Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ұлы тұлғалар туған күн

Ұлы тұлғалар туған күн

Қазақтың сан ғасырлық тарихында ел мен жер жолында өлшеусіз еңбек етіп, тарих бетіне «тайға таңба басқандай» айқын ізін қалдырып кеткен біртуар азаматтар аз болмады. Осындай, еліне елеулі асыл жандардың бірқатары 15 қазанда дүниеге келген.

Бүгін қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфулин (1894-1938) туған. Иісі қазаққа әнімен де, сәнімен де әйгілі болған алаштың аяулы ақыны 44 жылдық өмірінде ұлт үшін мол еңбек сіңірді.


Сәкеннің жан-жақты білім алуы, азаматтық-әлеуметтік көзқарастарының қалыптасуы, шығармашылық қадамының басталуы оның 1908-1913 жылдары Ақмолада приходская мектебінде, қалалық училищеде, 1913-1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған жылдарымен тығыз байланысты. Тырнақ алды адымын Нілді зауытында қалжың өлең жазудан бастаған жас дарын қазақ фольклорын, Абай шығармаларын, орыс, Еуропа әдебиеттері классикасын игеруге талаптанды. «Айқап» журналына хабар, сын, мақала, бірнеше өлең бастырады. 1914 жылы 20 жастағы семинарист Сәкен Сейфуллиннің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шықты.

Сәкен қарбалас, аласапыран күндері тынышталып, бейбіт өмір арнасына түскен уақытта негізгі өмірлік мұраты қаламгерлік екенін әбден ұғынды. Барлық қайрат-күшті, талант-дарын, жігерді көркем сөзбен туған халқына қызмет етуге жұмсайды. Оның қаламынан туған «Асау тұлпар» (1922), «Домбыра» (1924), «Экспресс»(1926), «Тұрмыс толқындары» (1928), «Көкшетау» (1929), «Альбатрос» (1933) , «Қызыл ат» (1933), «Социалистан» (1927), «Жер қазғандар» (1917), «Қызыл сұңқарлар» (1920) сынды драмалар туды. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933), «Қазақ әдебиеті» (1932) зерттеу еңбектері – қазақ фольклоры мен әдебиетінің көп материалдарын жүйелеп, озық әдебиеттану принциптері негізінде жазылған, танымдық-тәрбиелік мәні жоғары туындылар. Сазгер ретінде Сәкен Сейфуллин қазақтың жаңа музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты. Ал, 1936 жылы қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Сәкен Сейфуллиннің әдеби қызметінің 20 жылдығы тойланып, әлеуметтік ерекше қызметі ескеріліп, оған Еңбек Қызыл Ту ордені берілді. Сталиннің жеке басына табыну кеселінен жазықсыз жалаға – репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 26 ақпанда мерт болды. Әкесі Сейфолла репрессияға ұшырады.

Сонымен қатар, дәл осы күні Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарасты Қоңыр ауылында жазушы, аудармашы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Қазақстан жазушылар одағының М. Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Сайын Мұратбеков (1936-2007) дүниеге келді.


Сайын Мұратбеков 1957-1963 жылдары ҚазМУ-де сырттай оқыды, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірді. Ал, 1954-1962 жылдары туған ауылында колхозшы, мұғалім, аудандық, облыстық газеттердің әдеби қызметкері, 1962-1972 жылдары «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, 1972-1977 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызметкер, 1977-1980 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984-1986 жылдары «Жазушы» баспасының директоры, 1988-1991 жылдары ҚЖО-ның екінші хатшысы болды.

Сондай-ақ, ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев 1905 жылы 15 қазанда қазіргі Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында дүниеге келді.


Ақын 1929 жылы Астрахань кеңестік партия мектебін бітіріп, 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған. Еңбек жолын 1934-1936 жылдары «Түрксіб» газетінде редактор болып бастап, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарды. Сонымен қатар, 1942-1947 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысты. Соғыстан кейін 1947-1953 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры болды.

Әдебиетке 1930 жылдардың орта тұсында келді. «Еділ толқыны» (1937), «Жүрек сыйы» (1938), «Ант» (1939), «Ақша бұлт» (1947) жыр жинақтары оның ақындық қарымын танытса, «Туған өлке» (1948), «Махаббат жыры» (1949), «Отан таңы» атты кітаптары Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы еңбек қаһармандарының бейнесін жасауға арналған. Оның прозалық шығармаларының ішінде Каспий теңізшілерінің қазіргі еңбегіне, өміріне арналған «Теңіз әуендері» (1969) романының орны ерекше болса, «Толқында туғандар» (1953) кітабында байырғы қазақ балықшы-жұмысшыларының ауыр тіршілігін шыншылдықпен бейнелейді.

Суреттер әлеуметтік желіден алынды.