Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ерекше дауыс иесі – Ерік Құрманғалиев

Ерекше дауыс иесі – Ерік Құрманғалиев

Өнер алаңы хабарының кезекті саны өте сирек кездесетін контратенор сарынды қаздауысты опера әншісі Ерік Сәлімұлы Құрманғалиевке арналады. Е. Құрманғалиев тірі болса биыл 60 жасқа толар еді.

Әнші туралы КСРО және ҚР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова былай деген еді: «Ерік – қазақтың маңдайына сыймай кеткен әнші. Елден көп қолдау көре алмаған талант. Көп болмаса да, концерттерге келіп, әндерін шырқап жүрді. Мен оны шетелде гастрольде жүргенімде көрдім. Талантын өте жоғары бағаладым. Әлем мойындаған әйгілі әншінің елеусіз қалғаны жанға батады. Өйткені, ол санадан тез ұмытылып қалатын көп жұлдыздың бірі емес қой. Нағыз таланттардың өмірі жеңіл болмайды. Әлем танитын Ерік Құрманғалиев атану да – оған оңайлықпен келген жоқ». 

2014 жылы ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбомы жарық көрген еді. Содан бері 5 жыл өтіпті. Міне, әншінің 60 жылдығында Маржан Ершуді сұхбатқа шақырып, Ерік Құрманғалиевті тағы да еске түсіруді жөн көрдік. 

-Ерік Құрманғалиев Атырау облысы, Құласары ауданында дүниеге келген. Әкесі Сәлім хирург, анасы Меруерт педиатр болған. Бала шағында әкесінен айырылған Ерік орта мектеп оқуын Гурьев (қазіргі Атырау) қаласында бітірген. Жастайынан әнге құмар Ерік Алматыға арман қуып барған ғой. Әңгімені консерваторияға түскенінен бастасаңыз. 

- Иә. Ерік Құрманғалиев консерваторияның дайындық класына түседі. Сол кезде ректор Ғазиза Жұбанова екен. Абитурент баланы барлық өнер майталмандары тыңдайды, таң қалады, бірақ дауысының қандай дауысқа жататынын айыра алмайды, түсінбейді. Әйелдің дауысына тән биіктікпен ән салу қазақ өнерінде бұрын-соңды кездеспеген. Мамандар оған тосырқап, жақтырмай қарайды. Оның үстіне биік жіңішке дауысты ер әншінің аяқ астынан пайда болуы «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» керіндей болады. Бұл көзқарас жас жігітті мұңайтады, қамықтырады. Консерватория ректоры Ғазиза Ахметқызы жас жігіттің тым бөлек дауысын тыңдап жүріп, бір күні өзіне шақырып алады да: «Шырағым, сенің дауысыңмен жұмыс істейтін педагог бізде жоқ, мұнда дауысың өзгеріп кетеді, сен Мәскеу консерваториясына барып түс, сонда ғана бір кісі бар» деп кеңес береді. Сөйтіп жүргенде қолына Подольск қаласына бір жолдама тиеді. Ол кезде барғысы келген адам оқуға бара алмайтын кез екен. Орталық комитеттен таныстар арқылы тиген жолдама әншінің оқуы емес, хореографиялық училище яғни бишінің оқуы болып шығады. Не болса да тәуекел етіп, сол жаққа кетеді. Бірінші курсты бітіріп, кәсіби хореограф бола бастайды. Бірақ бойындағы зор дауыс жанына маза бермейді. Үнемі небір әндерді айтып жүргенін ұстазы байқап, ол Гнесиндер атындағы музыкалық институтының профессоры Н. Дорлиакқа: «Бізде бір қазақтың жігіті бар. Ол табиғатында биші емес, әнші. Тыңдап, бағыт-бағдар берсеңіз» деп хат жазады. Сонымен профессор Дорлиак тыңдап, ректорға «Ерік Құрманғалиев деген талантты бала. Институтқа қабылдаңызшы» деп хат жазады. 

Қабылдау емтиханында ол «Орлеан бикеші» ариясын орындайды. Қазақ баласының көкке шаншылған альт дауысы (контртенордан да биік ) тыңдаушыларды қиын да қызық халге түсіреді. Таңғалу! Тағы да таңғалу! Әр сынақтан қабылдау емтиханын тапсыру үш-төрт сағатқа созылса да, өнерпаз жастың жүзінде шаршау мен қобалжудың еш белгісі сезілмейді. Оған бейнебір аңызда айтылатындай сиқырлы қанат біткендей! Жігерлі! Шырқаған сайын қараторы көрікті келбеті нұрлана түсіп, жанған оттай ұшқын атқан үлкен қара көздері жан-жағына жалын шаша қарайды. Ол институтқа қабылданады. 

1988 жылы Бостон қаласында өткен кеңестік Музыка фестивалінде жергілікті басылымдар Ерік Құрманғалиевті ғаламат феномен деп аңызға айналған опера әнші Федора Барбиеримен салыстырған екен.

Қазақ даласы талай дарындар мен Жампоздарды дүниеге әкелген және әлі де таланттар шыға беретініне сенімдіміз. Кейде дер кезінде бағасын беріп, қадіріне жете бермейміз. Сөз соңында таланттарымызды бағалап, ұлылыларымызды уақытында ұлықтай берейік дегіміз келеді.

Толық ақпарат аудионұсқада.

Сұхбатты жүргізген Толқын Сұлтан