Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Коронавирустан сақтанудың 10 тәсілі

Коронавирустан сақтанудың 10 тәсілі

Қытайдан шыққан коронавирус әлем халқын әбігерге салып отыр. Бұл жөнінде АҚШ-тың Foreign Policy журналында мамандар бірлесіп, коронавирус жөнінде әзірге толық мәлімет жинай алмаса да, MERS, SARS сияқты жұқпалы аурулармен күрескен елдердің тәжірибесін қолдана отырып, сақтану амалдарын қолға алды. Мамандар өзіңізді және отбасыңызды Covid-19 вирусынан сақтанудың қарапайым 10 тәсілін ұсынады.

1. Үйден шыққан кезде міндетті түрде қолғап киіңіз. Қоғамдық мекемелер мен көліктерде жүрген кезде қолғабыңызды шешпеңіз. Сондай-ақ үйге келгеннен кейін сырт киіміңізді жуып, залалсыздандырыңыз. 2. Егер сіз қоғамдық орындарда қолғабыңызды шешіп тамақтанған кезде немесе кез келген адаммен қол ұстасып амандасқан жағдайда қаншалықты қышынса да қолыңызды бет, көз және мұрныңызға жолатпаңыз. Қол жуған кезде жақсылап сабындап, жылы сумен жуып, кепкеннен кейін қолғабыңызды киіңіз. Мүмкіндігінше басқалармен қол ұстап амандасудан бас тартып, бас изесіп сәлем беріңіз.

3. Масканы тұрақты алмастырып, қолғап сияқты сырт киіміңізді үнемі жуып тұрыңыз. Қандай жағдайда да ылғалды киім киюге болмайды. Өйткені коронавирус ылғалды ортада төзімді болуы мүмкін.

4. Маскалар ең көп дегенде 1-2 сағат тағуға ғана арналады. Кейбір жағдайда масканы қолдану да көп нәтиже бермейді дейді кейбір мамандар. Не десе де, масканы ұзақ уақыт пайдаланудың пайдасынан гөрі зияны көп. Себебі сырт киім, куртка, мойынорауыштың ішінен таққан маска жиналған ылғалмен жылы жерге кірген кезде нашар иіс шығарады. Бұл сіздің ауыз қуысыңыздан шыққан жағымсыз иіс. Мұндай орта вирустың көбеюіне себеп болады. Сондықтан мүмкіндігінше көпшілік жиналған жерлерден алыс жүру қажет. Жалпы жұқпалы ауру өршіген кезде қарым-қатынас жасау үшін адамдармен 1 метрдей қашықтықтан әңгімелескен дұрыс. Көптеген елдер мұны ең тиімді тәсіл деп көреді. Егер кімде кім түшкірініп, жөтеліп жүрсе, басқаларды қорғау үшін маска тағуға кеңес беріңіз. Мұндай жағдайда 3 метрден алыс қашықтықта сөйлескен жөн және өте қажет болмаса ол адамнан қашыққа кетіңіз.

5. Үй жағдайында тазалық бөлмесі мен асханадағы барлық орамалдарды тұрақты залалсыздандырып немесе отбасы мүшесінің әрқайсысына жеке-жеке жаңа орамал берген дұрыс. Ал кеңсе жағдайында бір жолы пайдаланатын орамал, кептіргіштерді қолдану қажет. Қаншалықты тұрақты қолыңызды жуғаныңызбен таза, құрғақ орамалмен сүртпесеңіз, әртүрлі микробтар мен бактериялар таралу қаупін туғызады. Мұндай жағдайда қолды жуғаннан кейін кептірген көп жөн. Ылғалды орамал көптеген түрлі тұмау, тұмау тектес аурулар вирусының көбейетін ыңғайлы ортасы болады.

