Бейжіңде Нұрғиса Тілендиевтің мерейтойына арналған мәдени кеш өтті

Қытай астанасы Бейжіңде қазақтың көрнекті композиторы, дирижер, Қазақстанның халық артисы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған халықаралық мәдени кеш өтті.
Мерейтойлық іс-шара аясында қаланың орталық концерт залында «Әлқисса» атты шығармашылық бағдарлама ұсынылды. Кеш барысында композитордың өмір жолы мен шығармашылығына арналған музыкалық туындылар орындалды.
Салтанатты кешке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысы өз сөзінде Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Ресми бөлімнен кейін Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрі сахнаға шығып, көрерменге композитордың таңдаулы туындыларын ұсынды. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сазгердің қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік етті.
Айта кетейік, ЮНЕСКО шеңберінде аталып жатқан мерейтой аясында Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттауға арналған мәдени шаралар жыл бойы жалғасады. Бұл бастамада Алматы облысы белсенділік танытып отыр.