Мемлекет пен азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі: Қолдау мен жеке міндеттің шекарасы қандай?

Мемлекет пен азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі: Қолдау мен жеке міндеттің шекарасы қандай? 

Жұмысынан айырылған отбасына уақытша қолдау керек. Кішкентай баласын балабақшаға орналастыра алмаған ата-ана жұмысқа шыға алмайды. Ал тұрақты күтімді қажет ететін адамға ұзақ мерзімді әлеуметтік қорғау қажет. Осындай жағдайлардың бәрін қалай ескерген жөн? Мемлекеттен қандай қолдау күтуге болады және азаматтардың өз жауапкершілігі қай тұстан басталады? 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттап, оның атаулы болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар халықтың мүмкіндігін кеңейтетін әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берді. Президент өзгерістер азаматтардың шынайы жағдайын ескеруі керегін айтып, жаңа тетіктерді алдымен пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізуді ұсынды.
Мемлекет азаматқа не беруге міндетті?
Білім алу, медициналық көмекке қол жеткізу, зейнетақымен қамту және еңбек құқықтарын қорғау – мемлекеттің әлеуметтік міндеттері. Оның жауапкершілігі аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы берумен ғана шектелмейді. Алайда әлеуметтік кепілдіктер әр адамның қалаған тұрмыс деңгейін мемлекет қамтамасыз етуі керек дегенді білдірмейді.
Нархоз университеті жанындағы Social Dynamics Research Center директоры Айман Жүсіпова мамандық таңдау, табысты дұрыс жұмсау және отбасына қамқор болуды адамның жеке жауапкершілігіне жатқызады. Дегенмен азаматтан белгілі бір міндеттерді талап етпес бұрын, оның сол әрекеттерді жүзеге асыруына қандай жағдай жасалғанын да ескеру қажет деп санайды.
Ең алдымен, адамның күнкөрісіне жететін табыс табуына нақты мүмкіндік болуы керек. Ол үшін жай ғана жұмыс орындарын ашу жеткіліксіз. Еңбекақы лайықты төленіп, еңбек құқықтары сақталуы, сапалы білім, медициналық көмек пен кәсіби оқыту қолжетімді болуы қажет. Әсіресе өңірлер арасындағы айырмашылықты ескерген жөн. Үлкен қалалар мен шағын елді мекендердегі жұмысқа орналасу мүмкіндігі бірдей емес, – дейді сарапшы.
Азамат өз кезегінде жұмыс іздеп, кәсіби біліктілігін арттыруға және мемлекет ұсынған көмекті тиімді пайдалануға ұмтылуы керек. Ал жұмыс беруші қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайын жасап, олардың құқықтарын сақтауға тиіс.
Әлеуметтанушы Гүлмира Илеуова қоғамның мемлекеттен не күтетінін ескерудің маңызын айтады. Оның пікірінше, азаматтардың әлеуметтік көмекке деген көзқарасы мен талабы уақыт өте өзгеріп отырған. Сондықтан мемлекет өз мойнына алатын міндеттерді және азаматтардың өздері шешуі тиіс мәселелерді нақты ажыратып, халыққа түсіндіруі керек.
Әлеуметтік көмекке кім шынымен мұқтаж?
Жәрдемақы алатын әр адамның оған жүгіну себебі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік жағдайды бағалағанда тек табыс көлеміне сүйену жеткіліксіз. Бағаның өсуі, жұмыс табу мүмкіндігі және адамның отбасылық жағдайы да ескерілуі керек. Ал қоғамның әлеуметтік көмекке көзқарасы туралы тұжырымдар нақты зерттеулерге негізделуі тиіс.
Taldau сарапшылар қауымдастығының мүшесі, әлеуметтанушы Жансая Ақанова азаматтың өз әрекетімен қатар, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерге де назар аударуды ұсынады.
Әлеуметтік көмекке тәуелділік мәселесін талқылағанда екі сұрақ қою керек деп ойлаймын. Адам қандай қадам жасай алар еді және іс жүзінде не істеді? Ал мемлекет оған қандай мүмкіндік ұсынды? Егер тек жәрдемақы алушының әрекетін талқылайтын болсақ, оның табыс табуына кедергі келтіретін жағдайларды ескерусіз қалдыруымыз мүмкін, – дейді Жансая Ақанова.
Мәселен, жұмыссыздықтың артында жақын адамына күтім жасау, денсаулығына байланысты қиындықтар немесе баланы қалдыратын жердің болмауы сияқты себептер тұруы мүмкін. Айман Жүсіпова ақысыз күтім еңбегіне де назар аудартады. Адам жақынына қарауға көп уақыт пен күш жұмсағанымен, ресми түрде жұмыссыз болып есептелуі мүмкін.
Гүлмира Илеуованың пікірінше, атаулы әлеуметтік көмек тағайындағанда адамның табысынан бөлек, өмір сүріп отырған ортасы мен нақты жағдайын да ескеру қажет.
Әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамдарға бағытталуы керек. Ол үшін адамның табысын ғана емес, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын, отбасылық ахуалын және өз қажеттіліктерін өз күшімен өтеу мүмкіндігін де ескерген жөн. Мұқтаждықты тек ресми деректерге қарап анықтау дұрыс емес. Мысалы, денсаулығына байланысты мүмкіндігі бірдей екі адамның өмір сүру жағдайы мен қажеттіліктері мүлде бөлек болуы мүмкін, – дейді әлеуметтанушы.
Айман Жүсіпова да отбасының тұрақты табысы, құрамы мен нақты қажеттіліктерін назардан тыс қалдырмау керегін айтады.
"Жұмысқа орналасу үшін бос орынның болуы жеткіліксіз"
Жансая Ақанова жұмыспен қамту орталығы ұсынған жұмысқа адамның шынымен орналаса алатынын анықтаудан бастау керек деп есептейді.
Егер ұсынылған жұмыс адамның мүмкіндігі мен жағдайына сәйкес келсе, оның жұмысқа орналасуға талпынып, жұмыс берушімен кездесуге және қажет болса жаңа мамандықты меңгеруге дайын болғаны жөн. Ал ұсыныстан бас тартса, алдымен оның себебін анықтау керек. Мәселен, жұмыс кестесін өзгерту немесе жол жүру мәселесін шешу арқылы кедергіні жоюға болады. Егер адамға қолайлы жағдай жасалғанына қарамастан, ол ешбір дәлелді себепсіз жұмыс істеуден бас тартса, онда өзінің де жауапкершілігі туралы айтуға болады, – дейді сарапшы.
Мысалы, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ана үшін жұмысқа шығудың басты шарты – баласын қолайлы кестемен жұмыс істейтін балабақшаға орналастыру болуы мүмкін. Ал туысына күтім жасайтын адамға осы міндетті жеңілдететін әлеуметтік қызмет қажет. Әлеуметтанушының пікірінше, мұндай қолдау азаматтың жұмыс істеуге деген ниетін нақты іске асыруына жол ашады.
Алғашқы жалақы отбасының барлық мәселесін шеше ме?
Жұмысқа орналасқан адамның табысы артқанымен, шығыны да көбейеді. Сондықтан Айман Жүсіпова ақшалай көмекті жұмыспен қамту шараларынан бөлек қарастыруға болмайтынын айтады. Екеуі бірін-бірі толықтыруы керек.
Жұмысқа орналасу адамның тұрмысындағы қиындықтарды бірден шешеді деген түсінік бар. Алайда іс жүзінде олай емес. Адамның тұрақты жұмысы болғанымен, табысы отбасының барлық қажеттілігін өтеуге жетпеуі мүмкін. Әсіресе көпбалалы немесе асырауында бірнеше адамы бар отбасыларға бұл оңай емес. Сондықтан әлеуметтік жағдайды бағалағанда адамның жұмыс істейтін-істемейтінін ғана емес, қанша табыс табатынын және отбасының шығынын да ескеру қажет, – деп түсіндіреді сарапшы.
Осыған байланысты мамандар отбасының табысы артқан сайын әлеуметтік көмекті бірден тоқтатпай, біртіндеп қысқарту тетігін қарастыруды ұсынады. Бұл отбасының жұмысқа орналасқаннан кейін бірден қолдаусыз қалмай, тұрақты табысқа бейімделуіне мүмкіндік берер еді.
Қайта даярлау бағдарламаларының нәтижесін де осындай нақты өлшемдермен бағалаған жөн.
Гүлмира Илеуова оқыту курстары еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуы керегін айтады.
Әлеуметтік қолдау мәселесін талқылағанда адамның жұмыс істеуге дайындығымен қатар, еңбек нарығындағы нақты мүмкіндіктерді де ескеру қажет. Бір азамат үшін әділ ереже, тең мүмкіндік, құқықтарының қорғалуы мен бәсекелестіктің дамуы маңызды болса, енді бірі күрделі жағдайда өмір сүріп, қосымша қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Сондықтан халықтың барлық тобына бірдей талап қоюға болмайды. Адамның бастапқы мүмкіндігін, білімін, денсаулығын, отбасылық жағдайын және еңбек нарығындағы орнын ескерген жөн, – дейді әлеуметтанушы.
Жансая Ақанова оқуға қатысатын адамдарға бағдарламаның нәтижесі қандай болатынын алдын ала түсіндіру маңызды деп санайды. Атап айтқанда, курсты аяқтаған соң қай мекеме жұмысқа қабылдайды, қандай қызмет атқарады және қанша жалақы алады деген сұрақтарға нақты жауап болуы керек.
