Алматыда SkyTrain құрылысы басталып кетті ме: Саин көшесінде не болып жатыр?

Алматыда SkyTrain құрылысы басталып кетті ме: Саин көшесінде не болып жатыр? 

Алматыдағы Саин көшесінде Sky Train деген жазуы бар қоршау мен бұрғылау қондырғысы пайда болды. Қала тұрғындары әкімдік болашақ желінің құрылысын бастап кетті деп болжады. Алайда, жұмысты ресми түрде 2027 жылы бастау жоспарланған болатын. Tengrinews.kz учаскеде не болып жатқанын анықтап көрді.
Саин көшесінде не байқалды?
Құрылыс алаңының суреттері әлеуметтік желілерде жарияланды. Жазба авторы жұмыс жүріп жатқанын 4 қазанда Саин көшесі бойымен оңтүстік бағытта – Елемесов пен Марғұлан көшелері аралығында байқағанын хабарлады
Суреттерден Sky Train Almaty деген жазуы бар жасыл қоршау орнатылған алаңды көруге болады. Ішінде бұрғылау қондырғысы тұр. Автор мұнда болашақ эстакада тіректеріне орын дайындалуы мүмкін деп болжады.
Ограждённая строительная площадка с надписью Sky Train Almaty возле жилых домов на улице Саина в Алматы
SkyTrain құрылысы қай кезеңде?
Бұған дейін Алматы әкімдігі SkyTrain құрылысын 2027 жылы бастау жоспары туралы хабарлаған болатын.
Қыркүйекте жол инфрақұрылымы басқармасы редакция сауалына берген жауабында қазір жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін бастапқы деректерді жинау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл ретте жолдың түпкілікті схемасы әлі бекітілген жоқ.
Ведомство құрылыс-монтаж жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланғанын нақтылады.
"Жұмыс басталатын нақты мерзім қажет келісімдер алынып, жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптама қорытындысын алғаннан кейін айқындалады", - деді басқарма өкілдері.
SkyTrain ұзарады

Жобаның өзекті параметрлеріне сәйкес, SkyTrain жалпы ұзындығы бұған дейін хабарланғандай 42 шақырым емес, 46,4 шақырым болатын екі желіден тұрады:

Бірінші желі (22,5 шақырым және 13 аялдама). Ол Райымбек даңғылы бойымен "Барлық" көлік-ауысып міну торабынан "Шығыс" көлік-ауысып міну торабына дейін өтеді.

Екінші желі – 23,9 шақырым және 14 аялдама. Оның бағыты жауапта нақтыланбаған.
Анықтама: Бұл параметрлер бұрынғы жоспардан айтарлықтай ерекшеленеді. Бұған дейін ұзындығы 29 шақырым болатын бірінші желіні Райымбек, Саин, әл-Фараби және ШАЖ арқылы, ал ұзындығы 13 шақырым болатын екінші желіні Райымбек бойымен өткізу көзделген болатын.
Басқарма мәліметінше, жолдың түпкілікті схемасы әлі келісу кезеңінде.
Сондай-ақ басқарма болашақта SkyTrain желілері Алматы шекарасынан тыс – Талғар мен Қаскелең бағытына қарай ұзартылуы мүмкін екенін хабарлады. Оның мерзімі мен мән-жайы айтылмады.
SkyTrain қашан іске қосылады?
Екі желіні бір уақытта салу жоспарланып отыр. Алайда әзірге тек бірінші желінің мерзімі аталды – жұмысты 2029 жылы аяқтау көзделген.
"Екінші желі бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезеңінде анықталады", – деп хабарлады басқарма.
SkyTrain қандай биіктікте өтеді?

SkyTrain-нің екі желісін де жер үстімен – эстакада арқылы салу жоспарланған.
"Жоспарланған жер үсті конструкциясы жер деңгейінен шамамен 8-12 метр биіктікте орналасады. Кейбір учаскелерде биіктікті 12–14 метрге дейін арттыру қажет болуы мүмкін", – деп хабарлады басқарма.
Бекеттер мен пойыздардың сырт келбеті қандай болатыны әзірге нақтыланбаған.
Жол не болмақ?SkyTrain-нің түпкілікті бағыты әлі бекітілмегендіктен, қолданыстағы магистральдарда қандай өзгерістер қажет болатыны әзірге белгісіз.
Атап айтқанда, редакция Райымбек, Саин, әл-Фараби даңғылдары мен Шығыс айналма жолындағы ықтимал өзгерістерді: жолдың жүру бөлігінің тарылу, жолақтардың жабылу, аялдамалардың көшірілу және қолданыстағы көлік инфрақұрылымының бөлшектелу мүмкіндігін нақтылаған болатын.
Ведомство бұл мәселелер жол келісіліп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін шешілетінін хабарлады.
Жер телімдері алынуы мүмкін, бірақ нақты қай жер екені әлі белгісіз
Бекеттер, тіректер мен депо үшін жер телімдері алынып, нысандар сүріле ме деген сұраққа да әзірге жауап жоқ.
"Жер учаскелерін алу және нысандарды бұзу қажеттілігі туралы ақпарат, сондай-ақ олардың саны мен орналасқан жері жол схемасы келісіліп, жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін анықталады", – деп жауап берді басқарма өкілдері.
Жоба қанша тұрады?
SkyTrain-нің түпкілікті құны да әлі белгісіз.
"Жобаның түпкілікті құны жобалау құжаттамасын әзірлеу аяқталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін айқындалады", - деп хабарлады ведомство.
Осы себепті болашақ жолақы құны да әзірге белгісіз.
SkyTrain деген не?
SkyTrain – эстакада арқылы қозғалатын жоғары жылдамдықты монорельсті көлік. Қозғалыстың орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады.
SkyTrain үшін BRT жобасы өзгертілді
2026 жылғы маусымда болашақ SkyTrain-ге байланысты билік Райымбек даңғылындағы BRT жобасының бір бөлігінен бас тарту туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Өтеген батыр көшесінен Емцов көшесіне дейінгі учаскеде BRT-ның орнатылып қойған бөліктерін бөлшектеу ұйғарылды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Almaty AI Park жобасын жеделдету, сондай-ақ LRT және SkyTrain жүйелерін енгізу жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
2026 жылғы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Алатауды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте сөз сөйледі. Жиын барысында Алматы агломерациясы ішіндегі көлік байланысын нығайту және жүрдек қоғамдық көлікті белсенді дамыту қажет екені айтылды.
Президент Алматы мен Алматы облысы әкімдеріне "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, 1 тамызға дейін Skytrain желілерін салу жобасын, сондай-ақ Алатау мен Алматыны байланыстыратын жүрдек қоғамдық көлікті дамыту мәселесін пысықтауды тапсырды.

Фото: жасанды интеллектпен жасалған