Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Ұлтымыздың үнжариясы – Қазақ радиосы

Ұлтымыздың үнжариясы – Қазақ радиосы

Жуырда жолым түсіп ұлтымыздың үнжариясы Қазақ радиосының Алматы қаласындағы филиалына бас сұқтым. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ресми мерекесі қарсаңындағы қуанышты сәттердің куәсі де болдым. «Қазақ радиолары» ЖШС Алматы студиясының тілшісі Гүлбану Алпамысқызы журналистердің кəсіби мерекесі қарсаңында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» Республикалық байқауының «Үздік радиохабарлама» номинациясы бойынша 1 орынды иеленіпті. Осындай зор қуанышқа ортақтаса жүріп, «Қазақ радиоларының» Алматы филиалының басшысы, белгілі журналист, жерлес ақын ағам Бақыт Жағыппарұлымен бірге радио ғимаратына шолу жасап, азды көпті сұхбаттасқан едік. Әсерлі әңгімеден түйген ойымды, радионың тарихы мен атқарылып жатқан жұмыстары жайлы өздеріңізді де хабардар етуді ұйғардым.

Қазақ АССР Халық комиссарлары Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде Республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазақстанның сол кездегі астанасы — Орынбор қаласынан Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен 1921 жылдың 1 қазанында бүкіл Республикаға трансляция беріле бастаған болатын. Алайда, оның хабарлары маусымның бас кезінде ғана тұрақты түрде таралып, көлемі тәулігіне алғашқыда 4 сағат, кейінірек 6 сағаттан 12 сағатқа дейін жеткізілді. Қазақ радиокомитетінің құрылымы 1939 жылы штаттық кестеге сәйкес: басшылық; үгіт және насихат секторы; «Соңғы хабарлар» редакциясы; музыкалык, хабарлар редакциясы; әдеби-драмалық хабарлар редакциясы; Балалар хабарлары редакциясы; шығару секторы; бұқаралық жұмыс және радиотыңдаушылар хаттары секторы; радиоландыру бөлімі; радиоәуесқойлар секторы; бақылау-инспекторлык тобы; механикалық хабарлар бөлімі; тораптық хабарлар секторы; атқарушы адамдар; қызмет керсетуші адамдар; кадрлар секторы; арнаулы бөлім болып бекітілді.

1930-шы жылдар Қазақ радиосының даму жылдары болып, осы кезеңде ішкі редакциялық құрылым жүйеленіп, шығармашылық ұжым қалыптасты. Радиожурналистика жолға қойылып, радио бұқаралық ақпарат құралдарының бірі ретінде нығайып, бекіді. Бүгінде хабарларын тәулік бойы тарататын Қазақ радиосы – еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі. Ұлттық арна республика радиотыңдаушыларының көп бөлігін қамтып қана қоймай, одан тысқары жерлерге де, Ресей мен Қытайдың, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасының шекаралас аймақтарына жетеді.

Электронды БАҚ қатарында Қазақ радиосы көрнекті орын алады. Радио ұжымы әр сағаттың басында берілетін жаңалықтар топтамасына айрықша көңіл бөледі. Бүгінгі таңда Қазақ радиосы — форматы жағынан тақырыптық бағдарламаларды жүргізетін республикадағы бірден-бір радиостанция. Қазақ радиосының музыкалық форматы ұлттық және әлемдік музыкадан тұрады.

Осы орайда айтпағым, 2012 жылдың қазан айында Астанадағы Қазмедиа орталығына қоныс аударған Қазақ радиосының құрылымы мен шығармашылық зертханасында елеулі өзгерістер орын алды. Радионың басшылығы мен негізгі құрамы медиа орталыққа ауысты. Ал, Алматыда тәжірибелі журналистер мен дыбыс монтаждау операторларынан, еліміздегі өзге ұлттар тілінде хабарлар дайындайтын «Достық» редакциясы және «Алтын қор» қызметкерлерінен құралған үлкен қосын – Қазақ радиосының Алматы студиясы жұмыс істеп жатыр. Осындай өзгерістермен қатар хабар тарату үрдісі де түбірімен қайта құрылып, уақыт тынысына сай жаңаша жұмыс жүйесі жасалды. Жаңалықтар бастап тікелей толқында өтетін бағдарламалар мен эфирдегі концерттер түгелдей Астанадан шығады. Бұған керісінше таспамен дайындалатын хабарлардың басым бөлігі және Қазақ радиосының «Алтын қорынан» алынатын хабарлардың барлығы Алматыдан берілетін болған. Ал кәзіргі таңда, күніне 3 сағат аптасына 5 күн «Түнгі толқын» деген айдармен Шалқар радиосынан хабар таратамыз. Аптасына 1 рет әр жұманың таңына «Таңғы толқын» айдарымен 07-9:30 аралығында «Таңжарық» таңғы ақпараттық –танымдық, музыкалық көңілашар бағдарламасы біздің толқыннан шығады. Алдағы уақытта уақытын тағы да көбейтеміз деген жоспар бар. Одан бөлек, Шалқар радиосы бойынша күніне 4 рет аптасына 5 күн Республикадағы әдеби-мәдени жаңалықтар Алматы студиясынан тікелей толқында шығады. Ал, Қазақ радиосы бойынша аптасына 5 күн кешкі алты мен сегіздің ортасында «Армандастар» деген атпен тікелей эфир шықса, аптасына үш күн «Түнгі толқын» деген атпен бір жарым сағат көлемінде сырласу сағаты эфирге шығып отырады. Оның сыртында, аптасына үш күн үш сағаттан «Қайырлы таң, Қазақ Елі» деген хабар бізден тарайды. Бұл үш сағаттың ішіне алтын хордың материалдары, жаңалықтар, сұхбаттар, танымал тұлғалардың өмірбаяндары мен еңбек жолдары бәрі қамтылады. Аудан жаңалықтары да осы хабардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда Алматы филиалында майталман журналистер, мықты мамандар қызмет атқарады. Эфирге шығатын 14 журналист болса олардың басым бөлігі Жанар Оразымбет, Гүлбағыш Бостан, лашын Мұратқызы сынды өзіміздің жерлестеріміз. Техникалық қызметкерлер мен келісім шарт бойынша жұмыс жасайтын мамамандарды қосқанда 25 ке жуық адам қызмет жасайды – деп бақыт Жағыппарұлы радио қызметкерлерінің жұмыстар жоспарымен қызықты мәліметтерімен бөлісті.


Қазақ радиосының негізгі міндеті – мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі тапсырысты орындап, эфирдегі сөз арқылы еліміздегі және әлемдік қауымдастықтағы жаңа, сан қырлы бет-бейнесін қалыптастыру.

Қазақ радиосы өзінің тарихи ақпараттық борышын орындай отырып, мемлекеттік саясатты еліміздің тұрғындарына, ал қазақстандықтардың пікірлері мен ұстанымдарын билік тізгінін ұстап отырған құрылымдарға оңтайлы және шұғыл жеткізудің көпірі болып қала береді. Қазақ радиосы сөздердің сауатты айтылуына, тіл тазалығына және тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөліп келеді. Радиожурналистердің кәсіби деңгейі олардың қазақ тілінің лексикалық байлығын пайдалана отырып, эфирді еркін меңгеруінен де байқауға болады.

Қазақтың ән мен күй өнеріндегі «алтын дауыстарды» сақтауда Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің орны ерекше. Мұнда қазір 111 мыңнан астам құнды фонограммалар сақтаулы тұр. Баға жетпес байлық Қазақ радиосы қызметкерлерінің елеулі еңбегінің арқасында молайып, толығу үстінде. Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» материалдар сандық форматқа көшірілуде. Бүгінде қордағы 31 мың материал сандық форматқа көшірілген екен.

Мінекей осындай дәлелді ақпараттармен бөліскен радио басшысы алдағы уақытта Министрлікке хат жолдау арқылы 1- қазан күнін ресми түрде «Радио күні» деп белгілеп, жыл сайын осы күнде атап өтуге ұсыныс білдіретіндігін айтты. Одан бөлек, егер шама шетіп жатса шалғай аудандарда әсіресе, өзіміздің Райымбек аудандарындағы 21 жылдан бері ауыспаған радиостанцияларын жаңартуға сұраныс тастап, ұлттың үн жариясы қазақ радиосының үні әр шаңырақтан шығуына бар күшімді саламын деген ойын да жасырып қалмады.

Екі жылдан соң бір ғасыр толатын тарихы терең радионың жеке мұрағатының бой көтеретіні мені қуантты. Ғасырлар бойы халыққа хабар тарату барысында қызмет етіп келе жатқан көне техникалық аппараттардың алар орны болшақтағы мұражайдың төрі болмақ.

Алтын дауысты аға, әпкелеріміз қызмет етіп, халқымыздың тыныс-тіршілігін жер-жаһанға жеткізіп отырған радио ұжымының жұмыстарына жан сүйсінеді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мерекесіне орай еңбегінің еленіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын иеленген Бақыт Жағыппарұлын және барлық радио ұжымын айтулы мерекемен құттықтап, абырой биігінен көрінулеріне тілектеспіз.

Айнаш Әлдибек, Нарынқол ауылы

Дереккөз: «Хантәңірі» газеті