6. Есікті ашқанда мүмкіндігінше қолмен ұстамаңыз. Есікті тізеңіз, аяғыңыз, иығыңыз қатарлы екі қолыңыздан басқа мүшелермен ашуға тырысыңыз. Есік тұтқасына көптеген вирустар мен микробтар жабысып қалатындықтан жоғарыда айтқандай қолғап кию қажет. Сондай-ақ тұтқаларды тұрақты залалсыздандырып, тазалап жақсылап кептіріңіз. Сатының ұстайтын жері, ұялы телефон, теледидардың басқару пульті, компьютердің пернетақтасы және тінтуірін тұрақты тазалап отырған жөн. Қайталап айтқанда, қандай затты ұстасаңыз да, сол қолыңызбен бет, көз, мұрныңызды шұқылауға мүлдем болмайды.

7. Тамақтанған кезде тек ғана өзіңізге тиесілі кесе, табақ, шанышқы, қасықты пайдаланыңыз. Ең негізгісі, балаңызға басқалардың тамақтанған кесесімен тамақ ішпеуді, шырын ішкішті алмасып пайдаланбауды ескертіңіз. Мамандар Қытайда көптеген түрлі жұқпалы аурулардың үнемі шығатын бір себебі олардың тамақты бір табақтан бөлісіп жеу мәдениетіне байланысты деп көреді. Сондықтан вирустың таралуы күшейген осындай кезде мұндай дәстүрден бас тарту керек. Себебі сіз қанша өзіңіздің қасығыңыз бен шанышқыңызбен үлкен табақтан ас алдым дегеніңізбен ол табаққа келесі бір адамның сілекейі жұққан қасығы немесе шанышқысы қайта салынатынын естен шығармаңыз. Жұқпалы аурулар күшейген кезде көпшілік тамақтану орындарына барғаннан бас тартыңыз.

8. Вирустың қайдан таралғанын ғалымдар нақты анықтағанша жан-жануарлар, балық сияқты теңіз өнімдерін пайдалануға болмайды. Шикі етті ұстаған кезде бір рет киетін қолғапты пайдаланыңыз және оны дереу жойыңыз. Тіпті оны қоқыс жәшігінде де сақтауға мүлдем болмайды.

9. Үй және кеңсенің есік терезесін ашып, ауа алмастырып тұрыңыз. Себебі вирус ауа жақсы алмасқан жерде көбейе алмайды. Бірақ қысқы уақытта бөлменің температурасын қалыпты ұстау үшін терезені көп ашып қоюға болмайды.

10. Сіз міндетті түрде ыстығы көтеріліп, қандай бір аурудың белгісі білінген отбасы мүшесін қарап отырған жағдайда маска киіңіз. Сырқаттанған адамның маскасын ауыстырған кезде бір реткі резеңке қолғаппен оны шешіп, дереу залалсыздандырыңыз. Сондай-ақ науқастың беті-қолын жуған кезде үнемі резеңке қолғап киіп, бір реткі қолданатын заттарды пайдаланған жөн. Өзіңізді қорғау үшін ұзын мойын мен етекті киім киіңіз. Егер мүмкіндік болса, сырқатты жеке бөлмеде күтіп, үй қабырғаларын тұрақты залалсыздандырып отыру қажет. Ең негізгісі, үйде науқас адам болған жағдайда ауа алмастырған кезде сол жағдайды да ескерген жөн. Бөлменің температурасының суытуы науқастың жағдайын одан ары төмендетеді.

Қытай үкіметі коронавирус таралуына байланысты күн сайын арнайы шаралар қолданып жатыр. Вирус ондағы елге ауыр салмақ салары анық. Егер басқа елде де мұндай жағдай болса, олар да сондай шара қолдануға мәжбүр болады. Ғалымдар бұл ауруға қарсы вакцина мен емдеу жолдарын табу үшін атсалысуда және нәтиже де жоқ емес. Сондықтан ғылым жеңіске жеткенге дейін сіз өзіңіз бен өзіңізге жақын адамдарыңызды өлім қаупінен қорғап сақтандыра аласыз. Сондықтан елмен бірге құр дүрліккеннен гөрі алдын алу шараларын жауапты түрде жүзеге асыру ең дұрысы.Барлық құқықтар сақталған. Материалды көшіріп бассаңыз

Дереккөз: turkystan.kz