«Қазақстан Камератасы» ансамблінің XXVIII концерттік маусымы аяқталды
Жамбыл атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблінің XXVIII концерттік маусымының жабылу салтанаты өтті.
Маусым орыс композиторы Петр Чайковскийдің 185 жылдығына арналған концертпен қорытындыланды. Ұлы композитор өз шығармашылығында ұлттық болмыс пен еуропалық классикалық дәстүрді үйлестіре білді. Ол әлемге жүрек тебірентер талай туынды сыйлады.
Кеш бағдарламасында композитордың ең танымал камералық-аспаптық шығармалары орындалды. Атап айтсақ, «Вальс-скерцо», «Pezzo capriccioso» және төрт виолончельге арналған «Сентименталь вальс» шығармасы көрерменге ұсынылды.
Бағдарламада «Қымбатты мекен туралы естелік» циклі орындалды. Онда солист ретінде мамандандырылған музыкалық мектептердің дарынды жастары өнер көрсетті. Ансамбль мақсаттарының бірі – музыканттардың жаңа буынын тәрбиелеу. Осы мақсатта «Қазақстан Камератасы» жыл сайын жас музыканттарға қолдау ретінде ондаған абонементтік концерт ұйымдастырады.