Астанада ұзындығы 1,4 шақырымдық мұз айдыны ашылады

Астанада ұзындығы 1,4 шақырымдық мұз айдыны ашылады

Астанадағы Желілік саябақ аумағында ASTANA WINTER PARK / MEGAICE атты жаңа мұз айдыны саябағы ашылады. Елорда әкімдігінің мәліметінше, нысанның ашылуы 15 қарашаға жоспарланған.
Жобаның жалпы мұз алаңы 6 мың шаршы метрді, ал мұз жолының ұзындығы 1,4 шақырымды құрайды. Жаңа демалыс орны тұрғындар мен қала қонақтарына коньки тебуге, отбасымен уақыт өткізуге және қысқы ойын-сауыққа мүмкіндік береді.
Әкімдіктің хабарлауынша, мұз айдыны дәстүрлі сырғанау алаңдарынан ұзын мұз жолдарымен, демалыс аймақтарымен және мерекелік жарықтандыруымен ерекшеленеді. Келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін жылы павильондар, коньки жалдау пункттері, отбасылық демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары қарастырылады.
Мұздың сапасын сақтау үшін кәсіби тоңазытқыш жабдықтары, арнайы мұз құятын техника және заманауи инженерлік жүйелер қолданылады. Сонымен қатар мұз бетінде түрлі визуалды әсерлер жасауға мүмкіндік беретін жарық және интерактивті технологияларды енгізу жоспарланып отыр.
Жоба жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылып, мұз инфрақұрылымын дамытудағы халықаралық тәжірибе ескеріледі.

Фото: Астана қаласының әкімдігі