Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

"МузАрт" тобының әндерінен де екі актілі мюзикл қоюға болады

«Өнер алаңы» хабарында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры, философия ғылымдарының докторы (PhD), ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров қонақта болды. 

Асхат Мақсымұлы жуырда ғана осы ұжымға басшылыққа келген болатын. Осыған дейін Асхат Мақсымұлы, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымын, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына басшылық еткен. Сондай-ақ, Елордалық «Астана мюзикл» театрының көркемдік жетекшісі және Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті қызметтерінде болған.

 «Театрға алғаш келгеннен кезде ұлыларымызға тағзым еттім. Алматыда Кеңсайда жатқан Әзербайжан Мамбетов, елордада Жақып Омаров сынды ұстаздарымның зиратына барып, құран бағыштадым. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді халқымыз. Алматыда жүрген кезде студенттерімді алып Райымбек батыр даңғылы бойындағы Күләш апа Байсейітова, Әміре Қашаубаев, Қаллеки, Шәкен Айманов сынды ұлылар жатқан зиратқа барып құран бағыштап, айналасын тазалап тұру үрдіс болатын. Сонымен қатар, ол кісілер туралы деректерді айтып отыратынмын. Балалардың қабылдауы бөлек еді»-, дейді кейіпкеріміз. 

 Сонымен қатар, театр басшысы театр жаңалығы мен жоспарын да айтып өтті. 

«Жақында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбековтың «Байланыс аясы...+16» қойылымы сәтті өтті. Желтоқсан айының 18-19 күндері Қазақстанның Халық артисі Талғат Теменовтың «Ақжауын» деп аталатын драмасы шыққалы жатыр. Режиссер Нұрлан Жұманиязов Рақымжан Отарбаевтың «Мұқағали мен Фариза» қойылымын дайындауда. Себебі, елімізде жаппай тұлғатану процессі жүріп жатыр ғой. Бұл келешек ұрпақ үшін өте керек дүние. Келесі жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы сынды үлкен іс-шаралар күтіп тұр. Келер жылы жаңа ғимаратқа көшкенде Абай атамызды жаңа формада, жаңа сипатта апаруымыз керек деп шештік. Ал 13 желтоқсанда театрымыздың анасы Рымкеш Омарханованың 80 жылдық мерейтойын Дударевтің «Кеш» деген қойылымымен атап өтеміз. Жалпы, жаңа ғимаратты келесі жылы 6 шілдеде ашамыз деп жоспарлап отырмыз»,- деді Асхат Мақсымұлы. 

Хабарды жүргізген Толқын Сұлтан.

Толық ақпарат аудионұсқада.