Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Astana Club: Еуразиядағы жаһандық сын-қатерлер

Astana Club: Еуразиядағы жаһандық сын-қатерлер

Әр күннің басты жаңалығын сараптайтын Қазақ радиосындағы «Өз сөзім» хабарының кезекті саны «Астана клубы» тақырыбына арналды.

«Президенттің қатысуымен «Астана клубының» жалпы отырысы басталды. Бұл басқосуды көбіне экс-саясаткерлердің жаһандық мәселені бірге талдайтын ортасы деуге болады. Яғни, жыл сайын өтетін Астана экономикалық форумына форматы жағынан өте ұқсас. Шараға әлемнің 30 елінен экс-президенттер мен премьер-министрлер, бұрынғы сыртқы істер министрлері, Нобель сыйлығының лауреаты, геосаясат жөніндегі әлемдік шығармалардың авторлары сияқты 50-ге жуық спикер қатысуда. 

Спикерлер қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, Ауғанстан экс-президенті Хамид Қарзай, МАГАТЭ-нің бас директоры және Мысыр елінің вице-президенті болған Мұхаммед Әл-Барадеи, Түркия премьер-министрі болған Ахмет Дауытоғлы, Пәкістанның премьер-министрі қызметін атқарған Шаукат Азиз және басқа да белгілі тұлғалар бар. Әрине, қалғандарының көпшілігі лауазымды қызметте бұрын болғандар. 

Бұл жолғы халықаралық шараның алғашқы күнінде сарапшылар жаһандық экономикадағы өзгерістер мен адамзат алдына қойылған жаңа міндеттер туралы пікір алмасып, геосаясаттағы мәселелер мен сауалдардың шешімін талқылаған. Әрине, олар маман ретінде аталған тақырыптарды сан рет талдай беруіне болады. Бірақ қазіргі таңда сол халықаралық істерге олардың ықпалы өте аз. Себебі қызметтен кеткеннен кейін әлемдік саясаттағы процестерге әсер ету мүмкіндігі шектеледі. 

Клубтың кешегі отырысында көпшілікке «2019 жылы Еуразия үшін төніп тұрған әлемдік қауіптің рейтингі» халықаралық зерттеуі ұсынылған екен. Зерттеу жұмысына әлемнің беделді 30-дан астам сарапшылары мен саясаткерлері қатысқан. 60 елден 1000-нан астам кәсіби респондентке сауалнама жүргізілген. Сарапшылардың болжамына сәйкес Еуразия үшін төніп тұрған басты жаһандық қатерлер мыналар: Қытай мен АҚШ текетіресінің шиеленісуі, кең ауқымды сауда соғысы, Таяу Шығыстағы үлкен соғыс, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың одан ары нашарлауы, Еуразиядағы «шиеленіс ошақтарының» қайта жандануы; жікшілдік, этнос пен конфессияаралық шиеленістердің ушығуы, экологияға және су ресурстарына төнген қауіптердің ушығуы, киберқауіптердің күшеюі, жаппай қаруланудың жаңа кейпі, ірі ядролық және техногендік апаттар қаупі.

Негізі күнделікті саяси және халықаралық жаңалықтарды қарап отырған көзіқарақты оқырман да бұл қатерлердің болуы мүмкін екенін айта алады. Біріншіден, Қытай мен АҚШ арасындағы ашық текетірес Дональд Трамптың билікке келуінен басталды. Ол осы жылдан бастап Қытай және басқа елдерге баж салығын арттырды. Қытай да өз мүмкіндігіне сай жауап берді. Сондай-ақ, бұл процесс одан әрі жалғаса беруі мүмкін екенін түсіну қиын емес. 

Ал Ресей мен Батыс елдерінің арасы 2014 жылы Мәскеу Қырымды жаулап алып, Украинаның шығысында соғыс ашып, онда Ресей әскерін енгізуден бастап күрт ушығып кетті. Батыс наразылық ретінде санкциялар жариялады. Қырым кері қайтпай, санкция алынбайтын секілді. Яғни, бұл халықаралық даудың да әлі біразға созылатынын түсіну үшін кәсіби дипломат болу міндет емес. 

Таяу Шығыстағы үлкен соғыс. 2011 жылы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде «араб көктемі» толқыны басталды. Бұл наразылықтар толқыны Сириядағы, Йемендегі азаматтық соғысқа әкелді. Йеменде Сауд Арабиясы араб коалициясымен қанша жеңіске жетуге тырысса да, нәтиже шамалы. Жергілікті шийттерді Иран қолдап отыр. Ал Сирияда Башар Асад режимінің күні санаулы, ол Саддам Хусейн, Муамамр Каддафидан кейінгі НАТО-ның келесі құрбаны деп топшылап жатқандар аз емес. 

Бірақ іске Түркия, Ресей, Иранның араласуымен жағдай өзгерді. Қазір Башар Асад елінің 70 пайыз жерін бақылап отыр. Бірақ жерінде әлі біраз елдің әскері жүр. Меніңше, Таяу Шығыстатағы жаңа үлкен соғыс ашуға ешкімнің батылы жете қоймас. Неге? ЕуроОдақ жаңа соғыс ашып, өз жерінде Таяу Шығыстан қашып келген жаңа мигранттар толқынын қабылдағысы келмейді. АҚШ Ауғанстан мен Ирактан аузы күйді, Конгресс енді ешбір президентке жаңа соғыс кампаниясын бастауға рұқсат бермес. Қытай бұл аймақта соғыс ашуына негіз жоқ. Ресей онсызда экономикалық санкциядан тығырыққа тірелді, Иран Американың жаңа экономикалық блокадасынан табысы азайып келеді. Ал соғыс ол аяқталуы қиын, құны өте қымбат, ресурсты өте көп талап ететін процесс. Сондықтан Таяу Шығыста үлкен соғыс ашылады деген болжам негізсіздеу.   

Президент Назарбаев та Astana Club отырысында әлемдік державалардың қайтып жаппай қарулануы мен әскери конфронтацияның қаупі жайлы өз пікірін білдіріпті. Естеріңізде болса, АҚШ президенті Дональд Трамп жақында 1987 жылы КСРО-мен жасалған орта және шағын қашықтықтағы зымырандарды жою келісімінен шығатынын мәлімдеді. Егер бұл, шынымен, солай бола қалса, онда Америка мен Ресей арасында жаңа қару – жарақ жарысы басталуы мүмкін деген ойлар айтылды. 

Енді ірі дағдарыстардың болуы әбден мүмкін. Ірі шиеленістердің пайда болуын тудыратын жағдайлар да көбейіп жатыр. Зымырандарды жою бойынша жасалған келіссөздердің жағдайы қиындап барады. Енді стратегиялық шабуылды қаруландыруды қысқарту туралы келісімшартты ұзарту мәселесі бар. Ол заңның күші 2021 жылға дейін. «Әлемдік державалар қайтып жаппай қарулануы мүмкін, адамзат өздерінің балаларының болашағы үшін және бүгінгі күні үшін уайымдап жатыр»,-деді Мемлекет басшысы.

Ия, АҚШ, Ресей, Қытайдағы билікке түрлі көзқарастағы басшылардың келуі осы үш ел арасындағы қатынасты күрделендіріп жіберді. Әсіресе, Вашингтон мен Мәскеу арасы. Ол, жоғарыда айтқандай, 2014 жылы жаңа фазаға шықты. Ал Трамп кезінде Ресейден көмек алды деген айыптан басын алып қашу үшін Мәскеуге уақыт өткен сайын жаңа санкциялар жариялап жатыр. Ал енді бұл текетірес неге әкеліп соғатыны белгісіз. Тек қарулы қақтығысқа бара қоймас деген ойдамын. Себебі олай бола қалған жағдайда, оның соңын болжау да қиын болады»,- деді сараптама авторы Нұрмұхамед Байғара.


«Өз сөзім» хабары әр аптаның дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері сағат 20:00-де Қазақ радиосынан беріледі.