Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар

Жаңалықтар

Елбасы, «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ішкі партиялық таңдау ­– праймеризді коронавируске байланысты елдегі ахуал тұрақтанғаннан кейін өткізу туралы шешім қабылданды. "Праймериз өткізуді ахуал толық тұрақтанғанға дейін кейінге қалдыра тұру керек. Қазір «Nur Otan»-ның қызметі толықтай қайта бағдарланды. Партияның барлық ресурсы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен қолға алынған коронавируспен күрес жағдайында мұқтаж қазақстандықтарға көмек ұйымдастыру шараларына қолдау көрсетуге бағытталды», - деді елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

*****

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекеттер басшылары коронавирус індетінің таралу жағдайында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтауға бағытталған бірлескен шараларды талқылады. Сонымен қатар әңгімелесу барысында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі алдағы егін науқаны кезінде су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселесі де сөз болды. Барлық мәселені жедел шешу үшін екі елдің Үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді.

*****

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің күшейтілген режимі басталды. Осылайша саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдарына баруға болмайды. Қоғамдық көлік жұмысы кезең-кезеңмен шектеледі. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жүруге болмайды. Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салынды.

*****

Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында Шымкент қаласындағы Абай ауданында «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын үй алабында үйді-үйді аралауды ұйымдастырумен 14 күнге созылатын карантин енгізіледі. Шымкент қаласында сонымен қатар әуежайдың, теміржол вокзалы және автовокзалдың, балабақшалардың жұмысы тоқтатылады. Халық көп жиналатын жерлер жабылады. Қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмысы сағат 18.00-ге дейін шектеледі. Қоғамдық көлік қозғалысы кезең-кезеңмен шектеледі. Ал азық-түлік дүкендерінің, сауда орталықтары мен киім-кешек базарларының, қызмет көрсететін нысандардың жұмыс режимін шектеу Шымкент қаласы әкімінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

*****

Coronavirus2020.kz мәліметінше,Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 191 болды. Індет ШҚО мен Қызылорда облыстарында тіркелді.

Нұр-Сұлтан қаласында – 107

Алматы қаласында – 57

Қарағанды қаласында – 4

Шымкент қаласында – 2

Ақмола облысы – 5

Алматы облысында – 2

Ақтөбе облысында – 1

Атырау облысында – 4

Восточно-Казахстанская область – 2

Жамбыл облысында – 3

Қызылорда облысы – 1

Павлодар облысында – 1

Солтүстік Қазақстан облысында – 1

Маңғыстау облысы – 1

*****

Еліміздің үш өңірінде Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке белсене қатысқан 25 адам ұсталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Бас Прокурорының орынбасары Ерлік Кененбаев айтты. "Олардың ішінде қазақтар, дүнгендер, қырғыздар бар. Оның 7-еуі бұрын сотталған. Істі тергеу жалғасуда және ерекше бақылауда",-деді Кененбаев.

*****

Ел астанасында 30 наурыз бен 5 сәуір аралығында қоғамдық көлік тоқтайды. Автопарк жұмысшыларының денсаулығы тексеріледі. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты