамағандарға 30-ға жуық хаттама толтырылды  

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Алматы ауданы әкімдігі полиция қызметкерлерімен бірлесіп, «Жерұйық» саябағында қоғамдық орындардың ластануының алдын алуға бағытталған рейд өткізді.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, рейд барысында демалушыларға арнап тазалықты сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау және қоғамдық аумақтарды ластағаны үшін жауапкершілік туралы профилактикалық әңгіме өткізілді.
Жауапты демалыс мәдениетін насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Іс-шараға қатысушыларға тұрмыстық қалдықтарды жинау, қоқыс жәшіктерін пайдалану және қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігі туралы еске салынды.
Мұндай профилактикалық рейдтер тұрақты негізде жүргізіледі және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоғамдық кеңістіктердің тазалығы мен абаттандырылуын қолдауға, сондай-ақ елорда тұрғындары үшін қолайлы қалалық орта құруға бағытталған.
Біз аптасына 2-3 рет осындай рейдтер өткіземіз. Жаздың басынан бастап аудан аумағында 30-ға жуық хаттама жасалды, – дейді Алматы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.

Фото: Астана әкімдігі