Алматыда халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі мәресіне жетті

Алматыда ІІІ халықаралық «TYRKI DYNIYESI» студенттік театрлар фестивалі аяқталды. Үш күнге созылған мәдени шарада алты мемлекеттің студенттері үздік қойылымдарын көрерменге ұсынды. Қазылар алқасының шешімімен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қойған «Қобыланды» спектаклі үздік шықты. Ал «Үздік актерлік ансамбль» аталымы Өзбекстанның Мемлекеттік мәдениет және өнер институтының «Халала» қойлымына бұйырды. Бүбүсара Бейшеналиева атындағы Қырғыз ұлттық мәдениет және өнер университетінің «Қашаба» спектаклі пластикалық бейне жасағаны үшін марапатталды. Фестиваль түркітілдес театрлардың, режиссураның бағытын байқауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. «Әсіресе, жас актерлердің театр өнерінің тынысын ашқан жаңа қадамдары қуантты», - дейді өнер саласының өкілдері. Студенттік театрлар фестивалі алдағы жылдары да жалғасады.