Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Дәурен Абаев: Антология – келешек ұрпақ үшін құнды жәдігер

Дәурен Абаев: Антология – келешек ұрпақ үшін құнды жәдігер

2019 жылдың 19 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының құрамына кіретін «Qazaq radiolary» ЖШС-нің «Дала фольклорының антологиясы» жинағының тұсаукесеріне байланысты брифинг өтті.

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Аманжол Әлтаев және «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали қатысты. 


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев:

Біз бүгін «Дала фольклорының антологиясы» деп аталатын ерекше жобаны сіздердің назарларыңызға ұсынғалы отырмыз. Бұл антология біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де өте құнды жәдігерге айналатыны белгілі. Жүз жылға жуық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған рухани мұрамызды жарыққа шығару да өте маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мақаласы осы екі томдық ауқымды жинақты шығаруға түрткі болды. Ең алдымен бұл жоба арқылы балаларымыздың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз. Ұлы даланың, Ұлы ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды. Өйткені біздің ертегілерімізде, батырлар жырында, аңыз-әфсаналарында тұтас бір ұлттың мұраты, бабалар аманаты, даланың кеңдігі, қазақтың дархан да жауынгер болмысы бейнеленген.   

«Дала фольклорының антологиясы» жинағының тағы бір ерекшелігі - бұл кітаптың ішіндегі арнайы дисклерге жинақталған әндер, алғашқы орындаушылардың үнімен түпнұсқа қалпында еніп отыр. Сондықтан бұл антология жан-жақты насихатталатын болады. Осындай құнды жәдігерлер, керемет рухани мұра «Алтын қорда» сақталып қана жатпай ұлт үшін, келешек ұрпақ мүддесі үшін қызмет етуі қажет. Осы мақсатта – «Алтын қор» деп аталатын арнайы сайт та құрылмақшы. Сол интернет портал арқылы, еліміздегі ғана емес, өзге мемлекеттерді мекендеп жатқан қалың қандастарымыз да, қазақ фальклорын зерттеп жүрген шетелдік мамандар да өзіне керек деректі алуға мүмкіндік болады. Осы антологияны құрастырған, үлкен еңбек еткен шығармашылық ұжымға, Қазақ радиосының басшылары мен қызмкеткерлеріне көп алғыс айтқым келеді, - деді.

Аталған жинаққа Қазақ радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.  

Сонымен қатар, жыл басынан бері Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосының эфирінен «Дала фольклорының антологиясы» атты арнайы бағдарлама тыңдарманға жол тартқан болатын. 

Халқымыздың өмірін бейнелейтін, қиял-ғажайып негізге құрылған құнды шығармалар осылайша жалғасын таппақ.