Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Мұзафар Әлімбаев

Мұзафар Әлімбаев

Ана тілі

Ананың құнар сүті ғой,

Ғұмыр бойы сен еметін.

Ана тілі

Халқыңның ырыс-құты ғой,

Игілігіңе кенелетін.

Осылайша ана тілдің мәртебесін ұлықтап, ұлт руханиятына өзіндік үлесін қосқан қазақтың көрнекті ақыны Мұзафар Әлімбаев дүниеге келген күн бүгін.  

Мұзафар Әлімбаев – 1923 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауданы Маралды ауылында туған, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі (1965), ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері (1978), Қазақстанның халық жазушысы (1994), Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері (1996). 

Ақын 1948-1958 жылдары «Пионер» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1958-1986 жылдары «Балдырған» журналының бас редакторы болды. Алғашқы жинағы «Қарағанды жырлары» 1952 жылы жарық көрді. Оның «Құрбыма» (1945), «Лирика» (1958), «Менің Қазақстаным» (1960), «Жүрек лүпілі» (1967), «Аспандағы әпке» (1984) т.б. жыр кітаптары нәзік лиризм мен азаматтық әуенге толы болып келеді. Мұзафар Әлімбаевтың 300-дей өлеңіне ән жазылған.  

Көрнекті тұлға қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым» (1953), «Отпен ойнама» (1959), «Шынықсаң – шымыр боларсың» (1977), «Аспандағы әпке» (1984) т.б. кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болып саналады. Сонымен қатар, мақал-мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтардың мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де жүйелі айналысты. Сын және зерттеу саласында бірнеше еңбектер жариялап, әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударған. Ол қазақ тіліне тәржімалаған В.Маяковский, Ю.Тувим, С.Михалков, А. Барто, Қ. Мұхаммади, А. Қыдыров, М. Сингаевский, Т. Махмуд, С. Баруздин, т.б. өлеңдерін кішкентай оқырмандар сүйіп оқиды.

Ақынның өлеңдері әлемнің 38 тіліне аударылған. Мұзафар Әлімбаев жас буынға арнап көркем шығарма жазумен ғана шектелмеді. Ол қазақ балалар әдебиетіне толассыз кадр тәрбиелеген «Балдырған» журналын өз қолымен ұйымдастырып, ширек ғасыр үлгілі басшылық жасады. «Балдырған» балалар әдебиеті үшін оқушы мен жазушы арасындағы алтын көпір іспетті болғанын айтуымыз керек. Аталмыш журнал арқылы М. Әлімбаев кішкентай оқушыны ұлағатты сөзге тәрбиелеп қойған жоқ, оларға шынайы көркем шығарма сыйлайтын жас таланттар тәрбиешісіне де айналдыра білді. Балалар әдебиетінің көптеген өкілдері әдебиетке келу жолында өздеріне ақын Мұзафар Әлімбаевтың шапағаты тигенін мақтанышпен баяндайды. Жетекші дарынның сондай бір қызық мінезі – жас талаптың тұсауын кесумен шектелмей, оның шығармашылық жолын ұдайы қадағалап, бет алысын бақылап, сын мақала жазып, бағдар сілтеп отыратын жақсы қасиеті болған. Ақынның Қ. Ыдырысов, М. Жаманбалинов, Қ. Мырза Әлі, Ж. Смақов, Ә. Дүйсенбиев, Қ. Баянбаев, Е. Өтетілеуов, Е. Елубаев, С. Оспанов, т.б. іні-қаламгер жөніндегі мақалалары осындай тәрбиелік мәнге ие.  

Көрнекті тұлға Ұлы Отан соғысының бірінші және екінші дәрежелі ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Отан» орденімен марапатталған.