Қазақстандық фильм танымал киножүлденің шорт-тізіміне енді
Қазақстандық режиссер Айжан Қасымбектің «Мәдина» драмасы Alternativa Film Awards 2024 халықаралық киножүлдесінің шорт-тізіміне енді. Марапаттау рәсімі 29 қарашада Индонезияның Джокьякарта қаласында өтеді.
Alternativa Film Awards by inDrive – түрлі елдердің киноиндустрия мамандарының танылуына және өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін халықаралық көшпелі бастама. Бұл жүлде қоғамға оң әлеуметтік өзгерістер әкеле алатын және көпшілік аудиторияға арналған фильмдердің танылуына мүмкіндік береді.
Шорт-тізімге Азияның 14 елінен жалпы саны 25 фильм енді. Оның ішінде 13 толықметражды және 12 қысқаметражды туынды бар. Орталық Азияның абыройын екі фильм қорғап отыр: қазақстандық «Мәдина» және қырғыз режиссері Дальмира Тілепбергеннің «Белек» фильмі.