Қазақстан экономикасы 2029 жылы қандай деңгейге жетеді?
2027-2029 жылдары Қазақстан экономикасының нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары болады деп болжанып отыр. Экономиканың негізгі өсім драйверлері мұнайдан тыс секторлар, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс болады
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Құрылтайдың жалпы отырысында 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде айтты.
Болжам экономиканың қазіргі жағдайы, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономика өсіміне қатысты күтулері және сыртқы нарықтардағы ахуал ескеріле отырып әзірленген.
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономика 3%, ал 2027 жылы 3,4% өседі.
Сонымен қатар Қазақстанның негізгі сауда серіктес елдерінде жалпы ішкі өнім өсімінің баяулауы күтіледі. Бұған қоса, халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы болжамдарын төмендетіп, ортақ консенсус-болжамды барреліне 70,3 долларға дейін түсірген.
Осыған байланысты Қазақстан экономикасының дамуына қатысты үш сценарий қарастырылған.
Оптимистік сценарийде мұнайдың бағасы барреліне 85 доллар болады деп болжанып, экономиканың орташа жылдық өсімі 5,9% деңгейінде болады деп күтіледі, - деп айтты Үкімет мүшесі.
Пессимистік сценарийде мұнай бағасы барреліне 50 доллар болып, жалпы ішкі өнімнің орташа өсімі 3,2% деңгейінде болжанған.
Ал базалық сценарийде мұнай бағасы барреліне 70 доллар деңгейінде алынды.
Серік Жұманғариннің айтуынша, сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырады.
Базалық сценарий бойынша 2027-2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсімі 5%-дан жоғары деңгейде болжанып отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім көлемі 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп күтіледі. Экономикалық өсім негізінен мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етіледі. Өңдеу өнеркәсібінің өсім қарқыны тау-кен өнеркәсібінен жоғары болады деп болжануда. Өңдеу өнеркәсібінің өсіміне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісі негізгі үлес қосады, - деді Жұманғарин.
Экономиканың тағы бір негізгі драйвері ауыл шаруашылығы болады. Бұл саланың орташа жылдық өсімі кемінде 5% деңгейінде болжанып отыр.
Құрылыс саласында да жоғары өсім күтіледі. Оның өсім қарқыны 2027 жылғы 16%-дан 2029 жылы 17,3%-ға дейін артады деп болжануда. Бұған көлік-логистика, энергетика және су инфрақұрылымын дамыту жобалары, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту ықпал етеді.
Қызмет көрсету саласында да тұрақты өсім сақталады. Атап айтқанда, сауда көлемі жыл сайын орта есеппен 5,7%, көлік және қоймалау 10,4%, ақпарат және байланыс саласы 9,2% өседі деп күтіледі.
Сонымен қатар болжам кезеңінде оң сауда балансы сақталады.
Тауарлар экспорты 2027 жылы 82,8 млрд доллардан 2029 жылы 88,5 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр. Импорт көлемі осы кезеңде 80,5 млрд доллардан 88,4 млрд долларға дейін артады.
Фото: baq.kz