Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

«Мен қазақпын» мегажобасының түсірілімі басталды

«Мен қазақпын» мегажобасының түсірілімі басталды

«Мен қазақпын» халықаралық байқауының жалпы іріктеу кезеңі аяқталып, телевизиялық нұсқасының түсірілімі басталды.  

 

Осымен екінші жыл қатарынан өткізілетін мегажобаның негізгі мақсаты - қазақтың дәстүрлі ән, терме айту, күй тарту өнерін насихаттау және дәстүрлі өнер жанашырларының мәртебесін көтеру.  

 

Байқаудың тағы бір ерекшелігі - қатысушылар заманауи немесе авторлық шығармаларды емес, дәстүрлі халық ән, күй, термелерін орындайды. Сол арқылы ұйымдастырушылар ұмыт болған ұлттық өнерді жарыққа шығаруды мақсат етіп отыр.   




Жалпы іріктеу кезеңінен 49 қатысушы телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Оның ішінде Моңғолиядан - 3, Ресейден - 2, Жапониядан - 1 қатысушы, қалғаны өз елімізден. Бүгінгі түсірілімнен 32 үміткер келесі кезеңге жолдама алады. 

 

«Жобаға қатысушылар мен қатысқысы келетін ұлттық өнерді ұлықтаушылардың саны жыл санап артуда. Былтыр аталған жобаға қатысуға 700 өтініш түссе, биыл 2 мыңнан аса өтініш қабылданды. Іріктеу кезеңі белгілі жүйе бойынша ауыл, аудан, облыс, ал одан шыққандар республикалық телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Одан бөлек, халықаралық іріктеу болды. Қатысушылардың санымен қатар, сапасы да жоғары деп айтуға болады. Бұл - әділқазылардың сөзі», - дейді «Мен қазақпын» жобасының авторы және бас продюсері Қуаныш Сүлейменов.  




Байқауда 18 бен 40 жас аралығындағы дәстүрлі әнші, күйші, термешілер бақ сынауда. Қазылар алқасы құрамында мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков бастаған басқа да өнер майталмандары бар. «Эстрадалық ән айту өнері шарықтап тұрған кезде дәстүрлі әнмен таңғалдыру қиын. Оның өзінің тыңдармандары мен сыншылары бар. Моңғолиядан іріктеу кезеңіне жалпы саны 50-ден аса үміткер қатысты, соның ішінен 3 адам республикалық түсірілімге жолдама алды. Мен дәстүрлі ән айту аталымы бойынша қатысып жатырмын. Бүгін Салғараның «Жиырма бес» әнін орындадым. Әділқазылар жақсы пікірде болды, қандай баға беретінін уақыт көрсетеді»,-дейді Моңғолиядан келген қатысушы Қадыхан Манайұлы.  

 

«Мен қазақпын» мега жобасының финалы желтоқсан айында, Астанада болады.