Цифрлық сенімхат пен жалған несие: алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдайды?
Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарды цифрлық сенімхаттарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа, бірнеше кезеңнен тұратын схемасы туралы ескертті.
Реттеуші органның мәліметінше, алаяқтар электрондық үкімет сервистерінің немесе екінші деңгейлі банктердің атынан азаматтарға хабарлама жібереді. Онда олардың атына цифрлық сенімхат рәсімделгені немесе несие алуға өтінім мақұлданғаны туралы жалған ақпарат беріледі.
Хабарламаларда сенімхатты үшінші тұлғалар пайдаланып жатқаны айтылады. Ақпаратты нақтылау үшін азаматтарға көрсетілген телефон нөміріне қоңырау шалу ұсынылады.
Алаяқтардың негізгі мақсаты – адамдарды үрейлендіріп, өздеріне хабарласуға мәжбүрлеу. Телефон арқылы сөйлесу кезінде олар «сенімхатты жою», «несие өтінімін бұғаттау» немесе «ақшаны қорғау» қажеттігін алға тартады.
Одан кейін қаскөйлер өздерін Ұлттық банктің, құқық қорғау органдарының немесе арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін. Олар азаматтың атынан заңсыз әрекеттер жасалып жатқанын, соның ішінде несие рәсімдеу, компания тіркеу немесе күмәнді қаржылық операциялар жүргізу жағдайлары бар екенін айтады.
Ақшаны қорғау сылтауымен алаяқтар азаматтарды SMS-кодтарды, банк карталарының деректерін беруге, бөгде қосымшаларды орнатуға, телефонға қашықтан қол жеткізуге рұқсат беруге немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
Ұлттық банк банктердің, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері ешқашан PIN-кодтарды, SMS-кодтарды немесе банк карталарының деректерін сұрамайтынын еске салды. Сондай-ақ олар азаматтарға ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды ұсынбайды.
Азаматтарға күмәнді хабарламаларда көрсетілген нөмірлерге қайта қоңырау шалмау, белгісіз сілтемелерге өтпеу және бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамау ұсынылады. Мұндай ақпаратты тек банктердің немесе электрондық үкімет сервистерінің ресми байланыс арналары арқылы тексерген жөн.
Егер алаяқтыққа тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Қосымша кеңесті Ұлттық банктің 1477 қысқа нөмірі арқылы алуға болады.
Фото: ІІМ