Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Нью-Йоркте қазақстандық өнер тобының көрмесі ашылды

Нью-Йоркте қазақстандық өнер тобының көрмесі ашылды

Нью-Йоркте «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында 14 қазан – 30 қараша аралығында «Қызыл трактор» өнер тобының «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» ретроспективті көрмесі өткізіліп жатыр. Бұл — «Фокус Қазақстан» жобасының және ACAW Азия заманауи өнер апталығының бір шарасы деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Ресми сайты.

Көрмеде «Қызыл трактор» қазақстандық өнер тобының үш жүзге жуық экспонаты қойылған: көркем сурет, графика, монументті мүсіндік жұмыстар, кеңістіктік нысандар, инсталляциялар, перформанстардың мұрағаттық суреттері және бейнелері. Көрменің салтанатты ашылуы күні, 14 қазанда, «Қызыл трактор» «Тазарту» атты өзінің танымал перформанстарының бірін ұсынды. 

Айта кеткен жөн, Қазақстанның арт-сахнасында 90 жылдардың басынан бері белсенді еңбек етіп жүрген «Қызыл трактор» қатысушылары — трансавангард қозғалысының негізін салушылар. Топты кеңістіктік құрылымдық композиция мектебінің оқытушысы және жолын қуушы Виталий Симаков құрған. Топ құрылған уақыттан бері атауын бірнеше рет өзгерткен: «СаА тобы», «Шымкент — Трансавангард», «Си құрылымдық мектебі». 1995 жылы Молдақұл Нарымбетовтың ұсынысымен «Қызыл трактор» атауы берілді. Автордың түпкі ойына сәйкес, бұл топ әлемді шарлауы тиіс. 

Топтың мүшелері, әрқайсысының дербес шығармашылық жолының болуына қарамастан, «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» көрмесіндегідей жиі бірігіп тұрады. Өз кезегінде, көрме әртүрлі кезеңдердегі әрбір суретшінің жеке шығармашылығын қарастырып, олардың жұмыстарының тоғыспалы байланыстары мен жаңа мазмұнын жасайды.


«Қызыл трактор» топ тәжірибесінде аймақтағы болып жатқан әлеуметтік және саяси өзгерістермен тығыз байланыста болатын көшпелілер, сопылық, шаманистік философияларды қайта ойластырып, пайдаланатынымен белгілі. Көшпелілердің тұрақты қозғалысы, 90-шы жылдардағы танымал нарратив, сондай-ақ, табиғи материалдардың – ағаш, жүн, киіз, тоқыманың қасиеттілігі қолдан жасалған шаң-қобыз, домбыра және барабан секілді халық аспаптарын пайдалаумен тең дәрежеде топтың перформанстарында жиі кездеседі.


Экспозицияның орталығында — суретші, ақын, философ және «Қызыл трактор» тобының басты тұлғасы М. Нарымбетовтың кескіндемесі қойылған. М. Нарымбетовтың көрмеге қойылған шығармаларын Еуразиялық мәдени альянс қамтамасыз етті және жүздеген басқа экспонаттар суретшілердің өздерінің шеберханаларынан, Қазақстан мен Орталық Азиядағы музейлер мен жеке коллекциялардан жиналды.


Көрменің «Ойлар жинағы: Ойдағы оқиғалар» атауы көрме кураторы Лиза Ахмадидің шығарма желісіне қатысты, ол суретшіні көркемөнер нарығынан тыс бірінші коллекция жиюшы деп атайды, бұл сонымен қатар 2018 жылғы Азия заманауи өнер апталығының негізгі тұжырымдамасы болып табылады. 

Азия заманауи өнер апталығы (ACAW) — кең ауқымды эксперименталдық көрмелерді, инновациялық жобаларды және түрлі диалогтарды көрсету үшін нью-йорктық және азиялық жетекші көркемөнер институцияларын, музейлер мен галереяларды біріктіретін серпінді кураторлық және білім беру алаңы.

«Фокус Қазақстан» жобасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі ұйымдастыруда. Жоба жетекшісі — Л. Кочетов, жоба кураторы — Р. Әбенова. Көрме кураторының көмекшісі — Влад Слудский. Топ мүшелері: Молдақұл Нарымбетов (1948–2012), Виталий Симаков, Абилсаид Атабеков, Смайыл Баялиев, Арыстанбек Шалбаев.