Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Тұғыры биік тұлға еді...

Тұғыры биік тұлға еді...

Қазақ әдебиетінің қара нары, қазақ журналистикасының жампозы, шындықтың шырақшысы. Дәл осы теңеулерді бір бойына сыйғызған ұлы тұлға Шерхан Мұртаза да дүниеден озды. Кеңестік жүйенің кеңеспей кесетін сұрқия саясатынан сескенбей, ұлт мүддесін түгендеп, халқының қалауын айта білген тау тұлға 86 жасында бақилық болды. Жалағай шалалықты жасырмайтын, баянсыз беделге бас ұрмайтын қайраткердің бұл қазасы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырып отыр.

Жаратушы әр адамға Абайша айтқанда «соқтықпалы, соқпақты өмір» сыйлаумен қатар, қанымен біткен қайталанбас мінез де береді. Әке қанымен, ана сүтімен бойға дарып, болмысты айқындайтын осынау бір қасиет адаммен бірге өмір сүреді. Тумысынан қайратты, арқасына атан түйенің жүгін артса да ауырсынуды білмейтін, көптің қамын ойлап, көлгірсіп сөйлеуге көнбейтін Шерхан Мұртазаның да өз ортасында беделін белгілеп, тұлғалық қалпын қалап берген қасиеті бар. Ол қасиет ақиқатты айту, елді сүю, туған ұлтының ұлы болу.

Халқын сүйген қаламгерді кезінде халқы қалап, Парламент төрінен орын берді. Ел тағдыры таразыға түскен қысталаң жылдарда Шерағаңның айбары талайларды тәубесіне келтіріп еді. Жақсының өткенінен қалған бір белгі осы.

Қилы заманның қиындығын көп көрсе де, жалған атақ пен жағымпаздыққа бой алдырмаған жазушының шығармалары бүгінгі буынның шамшырағы іспетті. «Ай мен Айшаны» астастырып, «Тұрар-Қызыл жебені» халқымен қайта қауыштырып, «Қара маржанды» қазынаға айналдырған Шер-аға «Бір кем дүниені» келер ұрпақ түгендесе деп еді.

Жетімдік жүрекке жазылмас жара салғанымен Шер-аға жетімдіктен жетілді. Журналистен жазушылыққа, азаматтықтан абыздыққа көтерілді. Ол осылайша ұлт тағдыры мен тарихында өз қолтаңбасын қалдырды. Шерхан шын мен шыңның, шер мен тердің өлшемі.

Алаштың айбынды тағы бір ұлы қара жерден мәңгілік қоныс тапты. Алайда, Шерағаңның артында ел ұмытпас аты, қағазға түскен хаты қалды.

«Қазақ радиолары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы Шерхан Мұртазаның туыс-туғандарына, жалпы қазақ халқына көңіл айтады. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннатта болсын.

Қазақ әдебиетінің қара нары Шерхан Мұртазаның дауысын «Дәуір үні» хабарының аудионұсқасынан тыңдай аласыздар.