Тоқаев Ғұмар Серғазинді лауазымынан босатты

Тоқаев Ғұмар Серғазинді лауазымынан босатты 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғұмар Серғазинді Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары лауазымынан босатты
"Мемлекет басшысының өкімімен Ғұмар Екпінұлы Серғазин Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Ғұмар Серғазин бұл лауазымға 2025 жылғы 28 сәуірде тағайындалған еді.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің ресми сайтында жарияанған мәлімет бойынша, Ғұмар Екпінұлы 1986 жылы 20 маусымда дүниеге келген.
Қазақ-Америка университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша, ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша (магистратура), Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің Ядролық құқық институтын (Аустрия), А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін "Электр энергетикасы" мамандығы бойынша бітірген.
Мансап жолыЕңбек жолын 2008 жылы "Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 Халыққа қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесінде инспектор қызметінен бастаған.
2009-2011 жылдар аралығында "Астана қаласы Сарыарқа ауданының №1 Халыққа қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесінде кеңесші, бас инспектор, операциялық зал басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2011 жылы Алматы қаласындағы "БТА Банк" АҚ-ның Заң департаменті корпоративтік бизнесті құқықтық қамтамасыз ету басқармасының несиелік жобаларды құқықтық сүйемелдеу бөлімінің заңгері (заң секторының меңгерушісі) болып жұмыс істеген.
2011-2013 жылдары Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде мемлекеттік қызметін бастаған: Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық департаментінің тұрғын үй қатынастары басқармасында сарапшы, бас сарапшысы болған.
2013-2014 жылдар аралығында ҚР Өңірлік даму министрлігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаменті Тұрғын үй қатынастары басқармасының бас сарапшысы лауазымын атқарған.
2014 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде мансабын жалғастырып, Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде ішкі әкімшілендіру басқармасын, сондай-ақ заң басқармасын басқарған.
2014-2016 жылдар аралығында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қайта құрылуына байланысты ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің заң басқармасының басшысы қызметін атқарған.
2016-2017 жылдар аралығында ҚР Энергетика министрлігінің Ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының орынбасары болған.
2017-2023 жылдар аралығында Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
2023-2025 жылдар аралығында Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры болып жұмыс істеген.
2025 жылғы сәуірде ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған.

Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі