Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Кәсіби актердың бір күндік еңбек ақысы кемінде 500 000 теңге болуы керек

Көрермен көбіне сахнадан дайын өнімді тамашаласа, сахна сыртында қандай қызу тіршіліктің қайнап жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Заман өзгеріп, өнеріміз алға дамыған сайын, заманның жылдамдығы да артып бара жатқандай.

«Өнер алаңының» бүгінгі хабарына өнер, телевизия саласында, жас та болса үлкен еңбек атқарып жүрген, Халықаралық жастар балының бас ұйымдастырушысы, Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет өткен «Елорда жастары сыйлығы – 2019» жобасының ұйымдастырушысы, продюсер, медиаменеджер Шаримов Алпамыс Өскенбайұлы және Халықаралық жастар балына алғаш қатысушылар Қажымұқан Жарылқасын мен Айдана Құлбатырова қатысты.

Хабарды бастамас бұрын продюсер мамандығына байланысты сұрақтарды қойып, қонақты ширатып алдық.

Продюсер мамандығы нені білдіреді?

- Жобаны жүзеге асырушы адам.

Продюсердің мінезі қандай болуы керек?

- Талапшыл болуы керек!

Продюсерде көріпкелдік қасиет болу керек пе?

- Иә. Ол стратег, саяси бағыт-бағдар құруға жақын болуы керек.

Продюсерде торығу сәттері көп бола ма?

- Көп болады және болуы керек. Ол заңдылық.

Іске аспай қалған жобаларың көп пе?

- Жоқ. Менде барлығы өзінің жетістігіне жеткен жобалар.

Демеушімен кездескенде басты назарда нені ұстанасың?

- Демеушінің өзін ұстаймын. Жалпы кездесуге келгенде өзім туралы аз айтып, оның сөйлеуіне мүмкіндік беремін.

Өзің жасаған «өнім» жемісін бермеген сәттері болды ма?

- Жоқ. Болған жоқ. 

Қазақстанда кәсіби продюсерлердің үштігін атаңыз?

- Қиын сұрақ. Эстрада және кино жағынан айтар болсам, Нұрлан Қоянбаев, Гүлзира Айдарбекова, Баян Мақсатқызы. 

 Өнерді онлайн дауыс беру арқылы бағалаған дұрыс па?

- Дұрыс. Күні кешегі Ержан Максимнің оқиғасында дауысты жеткілікті бермегеннен кейін «әттеген-ай» деп жатырмыз. Егерде бар тізгінді әділқазыларға берсек, ол кезде де екі ойлы болатын едік. Сонымен қатар, «Елорда Жастары-2019» байқауында біз де алдымен әділқазы алқасының шешімімен үздіктерді іріктеп алып, қалғанын онлайн дауыс бергіздік. Яғни 50/50.

 Жаныңа классикалық музыка жақын ба әлде эстрада ма?

- Классика.

Қазақстандағы үздік әншілер тобы деп кімдерді айтасыз?

- Жаңадан шығып жүрген Спарта КВН командасындағы «Арғын және Данияр» есімді жігіттердің заманауи тобы және Ирина Қайратовна.  

Қазақстандағы мықты актерлардың киноға түскендегі гонорары қанша болуы керек?

- Бір күндік еңбек ақысы кемінде 500 000 теңге болуы керек. Солай болып та жүр.

Таяуда қазақ киносы «Оскар» сыйлығын алу мүмкін бе?

- Мүмкін. Самал Еслямова қызымыз «Канн» фестивалінде жүлдегер атанды. «Оскар» сыйлығын неге алмасқа?

Кино түсіру жоспарда бар ма?

- Әзірге жоқ. Бірақ жақсы сценарийлер бар. 

Хабар барысы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы Жастар жылы аясында «Бір әлем – бір өмір» «ONE WORLD – ONE LIFE» атты халықаралық жастар балының өтуі жайлы өрбіді.

Жобаның мақсаты – қазақ елінің тамыры тереңге жайылған тарихын, өнеге мен тәрбиеге тұнған салт-дәстүрін, сәулеті мен дәулеті күн санап дамып келе жатқан елордасын дүниежүзіне таныстыру. Сонымен қатар, жігерлі жастардың бас қосуы арқылы жаһандық мәселелер жай-күйін шешуге үндеу жасау, нәтижелі қайырымдылық шараларын жүзеге асыру, игі шаралардың санын арттыру көзделген. Нұр-Сұлтан қаласының жастары мен әлем жастары көпшілік назарына «Полонезадан» бастап, «Жастар вальсіне» дейін барлық би түрлерін ұсынатын болады. Қатысушылар өнер көрсетуден бөлек қайырымдылық шараларымен де айналысады. Сондай-ақ, дебютанттар қарттар үйі мен балалар үйінде рухани кеш ұйымдастырып, «Жүректен жүрекке» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетеді.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласы жастарымен бірге балдың халықаралық деңгейін айқындайтын Ресей, Қытай, Нигерия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Әзірбайжан, Украина, Индонезия және т.б елдерден дебютанттар қатысуға ниеттерін білдірді.

Естеріңізге салсақ, 24 қарашада «Жастар» театрынды жастар балының елордалық жастарына арналған кастингі өтті. Кастингке 1000 жуық 18-29 жас аралығындағы әртүрлі саланың жастары қатысқан. Барлық үміткерлер ішінен әділқазы алқасы 40 жұпты (40 қыз, 40 ұл) лайық деп таныды. «ONE WORLD – ONE LIFE» жобасы 18 желтоқсан күні «The Ritz Carlton» қонақ үйінде өтеді. Шараға еліміздің танымал, мәдениет және қоғам қайраткерлерінің қатысуға ниет білдірді. Кеште дебютанттармен бірге отандық және халықаралық танымал жұлдыздар өнер көрсететін болады.

Толық ақпарат аудионұсқада.

Хабардың авторы әрі жүргізушісі: Толқын Сұлтан.


Толық ақпарат аудионұсқада.