Еңбек министрлігі Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетіндерге үндеу жасады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "қандас" мәртебесін немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін азаматтарға маңызды ақпаратты еске салды
Еңбек министрлігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, қандас мәртебесін алуды немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуды жоспарлаған азаматтар үшін ҚАЗТЕСТ тапсыру – көші-қон әлеуетін критериалды бағалау кезеңдерінің бірі. Тестілеу арқылы адамның мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады.
"ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең білуді талап ететін күрделі емтихан емес екенін атап өткен жөн. Тестілеу түсінікті әрі қолжетімді форматта өтеді. Тапсырмалар адамның күнделікті өмірде қарым-қатынас жасауына және Қазақстандағы жаңа ортаға бейімделуіне қажетті мемлекеттік тілді қаншалықты түсінетінін анықтауға бағытталған", - деп атап өтті ведомстводағылар.
Министрлік мәліметінше, сұрақтар күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға негізделген. Онда адамның қазақ тіліндегі сөздерді тыңдап түсінуіне және оқыған ақпаратты қабылдауына назар аударылады. Ведомство өкілдері тест тапсырмалары барынша жеңіл құрастырылғанын айтады.
Қатысушы тыңдалым және оқылымнан барлығы 60 тапсырманы орындайды. Тестілеуге 1 сағат 10 минут беріледі және ол онлайн форматта тапсырылады.
Тест форматына алдын ала танысып, дайындалғысы келетіндер үшін бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Қажетті нәтиже көрсете алмаған жағдайда тестілеуді қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Соңғы тестілеуден кейінгі 30 күн ішінде екі ретке дейін қайта тапсыруға болады.
Тестілеу прокторинг жүйесі арқылы жүргізіледі. Сондықтан тестті бастамас бұрын камера мен микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын, сондай-ақ интернет байланысының тұрақты екенін тексеріп алған жөн.
Тест нәтижесі үш жұмыс күні ішінде беріледі.
Фото: pexels.com