Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Несіпбек Айтұлы: «Латын әліпбиіне көшу – ой және рухани еркіндігімізді серпілтеді»

Бүгін республика бойынша «ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ДИКТАНТ» болды. Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ әліпбиін практикалық тұрғыда меңгеруге дағдыландыру.

Диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және «Қазақ радиосы» үнжарияларының тікелей эфирінде мәтін аудиосын тыңдап жазды. Бұл шараға байланысты Қазақ радиосының эфиріне ақын Несіпбек Айтұлы сұхбат берді. 

Ақын, жазушылар жаңа өзгеріске қалай баға береді? 

– Латын әліпбиіне көшеміз деген күнен бастап ақын - жазушылар пікірі екіге жарылды. Бірі қолдады, енді бірі қарсылық білдірді. Осы күнге дейін басылған қазыналардың бәрі кириллицада қалып қоятын болса одан қол үзіп қаламыз ба деген алаңдаушылық болды. Кітаптарды қайта басып шығару әрине қиындықтар тудырады. Бірақ, қалайда көшу керек. Көшу – біздің ой және рухани еркіндігімізді серпілтеді. Жалпы тәуелсіздігімізді нығайтуға да ықпал етеді. Әлемдік қарым-қатынасқа кіру жағынан да аса қажет.  

Қолжазбаларыңызды латын әліпбиімен жайлап жазып жүрсіз бе? 

– Жайлап жаза бастаймын. Ол аса қиындыққа түспес. Көшедегі латын әліпбиімен жазылған жазуларды ептеп оқып, тани бастадым. Көп әріптер көзге таныс. Латын әліпбиіне көшу – халқымызға қиын соқпас деп ойламаймын. 1929 жылдары төте жазудан латынға көшкенбіз. Сол кезде де халық тез үйреніп кеткен.  

Латын әліпбиін насихаттауда ақын-жазушылар не істеуі керек? 

– Мұны насихатату үшін балаларға арналған тақпақтар, өлең-жырлар осы бастан латын әліпбиімен жазылуы керек. Кезінде әліпбиге қатысты қаншама өлеңдер шықты. Кешегі Жақан Сымақов, Әсет Найманбаевтың, Қыдар Мырза-Әлінің әліпби тақырыбында жазған өлеңдері болды. Бірақ оны айтып, арнайы жаздыру да керек. 

Жаңа латын әліпбиімен алғашқы көркем 10 әдеби туындыны баспадан басып шығарамыз десек, сол онның тізіміне қандай шығармаларды ұсынар едіңіз? 

– Біздің әдебиетіміз өте бай. Абайдың өлеңдерінен бастау керек деп ойлаймын. Үлкен романдарды бірден басып шығарудың қажеті жоқ. Шағын шығармалар мен проза, әңгімелерден бастаған абзал. Әсіресе, балаларға арналған туындыларды алдымен шығарған дұрыс.