Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Жаңалықтар 15:00

Жаңалықтар 15:00

04.04.2020_15:00

Алматы қаласында коронавирус инфекциясынан тағы алты науқас емделіп, сауығып шықты. Қазіргі уақытта Алматыда жазылып шыққандардың саны – 19 адам. Олардың барлығы 14 күндік үй карантині режимін сақтауда. Ал бүгін Түркістан облысында қауіпті індеттен 1 адам қайтыс болды. Осылайша елімізде коронавирустан көз жұмғандар саны 4-ке жетті. Дертке шалдыққандар – 500 адам. Әлем бойынша 1 миллионнан астам адам вирус жұқтырған. Осы уақытқа дейін 60 мыңы аурудың құрбаны болды.

*****

Қазақстандықтардан төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуына байланысты 4 сәуір таңғы сағат 9-дағы мәлімет бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға 351 777 өтініш қабылданған. Оның ішінде eGov порталы арқылы – 292 281, 42500.enbek.kz сайты арқылы – 59 496 өтініш берілген. Өтініштерді қарау және төлем тағайындау мерзімі 3 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Мәселен, Алматыда қазірдің өзінде төтенше жағдайдың салдарынан табысынан айрылған 6650 адам 42500 теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік көмек алған.

Төтенше жағдай кезеңінде осы уақытқа дейін еGov порталында миллионнан астам электронды қызмет көрсетілген. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев брифингте осылай деді.

*****

Сауда, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика министрліктері төтенше жағдай енгізілген кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек бағаны енгізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес бірінші сұрыпты бидай ұны; макарон өнімдері; қарақұмық жармасы; күріш; сиыр еті; тауық жұмыртқасы; сұйық май; ас тұзына шекті баға қойылды. Бұйрыққа қол қойылған сәттен бастап рұқсат етілетін шекті бөлшек баға мөлшерін көтергені үшін 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл салынады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті баға еліміздің әр өңірі үшін белгіленген.

*****

Мемлекет басшысының әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру туралы Жарлығын ел жастары қолдайды. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Амалбек Өміртай Түркістан жастары ел басына күн туғанда сарбаздар сапынан табылуға дайын, - дейді.

*****

Шымкент бүгіннен бастап, дәлірек айтқанда сағат 21:00-ден карантинге жабылады. Осыған дейін шаһарда шектеу шаралары енгізілген еді. Қазір қалада коронавирус індетін жұқтырғандар саны 12-ге жетіп отыр. Карантин режимі кезінде қаладағы барлық мекеменің жұмысы уақытша тоқтатылады. Карантин кезінде қоғамдық көлік қозғалысы таңғы сағат 7.00-ден 19.00-ге дейін ғана жүзеге асады. Сондай-ақ азаматтардың қала аумағында жеке көлігімен жүруіне тыйым салынады. Бұл талап тізімге кіретін мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды және ол азаматтардың қолында жұмыс орны берген анықтама болуы қажет. Залалсыздандыру шаралары да күшейтіледі. Азаматтардың жүріп-тұруына шектеу қойылады. Мұндай шектеулер тек медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды. Карантин режимін бұзсаңыз, айыппұл арқалайсыз немесе 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынасыз.