Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Канн кинофестивалінде топ жарған қазақ

Канн кинофестивалінде топ жарған қазақ

Өркенбек Бейсенбайұлы – Қытайда тұратын қандасымыз, кино өнерінде өзінің айқын қолтаңбасын қалдыруға талаптанып жүрген талантты жас режиссер, сценарист, актер. 1993 жылы Қытайдың Санжы облысында өмірге келген. Ол түсірген «Құтқару» фильмі 2018 жылы Канн халықаралық кинофестивалінде «Үздік микрофильм» номинациясы бойынша марапатталған. 2016 жылы Лу Вэньцинмен бірге «Бейжің фантастикалық кинофильмдер» компаниясын құрды. Компанияның негізгі жұмысы киноматографиялық салаға ден қоя отырып, жоғары сападағы фильмдер шығару және сценарий жазып дайындау. Өркенбек Бейсенбайұлымен Пекиндегі орталық ұлттар радиосы Қазақ редакциясының тілшісі Жанар Мәденқызы сұхбаттасқан екен.

Өркенбек Бейсенбайұлы:  

– Туған ағам Толқынбек 2000 жылы «Қара жорға» әнін нақышына келтіре орындап, Қытай елінде исі қазаққа танылған болатын. Өнерге жақын, талантты жан еді. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген, ағам аяқасты жол апатынан қайтыс болды. Ол кісі менің кино саласына, жалпы өнерге келуіме ықпал жасаған бірден-бір адам.

– Бала күніміз әлі есімде, үйде бір кішкене теледидар бар еді, ол ағамның жеке меншігінде болатын, қай арнаға ауыстырса да, қай кезде өшірсе де өзі білетін. Сондықтан ағам не көрсе, мен де соны қосыла көретінмін. Бала күндегі қызығушылықтың жетегімен өсе келе мен де кино саласына қызыға бастадым. Түрлі фильмді бар ынта-пейіліммен көретін болдым. Киноны көп көрген сайын қызығушылығым арта түсті. Әсіресе, шытырман, детектив, тарихи киноларға жиі назар аударатынмын. Бір киноны қайталай көріп, тереңіне үңіліп, жете мән бере бастадым.

– Өнерді сүю, оған қызығу – бір ғанибет. Арманымды шындыққа айналдыру үшін Пекин орталық театр институтына емтихан тапсырамын деп шештім. Басында шешімімді үйдегілер құптамады. Сол кездері ұдайы ой үстінде жүрдім. Ата-анамның мен үшін барлық қиындықтарды өз мойнындарына алғандарын көріп, сондай-ақ жастай өмірден озған ағамды ойлап, кино саласын бағындыру деген арманыма табан тіреп тұра алмадым. Осылайша, жүрек қалауымнан уақытша бас тартуға мәжбүр болдым. Деседе, арман гүлін еккен соң одан қалай қол үзуге болсын?! Бәлкім, бір мезет атүсті қарап, жөнді баптамауымыз мүмкін. Бәлкім, оның да солып қалатын кездері болар, әйтседе, қайта айналып суарғанымызда оның гүлдеп, қауашақ жармауына кім кепіл? Бірде іштей қиналған жайымды сезген анашым былай деді: «Бек-ау (үйде осылай атаушы еді), оқуыңа тапсыр, кейін «әттең-ай» деп опық жеп қалма, балам! Егер ағаң тірі болса сенің бұл ойыңды құптаушы еді. Әрине, мен де саған сенемін»,- деді. Баласының арманын орта жолда үзіп тастауды қаламаған аяулы анам осылайша жүрегіме сенім ұялатты.

– Сол күндер жадымда мәңгі сақтаулы, қалтамдағы екі-ақ жүз юанмен (10 мың теңге) жалғыз өзім үлкен қаладағы сергелдең өмірімді бастап кеттім. Университеттегі оқыған мамандығым драмарежиссері. Алайда, қалауым – кинорежиссер саласы болатын. Сондықтан менің драмалық шығармаларымда киноның элементтері қатар жүретін. Алғашында драма жанрын негіз еткен салада менің туындыларым көпшіліктің көңіне қона қоймады. Бірақ оған бола көңілімді түсірмедім. Керісінше, сол күндеріме ризамын, өйткені жинаған тәжірибем бүгінгі жетістігіме жетер баспалдақ болды.

– Жаңа айтып өткенімдей, басты арманым кинорежиссер атану еді. Сол себепті Театр институтын бітірген соң Пекин киноматография академиясында кинорежиссер және кино әртісі мамандығы бойынша білімімді жалғастырдым. Бірақ, теориялық дәрістерді тыңдағым келмеді, тек, практикасын көргім келді. Теориялық сабақ мені соншалықты алға ілгерлетпейтінін аңғардым. Сонымен оқу басталысымен киноға қатысты шығармашылығыммен қоса айналыса бастадым, түрлі жобаларға қатыстым, әрбір күнім тынымсыз еңбекпен өтті.

– Университет қабырғасында жүрген кезде «Тораңғы уәдесі» (胡杨的约定) атты кинода жанама кейіпкердің рөлін сомдадым. Бұл – менің әртістік сапарымдағы ең алғашқы қадамым еді. Екінші курста өзім басты рөлді сомдаған «Құтқару » (拯救) фильмім өмірімдегі ең сәтті туындым болды. Көрермендердің көзайымына айналды. Кейін оны толық фильм етіп түсірдім. Бұл Босния-Герцеговина соғысы желісінде түсірілген. Түсірілім барысында көптеген қиындықтарға тап болдық. Әсіресе, қаржы жағында тұйыққа тірелдім. Бірақ айналамдағы өнерді бағалайтын, мені қолдайтын, тілектес жақындарымның арқасында 700 мың юан ақшаның басын құрдық. Университет басшылығының қолдауымен осы фильмге Боснияның әйгілі кино әртістерін шақыра алдық. Әсіресе, факультет меңгерушісі Уаң Рүй ұстазымыз барлық жақтан бізге үлкен қолдау көрсетті.

– «Өнерліге өріс кең» дегендей, бір жылдан бергі еңбегіміздің нәтижесі - Қытайдың іші-сыртындағы түрлі кино фестивальдерінде алған жүлделеріміз болды. 2017 жылы Ванкувердегі кинофестивалінде «Ең үздік фильм» марапатына ие болдық. 2017 жылдың желтоқсан айында өткен 8-ші Қытай халықаралық «Жаңа медиа» микрофильмдер фестивалінде жүлделі орынға ие болдық. 2018 жылы халықаралық Канн кинофестивалінде үздің микрофильмнің бірі атандық. «Еңбегі бардың өнбегі» болады емес пе, үздіксіз құлшыныстың арқасында бірте-бірте кино саласын бағындыра бастадық. Әрине, қысқа уақытта осындай табысқа жетемін деп еш ойлаған жоқпын. Қанша айытқанмен, бұл мен режисссерлік еткен алғашқы фильм. Бұл тырнақ алды туындым көптеген табыстарға қол жеткізуіме негіз болды. Өткен жылы Қытай-Корея кинофестивалінде жоғарғы дәрежелі марапатқа ие болдық. Мені іле Корея еліне барып тәжірибе алмастыруға шақырды. Кореялық әйгілі режиссер Жияң Дигүй бір әңгімесінде: «Сенің туындыларың керемет. Фильмдеріңді көріп, тәжірибелі, жасы егде режиссердің фильмі болар деп ойлаппын. Талантың да, талабың да бар жас екенсің»,- деп құрмет көрсетті.


– Кино саласында маған ең алғаш назар аударған «Тасқа таласу» (疯狂的石头) атты киноның режиссеры Ниң Хау деген ұстазым болды. Сондықтан Ниң хау мырзаның компаниясымен келісім-шатқа қол қойып, «72 құбылу» атты жаңа режиссерлік жобасына қатыстым. Бұл жоба әлемдік деңгейдегі күрделі туынды болғандықтан, режиссерлердің талантын сынайтын, білімін шыңдайтын жоба болмақ.


– Жақында алғашқы мемлекеттік деңгейдегі фильмімді түсіруге кірісемін. Ол - 12 сериалы «Ғаламтор» фильмі. Бұл жобаға белгілі режиссер Убаймен бірлікте режиссерлік етемін. Жаңа туынды бұйыртса, келер жылдың басында Қытайдың «Хунан» және «Жыжияң» телеарналарында көрсетілетін болады. Осы телесериалды түсіруді аяқтай салысымен жеке жаңа кино түсіруге кіріссем деп отырмын.


– Биыл менің Пекиндегі жетінші жылым: Бұл қаладан өмір бағдарымды таптым. Бұл қаладан сенімді серіктестерімді таптым. Мен бұл қаладан қиындықта қасымда бірге болған достарымды, нағыз бауырларымды таптым. Мен бұл қаладан мені қорғауға, әрқашан қолдауға дайын жанашыр-жақындарымды таптым. Мен бұл қаладан арманымды таптым... Осының бәріне мың алғыс!

– «Мақтағанға дандайсып артта қалма» деген дана халқымыз. Менің әлі «білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз». Сол үшін жалғасты құлшынамын, ізденемін, алғашқы мақсатымды есіме берік сақтап, болашаққа үмітпен көз тастаймын. Өнерімнен бөлек, қоғамдық, тұлғалық тағылымдар, сан алуан тәжірибелер маған ауадай қажет. Тынбай еңбектеніп, тіпті де тартымды, сүйсіне қарайтын фильмдеріммен көрермендерімді қуантамын деп сенемін.





Дерек көз: Jebeu