Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Түбі бір түркі әлемі

Түбі бір түркі әлемі

Әлемнің шартарабына шашырай қоныстанған түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне күн сайын қызығушылық артып келеді. Қаншама ғасырды артқа тастаса да көненің көмбесінде жатқан құпиясы күннен-күнге ашыла түспек.

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұнды мақаласы түбі бір түркіден тараған қазақтың төл тарихын тамырынан терең танып-білуімізге тағы да түрткі болғанын атап айтуымыз керек.

Саналы ғұмырын түркі әлемін зерттеуге арнаған бірден-бір ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Түркітану-алтайтану орталығының директоры, доктор, профессор, түрколог Қаржаубай Сартқожаұлы – «Түркі әлемі» хабарының бүгінгі қонағы.


- Түркі әлемі деген өте кең ұғым. Түркі әлеміне қызығушылық танытқан азаматтар басты назарда нені ұстайды? Жалпы, түркі халықтары мекен еткен территория жайлы айтып беріңізші.

- Түркі әлемі дегенді халықымыз кейде дұрыс түсіне алмайды. Түркілердің біздің заманға дейін 3000-4000 жыл бұрын жүріп өткен тарихы бар. Мұны кеңістік пен уақыт аясында қарастырған жөн. Халық болып даралануы қола дәуірінен басталады. Шығысы - Манжурия, батысы – Қара теңіз, Қырым түбегіне дейін, бір сөзбен айтқанда Шығыс Еуропа, оңтүстігі Памирден басталып, солтүстігі Якутияға дейінгі алып кеңістік. Бұл – түркі әлемінің өмір сүрген кеңістігі. 3000-4000 жыл өмір сүрген және осы күнге дейін өмір сүріп келе жатқан халықтың тұрғылықты мекені. Осы мекенде өмір сүріп жатқан халық түркі әлеміне жатады.

Ондағы үлкен-үлкен ұлттарды айтатын болсақ, тек түріктерден бөлек алты мемлекет: Әзірбайжан, Түрікменстан, Кипр түріктері, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан. Оның сыртында Ресейдің қол астында өмір сүріп жатқан Татарстан, Башқұрт, Сібірдегі түрік халықтары, жер атаулары сонау ғұн дәуіріндегі атауларымен аталып отырған жерлер бар. Байқалдың шығыс жағында пойыздың айналып өтетін жері бар. Осы жер қалай аталады десем, жергілікті халықтар «қолтық» деп атаймыз дейді. Тура дәл айтқан.

Ғұндардың тұрақты мекені болған, өркениетті жерді «Ибалык» деп атаған. Ғылыми түрде де атауы солай. Жергілікті халықтар «Ибілік» деп атайды екен. Көне түркі тілінде бұл атау «иб» деген «алқа-қотан» боп орналасуды атайды. Ал «лык», «лік» өзіміздің түрік тілінің жалғауы. Сонда бұл сөз тек түркі дәуірінен емес, ғұн дәуірінен солай аталған. Осы жерден Қара теңізге дейінгі жерлер түркі әлемінің өмір сүрген кеңістігі.

- Күлтегін заманы нені ұғындырады? Нені білуге тиіспіз?

- Күлтегін заманы дегеніміз – екінші Түрік қағанаты дәуірі. Оның алдында бірінші Түрік қағанаты бар. Бумын қаған бастаған, Істімі қаған алғашқы Түрік қағанатын басқарған. Сол алғашқы түрік қағанатымен байланысты тарихи ақпаратты Күлтегін ескерткішінің алғашқы 8 жолына енгізіп жіберген.

«Астымызда қара жер,

Үстімізде көк аспан.

Ортасында Түркі халқы

оның басшылары Бумын қаған, Істімі қаған, Иамы қағандар өмір сүрген» деп жазған. Сондағы Бумын қаған дегенді іздестірдім. Бірінші Түрік қағанатының басшысы Бумын. Біздің ғұн дәуірі деп айтып жүрген Ғұн империясын құрған Мау-Дун сол кісінің негізгі лауазымы «Бумын» екен. Күлтегін жазуына тереңдей берсең ғұн дәуіріне кетіп қаласың.

-Күлтегін дәуірі деген қандай дәуір?

-Түрік қағанаты орнады, артынан шетелдік саудагерлердің ықпалына түсіп кетті де салықты мол алды. Тұрғын халықтар түріктерге билік тарапынан қысым көрсетті. Сонымен 1-ші Түрік қағанаты құлайды. Одан кейін 50 жыл қытайдың қол астында болды. Осының арасында бірнеше рет тұрып қарсылық көрсетті. Егемендігін алу үшін шайқасты.

Екінші Түрік қағанатын құру оңай болған жоқ. Халықтар қытайдың қол астында болғаннан кейін тайпа-тайпа бөлініп ыдырап жүрген. Ортадан ынтымақ та кеткен. Қытайлар бір-біріне қарсы қойған. Бұл қырықтан астам тайпаның басын қосады. Тайпалық Одақ құрады. Хандық дәрежесіне көтеріле қоймаған, ұсақ рулардың басын қосқан тайпалық одақ болады. Осылармен біраз жағаласады. Сегіз оғыз, тоғыз оғыз басмыл тайпасы, қазіргі арғындардың атасы, қарлұқ тайпасы, түргеш үйсіндердің, дулаттардың атасы, Сырдария мен Амударияның бойындағы отыз оғыз сиықты тайпалардың басын қосып Одақ орнатады. Ол кезде 6 үлкен тайпалық одақ болыпты. Оны алты алаш деп атапты. Байқасақ, «алты алаш» деген ұғым сол кезден шығып отыр ғой. Осының арқасында Түрік қағанатын құрды да осыны Империя дәрежесіне жеткізді. Шығысында Мәнжурияны, солтүстүгіндегі тунгустарды, олардың бер жағындағы оңтүстік жағындағы моңғолдарды, таңғыт, тибеттерді, қырғыздар, Енисейдің барлығы сол қағанаттың қол астына кірді. Бұл деген оңай болған жоқ. Он жыл осымен жағаласып келіп, Құтылық қаған қайтыс болады. Одан кейін Қапаған қаған болды. Одан кейін талай қақтығыстар орын алды. Осының бәрін жөнге келтіріп, Білге қаған мен Күлтегіннің тұсында жағдай дұрысталады. Ең соңында Қапаған қағанның басын Оғыз тайпасы алып Қытайларға апарып береді. Осы кезде ел басшысыз қалады да, Қапағанның ұлы басшы болуды көздейді. Сол кезде Күлтегін оның қолынан тақты тартып алады. «Болды тоқтатыңдар, бәрін өзім жөндеймін» дейді. Сөйтіп 2000 басшының басын кесіп тастайды. Күлтегінге де оңай болған жоқ. Бұрынғы жүйедегі адамдарды құртпайынша, жөнделмейтінін білді. Ол осы жағына қатал кірісті. Оған ағасы Білге қаған «хан бол» дейді . Сонда Күлтегін, «жоқ, мен хан болмаймын. Қатал адаммын. Мен хан болсам, қолымды қанға маламын. Сен хан бол» дейді.

Хабарда «Үшінші Түркі қағанатының басында кімдер тұрды, Күлтегіннің тұсында қандай ерекшелік болды» деген сұрақтарға жауап таба аласыз.

Сұхбаттасқан Толқын Сұлтан