Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Президентке Абай өлеңін оқытқан Ләйлім

Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Instagram әлеуметтік желісінде ақын өлеңін жатқа оқу эстафетасы қызу жүріп жатыр. Бұл эстафетаның бастаушысы – Англиядағы Leicester University-дің түлегі, PR-manager Шынар Шәкен.

Тоғыз жасар Ләйлім хакім Абайдың өлеңдерінен үзінді оқып, бұл эстафетаны жалғастыруды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиевке жолдаған болатын. Ләйлімнің мерейін асқақтатып, бірінші болып үн қатқан – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. ҚР Президенті ұсынысты ілтипатпен қабылдап, кемеңгер ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын, мақсатыңа жету жолында қажет асыл қасиеттерді атап көрсеткен «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінен үзінді оқып, жауап берді.


Абай өлеңдерін оқу эстафетасын одан ары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.


Айта кетерлігі, Ләйлім – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ерлан Рысқали мен Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі Жадыра Жұмакүлбайдың қызы. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мәнерлеп оқуды 2,5 жасынан жанына серік етіп, 70-ке жуық өлеңін жатқа біледі. Одан бөлек, 6 жасынан мәнерлеп сырғанаумен шұғылданады. Республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бір жыл Англияның Лестер қаласында тұрған. Сол жерде шахмат клубына барып, Лестер қаласының намысын қорғаған. Ағылшын тілінде ән салғанды ұнатады. Қазір «Балапан» арнасындағы «Кім тапқыр?» бағдарламасының жүргізушісі. Жазушы Мұхтар Мағауин атасын пір тұтады.