Оның пікірінше, оқыту бағдарламасының тиімділігін курсты аяқтағандар санына қарап қана бағалау жеткіліксіз. Жұмысқа орналасқаннан кейін бірнеше ай өткен соң олардың жұмыс орнында қалған-қалмағанын, отбасының күнделікті шығынын өтеу мүмкіндігі жақсарған-жақсармағанын да тексеру қажет.
Баспана мәселесі мен бала тәрбиесі: жауапкершілік кімге жүктеледі?
Тұрғын үй мәселесіне келгенде Гүлмира Илеуова әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мен әр адамға жеке пәтер беру талабын шатастырмау керегін айтады. Оның пікірінше, жалдамалы, уақытша және қызметтік тұрғын үй сияқты мүмкіндіктер әртүрлі әлеуметтік қажеттілікті өтеуге бағытталуы мүмкін. Бұл ретте баспана алудың шарттары мен тәртібі ашық болуы маңызды.
Ал бала тәрбиесіне қатысты сарапшы отбасының рөліне басымдық береді.
Мемлекет баланың білім алып, жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасауы керек. Дегенмен оның бойына құндылықтарды сіңіріп, тәрбие беруде отбасының орны бөлек. Зерттеулеріміз де азаматтардың бала тәрбиесіндегі басты жауапкершілікті отбасымен байланыстыратынын көрсетеді. Сондықтан бұл міндетті толығымен мектепке немесе мемлекеттік мекемелерге жүктеуге болмайды, – дейді Гүлмира Илеуова.
Сонымен бірге сарапшы сапалы білім мен медициналық көмектің баршаға қолжетімді болуын әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты деп санайды. Қазақстанда күрделі медициналық қызметтерді ел ішінде алуға мүмкіндік жасалып жатқанын оң бағалайды. Алайда мұндай көмектің өңірлерде бірдей қолжетімді болмауы әлі де назар аударуды қажет етеді.
Қандай жағдайда әлеуметтік көмек ұзақ мерзімге қажет?
Әлеуметтік көмекке мұқтаждықтың себебі де, одан шығуға кететін уақыт та әр отбасында әртүрлі. Мәселен, жұмысынан айырылған адам біраз уақыттан кейін қайта жұмысқа орналасып, табысын қалпына келтіруі мүмкін. Ал тұрақты күтімді қажет ететін немесе денсаулығына байланысты жұмыс істеу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ұзақ мерзімді қолдау қажет.
Жансая Ақанованың пікірінше, осы айырмашылықтарды ескермей, барлығына бірдей талап қойып, көмек көрсету мерзімін белгілеу дұрыс емес.
Айман Жүсіпова да азаматтарды еңбекке қабілетті және қабілетсіз деп екі топқа бөліп қарауға болмайтынын айтады.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың көбі қажетті жағдай жасалса, жұмыс істей алады әрі жұмыс істеуге ниетті. Бірақ әлеуметтік көмек алушыларды қолдауға уақытша мұқтаж және тұрақты көмекке зәру деп қатаң бөлуге де қарсымын. Өйткені өмірдегі жағдайлар әлдеқайда күрделі. Мысалы, адам еңбекке қабілетті болғанымен, бірнеше жыл бойы ауыр науқас туысына күтім жасауы мүмкін. Немесе отбасының ересек мүшелері жұмыс істеп жүрсе де, отбасы ұзақ уақыт кедейліктен шыға алмауы ықтимал. Сонымен қатар тұрақты әлеуметтік төлемдер мен мұқтаж отбасыларға берілетін атаулы көмекті бір-бірінен ажырата білу керек, – дейді сарапшы.
Жансая Ақанова әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасыларды анықтауда Цифрлық отбасы картасының мүмкіндігін пайдалануға болатынын айтады. Алайда табысы бірдей екі отбасының өмір сүру жағдайы мүлде бөлек болуы мүмкін. Мұны тек деректерге қарап анықтау қиын.
Сондықтан көмек көрсету туралы шешім қабылдамас бұрын отбасының өзімен сөйлескен жөн. Ал деректерде қате болса немесе әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылса, адамға оның себебін түсіндіріп, шешімді қайта қарату үшін қайда жүгінуге болатынын айту керек. Бұл – отбасы үшін жай ғана рәсім емес. Қабылданған шешім оның осы айда баспана ақысын, дәрі-дәрмегін немесе күтім шығынын төлей алуына тікелей әсер етуі мүмкін, – деп түйіндеді әлеуметтанушы.
Айман Жүсіпова әлеуметтік саясаттың нәтижесін жәрдемақы алушылар санының азаюымен ғана өлшеуге болмайтынын айтады. Ең маңыздысы – адамдардың тұрмысы шынымен жақсаруы. Азамат тұрақты жұмысқа орналасты ма, табысы өсті ме, отбасының негізгі қажеттіліктерін өтеуге қаражаты жете ме? Сарапшының пікірінше, әлеуметтік саясаттың тиімділігін осы сұрақтардың жауабы айқындауы керек.

Фото: BAQ.KZ