Баға өсе береді, бірақ қарқыны баяулайды: Ұлттық банк 2027 жылға болжам жасады
Ұлттық банк 2027 жылы Қазақстанда инфляция баяулайды деп болжайды. Бұл ретте азық-түлік пен өзге де тауарлар бағасы бұрынғыдай қарқынды болмаса да, өсе береді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Баймағамбетовтің сөзінше, реттеуші инфляцияның одан ары баяулауын болжайды. Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 2027 жылы инфляция 6,5–8,5 пайыз болады. Ал 2028 жылдың аяғына қарай бұл көрсеткіш нысаналы деңгейге жақындайды деп жоспарланып отыр.
Десе де, қазақстандықтар дүкендегі бағаның төмендеуін күтпесе болады.
"Баға өсе береді, бірақ біз оның бұрынғыдай жылдам болмайтынын болжаймыз", - деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Ол әр адамның тұтыну себеті әртүрлі болғандықтан, инфляцияны да әркім әрқалай сезінетінін атап өтті. Бұдан бөлек жекелеген тауарлар құнына маусымдық факторлар әсер етеді. Мәселен, мерекелер қарсаңында белгілі бір өнімдерге сұраныс артып, бұл бағаның уақытша өсуіне әкелуі мүмкін.
"Біз қандай да бір маусымдық құбылмалылықты емес, жалпы инфляцияны, бағаның жалпы деңгейін нысанаға аламыз. Жыл ішінде мереке алдында баға көтеріліп, кейін қайта түсуі - экономикадағы табиғи ауытқу", - деді Баймағамбетов.
Инфляцияның баяулауы баға төмендейтінін білдірмейді
Инфляцияның баяулауы дүкендегі тауарлар арзандай бастайды деген сөз емес. Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, бағаның жалпы деңгейінің төмендеуі дефляция деп аталады.
"Егер бағаның жалпы деңгейі төмендесе, бұл экономика үшін айтарлықтай депрессиялық құбылыс саналады және ол жұмыс орындарының қысқаруына, экономикалық өсімнің тежелуіне әкеп соғады. Біз мұндай жағдайды болжап отырған жоқпыз", - деді ол.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары реттеуші бағаның төмендеуін емес, баға өсімінің баяулауын болжайтынын нақтылады.
ЕТЖ-ның көтерілуі инфляцияға әсер ете ме?
Сондай-ақ журналистер ең төменгі жалақының (ЕТЖ) жоспарланған өсімі инфляцияға әсер етуі мүмкін бе деп сұрады. Баймағамбетов бұл фактор Ұлттық банк болжамында ескерілгенін және реттеуші 2027 жылы инфляция баяулайды деп күтетінін айтты.
Бұған дейін ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин де 6,5 триллион теңгенің бөлінуі Қазақстандағы бағаға қалай әсер ететіні туралы айтқан.
Фото:depositphotos.com