Деменция, диабет және күйзеліс: ДДҰ әлемдегі денсаулық өзгерісін жариялады

Деменция, диабет және күйзеліс: ДДҰ әлемдегі денсаулық өзгерісін жариялады

Әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы COVID-19 пандемиясына дейінгі деңгейге дерлік оралып, 73,3 жасқа жетті. Сонымен қатар, созылмалы аурулардың қаупі күн санап артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа деректеріне сәйкес, 2000 жылдан бері деменциядан қайтыс болғандар саны үш есеге өсіп, деменцияның өзі әлемдегі өлім-жітімнің негізгі бес себебінің қатарына енді.
ДДҰ 2000-2023 жылдар аралығындағы әлем халқының денсаулық жағдайына қатысты жаңа бағаларын ұсынды.
Ұйым мәліметінше, 2023 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 73,3 жасты құрады. Салыстыру үшін айтсақ, пандемияға дейінгі 2019 жылы бұл көрсеткіш 73,4 жас болатын.
Дегенмен, дәл осы салауатты өмір сүру ұзақтығы баяу қалпына келуде. 2023 жылы ол 62,8 жасты құрады. Бұл пандемияға дейінгі деңгейден 0,4 жасқа аз.
Өлім-жітімнің төрттен үші созылмалы ауруларға байланысты
Әлемде жұқпалы емес аурулардың үлесі артып келеді. 2000 жылы барлық өлім-жітімнің 58%-ы осы аурулардың еншісінде болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 74%-ға жетті.
Әлемдегі өлімнің негізгі он себебінің сегізі қазір дәл осы жұқпалы емес ауруларға тиесілі.
Жүрек-қан тамырлары аурулары өлімнің және салауатты жылдардың жоғалуының басты себебі күйінде қалып отыр. Тек қана жүректің ишемиялық ауруы 2023 жылы шамамен 9,5 миллион адамның өліміне себеп болды.
Қант диабетінің әсері де артуда. ДДҰ мәліметінше, 2000 жылда бері бұл аурудан қайтыс болу қаупі едәуір өсті, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияда.
Деменциядан қайтыс болғандар саны үш есеге көбейді
Әсіресе Альцгеймер ауруы мен деменцияның басқа түрлеріне қатысты жағдай айтарлықтай өзгерді.
2000 жылы деменция әлемдегі негізгі өлім себептерінің арасында 19-орында болса, 2023 жылы 5-орынға көтерілді. Осы кезең ішінде деменциядан қайтыс болғандар саны үш есеге өсті.
«Ұзағырақ өмір сүру – қоғамдық денсаулық сақтау саласының ұлы жетістіктерінің бірі. Алдағы міндет – адамдардың осы қосымша жылдарды жақсы денсаулықта өткізуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті ДДҰ-ның Деректер, цифрлық денсаулық сақтау, аналитика және ЖИ департаментінің директоры Ален Лабрик.
Үрейлі бұзылыстар мен кұйзеліс те артып келеді
ДДҰ сонымен қатар психикалық денсаулық көрсеткіштерінің нашарлап бара жатқанына назар аудартады.
2019-2023 жылдар аралығында депрессиялық бұзылыстар салдарынан салауатты өмір жылдарын жоғалтудың жаһандық көрсеткіші шамамен 20%-ға өсті. Ал үрейлі бұзылыстар үшін бұл өсім шамамен 45%-ды құрады.
2023 жылы депрессия мен үрейлі бұзылыстар ерте қайтыс болу немесе денсаулықтың нашарлауы салдарынан шамамен 110 миллион салауатты өмір жылының жоғалуына әкеп соқты.
ДДҰ жаңа деректер бірден екі үрдісті көрсетіп отырғанын атап өтуде. Бір жағынан, әлем пандемиядан біртіндеп қалпына келуде. Екінші жағынан, адамдар мен денсаулық сақтау жүйелері созылмалы аурулармен, деменциямен және психикалық денсаулық проблемаларымен жиірек бетпе-бет келуге мәжбүр.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі