«КІТАПТАР ӘЛЕМІ» ЖОБАСЫНА – 6 ЖЫЛ!

     ​Идея ойда жоқта келді. Әлеуметтік желіде жас ақындардың өлеңдерін  оқып жүргенмін. Содан тыңдармандар: «Оқи түсіңіз. Байқаймын, әдебиеттен түсінігіңіз бар сияқты. Осы күні қандай жаңа кітаптар шығып жатқанынан бізді хабардар етіп отырсаңыз қайтеді?» – деп, өтініш ете бастады. Осындай ұсыныстар қайта-қайта алдымнан шыға бергеннен кейін, ойлана бастадым.  Содан тәуекелге бел будым. Әлі есімде алғаш рет ақын Жұлдыз Бейсектің «Іңкәр-Ғазал» жинағын жұртшылыққа таныстырдым. Содан бері үміт отын өшірмей, алты жылды артқа тастаппыз.
     Алға қойған мақсатымыз – кітап оқитындар қатарын көбейту еді. Сырт қарағанда белімізге көтере алмайтын шоқпарды байлап алғандай көрінгенмен, өткенге көз жіберсек, бірталай істі атқарғанымыз байқалады.
     Ауыз толтырып айтар жұмысымыз: «Бірге кітап оқиық» онлайн бәйгесін өткізгеніміз болды. 2022 жылы маусым айында ашаршылық тақырыбын өзек еткен Адам Мекебаевтың «Аспан асты, жер үстіндегі зұлмат» романын, одан кейін шынайы сезімге құрылған Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ» повесін жабыла оқығандығымыз. Сөйтіп жан сарайымыз кемелдене  түсті.
     Бәйгеміз тамыз айында Абай өлеңдерін жатқа оқуға ұласты. Жеңімпаз атанған оқырмандарымыз ақшалай сыйлық алды. Ең бастысы байқауға қатысушылардың  кітап оқу айлығына аса ықыласпен ден қойғанына риза болып отырмыз. Бұл тамаша үрдіс 2023 жылы «Жарыса кітап оқиық» деген атпен қайта жалғасты. Қаңтар айында  баға жетпес қазынамыз саналатын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының бірінші кітабын, ақпан айында Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын оқыдық. Мұнан соң Оралхан Бөкеевтің «Кербұғы» туындысын оқу айлығы өтті. Шығарманы талдаған үздік пікір иелерін бейнетаспаға түсірген еңбектері арқылы, енді бірде шығарманың мазмұны бойынша дайындаған викториналық сұрақтарға жауаптары арқылы анықтап отырдық.  
     Кітап оқудың кейінгі науқаны тамыздың он бесі мен қырқүйектің он бесі аралығында өтті. Бұл жолы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Дидахмет Әшімханұлының төрт томдығының бірінші томын жаппай оқуға  бәйге жарияладық. Онлайн бәйгеге республикамыздың түпкір түпкірінен оқырмандар қатысты. Олар шығармадан алған әсерлерін қағазға қарамай айтып, бейнетаспаға түсіріп жіберді. Отыз еңбектің ішінен жетеуі үздік деп танылды. Оқырманға ұсынған әңгіме-хикаяттарымен үлкен ой айта білген жазушы мұрасы жақсы әсерге толы болып шықты. Оның шығармаларын шебер талдай білген Әтіргүл Тәшенова, Гүлмира Есжанова, Ләззат Утешова, Алмагүл Байсалова, Көкбөрі Мүбарак, Гүлназ Ешманова, Қасиет Сейітжан ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бәйгеге демеушілік жасаған «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, жазушының ұлы – Дәулет Әшімханұлы.
     Осылайша тау қопарып тастадық демесек те, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей кітап оқитындар қатарын көбейтуге  аздап болса да септігіміз  тиген шығар деп ойлаймыз.  Алдағы уақытта да  байқаулар жалғасын табады деп үміттенеміз. Ал апта сайын «Кітап жанашырлары» клубы мүшелерінің өздері оқыған қызықты шығармалар туралы пікірталастары,  көркем шығармаларға қатысты викториналық сұрақтар, түрлі ойындардың да тигізіп жатқан пайдасы мол. Біз осы орайда республикамыздың түкпір-түкпірінен атсалысқан үздік оқырмандарға 600 кітап тарту етіппіз. Ол кітаптардың біразын жұмысымызға қолдау танытып отырған «Фолиант» баспасы,  біразын  ақын-жазушылар сыйға тартқан-ды. Біздің барлық ісімізге тұрақты түрде демеушілік жасап келе жатқан ақтаулық кәсіпкер Бақыт Жұмабек ағамызға, басқа да демеушілік танытқан азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз! Алдағы уақытта да оқырман аудиториясын кеңейту жолында жұмыс істей береміз.
     2024 жылы қараша айында "Әсерлі әңгіме" онлайн байқауын ұйымдастырдық. Байқауда Мақсат Танабаев, Фарида Азбантаева, Гүлмира Есжанова, Әтіргүл Тәшімова, Жанерке Файзулла жеңімпаз атанды. 2025 жылы ақпан, наурыз айларында мектеп жасындағы балалар арасында "Бірге кітап оқиық" онлайн байқауы өтті. Бұл байқауда Түркістан облысының Ордабасы ауданынан Айгерім Әбдікерім «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ертегісінен үзінді, Атырау облысының Құрманғазы ауданынан Аружан Құспанәлі  Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» повесінен үзінді, Астана қаласынан Шыңғысхан Мирбекұлы «Робинзон Крузо саяхатынан» үзінді, Түркістан облысының Ордабасы ауданынан Жансая Әбдікерім «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабынан үзінді, Түркістан облысының Созақ ауданынан Іңкәр Керімбай Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді, Өскемен қаласынан Айдана Марат «Ер Төстік» ертегісінен үзінді оқып, Алматы қаласынан Мадияр Еспаев «Ұр, тоқпақ» ертегісін, Орал қаласының Бәйтерек ауданынан Аманғазы Сабыр Жантас Нәбиолланың «Жетпіс палуан» туындысын, Алматы облысының Талғар ауданынан Дәлелхан Жантөре «Айдаһар әміршілері» ертегісін, Түркістан қаласынан Жасур Жұмаділлаев «Үш ауыз сөз» ертегісін, Атырау облысының Құрманғазы ауданынан Сағынтай Нұрмұханбет «Жақсылық пен Жамандық» ертегісін, Алматы қаласынан Қаршыға Даниярұлы «Жарты төстік» ертегісін,  Шымкент қаласынан Ербол Аянат «Ақылды етікші» ертегісін қағазға қарамай жатқа айтып, жеңімпаз атанды.
​     Мектеп оқушыларының қатарымызға қосылғаны қуантады. Түркістан облысының Түлкібас ауданының Асанбай Асқаров атындағы мектебінің, Алматы қаласының №7 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары және Қаскелең колледжінің әдебиетке құмар жастары қатарымызды толықтырды. Мектеп оқушыларының көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді. Биылғы  жылғы жүлделеріміз де сәтімен иесін тапты. Наурыз, сәуір айларында Мұхтар Мағауиннің 26 томдығы дүркін-дүркін бәйгеге тігілді. Бірінде әдебиетке қатысты викториналық сұрақтарға мүлтіксіз жауап бергендер олжалы болса,  екіншісінде жазушы Ұларбек Дәлейұлының туындыларын жан-жақты талдай алғандар жеңіске жетті.
     Қыркүйек айында ақтаулық кәсіпкер Бақытбек Жұмабек «Қазіргі қазақ романы» байқауының  бас жүлдесін жеңіп алған Жүсіпбек Қорғасбектің «Кельндегі көкжал» романын жаппай оқуға әдебиетсүйер қауымды жұмылдырды. Тамсана пікір айтқан үш оқырманның әрқайсысына 100 мыңнан сыйақы берілді.
Қазіргі таңда жазушы, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Жалғасқали Дүтмағанбеттің «1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік» трилогиясының бірінші және екінші кітабын оқу айлығы жүріп жатыр. "Салду" қоғамдық қоры үздік шыққан алты оқырманға 50 мың теңгеден жүлде тікті.
Бізбен бірге болғандарыңыз үшін рақмет, мәртебелі оқырман! "Кітап" деген ғажайып әлемге саяхатымыз ұзағынан болсын!

Салтанат Әбдіғали