Бірге тамақтану қандағы қант деңгейін тиімді реттеуге көмектеседі

Бірге тамақтану қандағы қант деңгейін тиімді реттеуге көмектеседі 

ScienceAlert басылымының жазуынша, ғалымдар жақын адамның қасында болуы тамақтан кейінгі глюкозаның күрт өсуін азайтып, ағзадағы метаболизмді тезірек қалыпқа келтіруге септігін тигізетінін анықтады.
Иерусалимдегі Еврей университетінің қызметкері Шир Атциль бастаған халықаралық зерттеушілер тобы 108 ерікті қатысқан тәжірибе өткізді. Қатысушылар ақ нанның бірдей мөлшерін екі түрлі жағдайда: жалғыз және жақын адамымен бірге жеді. Science Advances журналында жарияланған зерттеу нәтижелері әлеуметтік ортаның ағзаның метаболикалық реакциясына тікелей әсер ететінін көрсетті.
Жақын адам қасында болған қатысушылардың қанындағы қант деңгейі жалғыз тамақтанғанға қарағанда аз көтеріліп, бастапқы көрсеткішке тезірек оралды. Зерттеу аясында авторлар тағы екі топтың суыққа және стресстік тесттерге реакциясын тексерді. Басқа адамның қасында болуы дене температурасын тиімдірек сақтауға көмектесіп, физиологиялық қозу деңгейін төмендетті.
Зерттеу авторлары мұны "әлеуметтік физиологияның" көрінісі деп атайды. Бұл тұжырымдамаға сәйкес, адам ағзасы эволюциялық тұрғыдан басқа адамдармен бірлесе жұмыс істеуге бейімделген. Жақын адамдардың жанында болуы ағзаның өзін-өзі реттеуге жұмсайтын энергиясын үнемдейді. Ұзақ мерзімді перспективада оқшаулану мен жалғыздық 2-типті қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін арттырады, ал әлеуметтік байланыстар денсаулықты физиологиялық деңгейде сақтауға көмектеседі.

Фото: Freepik