ТӨЛЕГЕН МҰСАБЕКОВ: ӨТКЕНІН БІЛМЕГЕН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің шығармашылық тобы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойына орай бастау алған «Отан үшін от кешкен батырдың біз ұрпағымыз» марафоны аясында майданда ерлік істерімен ел жадында қалған 28 панфиловшының ішіндегі төрт қандас бауырымыздың бірі Мұсабек Сеңгірбаевтың немересі, ел үшін жанын қиған батырдың тікелей ұрпағы, Алматы облысы Көксу ауданының құрметті азаматы Төлеген Мұсабековпен кездесті.
Мазмұнды да мағыналы кездесу еліміздің қос бірдей тарихи мерекелері - Отан Қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында өтті. Төлеген Мұсабеков 28 панфиловшының бірі, Балқаштан шыққан батыр атасы Мұсабек Сеңгірбаевтың ерлігі жайында баяндап, тың деректерден сыр шертті.
Көрерменге ұғынықты болуын қаласа керек, кейіпкеріміз әңгіменің басын әріден бастағанды жөн көрді:
- Атам Мұсабек Сеңгірбаев 1914 жылы 26 қаңтарда Балқаш ауданының Бақбақты елді-мекеніне қарасты Сексеуіл Шұрық деген қыстауда дүниеге келген. Ата-анадан ес білген шағында алты жасында жетім қалып, әпкесі Күнестің қамқорлығында болады. Сол кездері әпкесі Күнес тұрмыс құрып, бала Мұсабекті өзімен бірге Қызыларық ауылына алып кеткен көрінеді. Атамыз сол ауылда он үш жасында ұжымшарға мүше болып, малын бағады. Комсомолға өтіп, комсомолдың хатшысы қызметін де атқарған. 1936 жылы Мұқыры МТС-інен механизатор курсын оқып бітіреді. Сол кездегі «Қызыларық», «Қаражырық», «Бұрған», «Жарлыөзек», «Бостоған», «Октябрь», «Ерікті» атты жеті ұжымшарда да алғашқы техника тілін меңгеріп, тізгінін ұстап, тракторшы болған жігіттің бірі Мұсабек атамыз еді. Сол кезде атамның көзін көрген кісілер Мұсабек трактор тізгіндеп келгенде, ауылдың қыз-келіншектері мен жеңгелеріміз шығып шашу шашқан деседі, - деп немересі Төлеген Мұсабеков ой бөлісті.
Сұрапыл соғыстың басталғаны жөніндегі хабарды естісімен Мұсабек Сеңгірбаев Үштөбе қаласындағы әскери комиссариатқа барып, өз еркімен майдан қатарына қосылу туралы арыз жазады. Егістік алқаптарының пісіп, науқан уақыты басталған тұста әскери басшылар Мұсабек Сеңгірбаевтың өтінішін қабылдамай, кері қайтарады. Егістікті шашпай-төкпей жинап, науқанды аяқтауды тапсырады. Ел басына төнген сын сағатта өзіндей азаматтардың ерікті түрде жауынгер қатарына қосылғанын көре тұра шыдамаған Мұсабек Сеңгірбаев әскери комисариаттың кеңсесіне екінші қайтара барады. Бұл жайында батырдың ұрпағы Төлеген Мұсабеков былайша пікір білдіреді:
- Атамыз Мұсабек кетерінде трактордың тілін апамыз Дәмбияға үйретіп, көрсетіп кетеді. Жұмысты сенімді адамның қолына табыстап, ұжымшардың төрағасының рұқсатын алып келген Мұсабек атамызды бұл жолы басшылар қабылдап Алматыға жібереді. Осылайша атамыз әскерге алынып, Алматыда жасақталған генерал И.В.Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының қатарына қабылданады. Сол кезде дивизия қатарына да техника тілін білетін, немістің танкілерін көргенде қорықпайтын, мылтық ұстай алатын қазақтың жас өрендерін алған ғой. 316-атқыштар дивизиясының 1075 полкінің 4 ротасының 2 взводында бір жарым айдай жаттығып, тамыздың он сегізінде қаруланған бір топ әскеріміз батысқа қарай шайқасқа аттанған», - дейді батырдың ұрпағы.
Мәскеуді қорғаған атақты 28 гвардияшы-панфиловшылар ерліктің ерен үлгісін көрсетті десек артық айтқанымыз емес. Мұны еліміздің әрбір азаматы біледі. 2016 жылы Ресейдің Волоколамск қаласында панфиловшылардың құрметіне, Мәскеу қаласын қорғауға 75 жыл толуына орай арнайы шара өткен болатын. «Лама» спорт сарайында режиссер Андрей Шальопаның 28 панфиловшыға арналып түсірілген «Жиырма сегіз панфиловшы» киносы қалың көрерменге жол тартты. Оған Ресейдің Мәдениет министрі В.Мединский және Москва облысының губернаторы А. Воробьев, Қазақстан Републикасының сол кездегі Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысты. Кейіпкеріміз Төлеген Мұсабеков тарихи фильмнің көрсетіліміне елордамыздан отбасымен бірге барып, тұсаукесердің құрметті қонағы болды.
- Бұл шара, ең алдымен, екі ел Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи-мәдени достықтың көрінісі болды. Кинодан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын... Атам Мұсабек Сеңгірбаевты басты рөлге алған екен. Сол кинода атамыздың рөлін Омск қаласында туған қандас бауырымыз Азамат Нұғманов сәтті сомдады. Бір ерекшелігі, сол Азамат Нұғмановтың жасы атамыз ерлік жасап өмірден өткен кез 27 жаста болғандығы. Сол жерде фильмнің режиссері Андрей Шальопамен, сценариін жазған Ким Дружининмен, атамның рөлін сомдаған Азамат бауырымызбен таныстым. Азаматқа атамыздың 100 жылдық мерейтойына орай шығарылған «Мұзбалақ Мұсабек» атты кітапты табыстадым. Батырдың тікелей ұрпағы ретінде маған сөз беріліп, Ресей мемлекеті «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалін тақты - деп Төлеген Мұсабеков әңгімесін жалғастырды.
Естеріңізге сала кетсек, фильмнің Қазақстанда Алматы қаласында өткен тұсаукесерінде батырдың ұрпағы Төлеген ағамыз халықтың атынан осы тарихи кинотуындының режиссері Андрей Шальопа мен сценарисі Ким Дружининге, сонымен қатар актер Азамат Нұғмановқа Тұңғыш Президент-Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен шығарылған «Кеңес Одағының Батыры Мұсабек Сеңгірбаев 100 жаста» төсбелгі медалін табыс еткен болатын.
Есімін мәңгі есте қалдырып, жұрт жадында жаңғырту мақсатында Көксу ауданының Қызыларық орта мектебінде батыр Мұсабек Сеңгірбавтың құрметіне мұражай ашылған. Жарлы-өзек ауылдық округінде Мұсабек Сеңгірбаев атында орта мектеп бар. Мұқыры ауылында және Талдықорған қаласында көше аттары берілген. Облыс орталығындағы әскери-техникалық мектепте бұрыш ұйымдастырылған. Ал Ұлыстың ұлы күні балқаштықтар батыр жерлестері – №1 Бақанас орта мектебіне Мұсабек Сеңгірбаевтың есімі берілуі салтанатты шарасының куәсі болды. Талантты жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Әли Ысқабайдың «Мұзбалақ Мұсабек» атты кітабы жарық көрді. Төлеген Мұсабеков әңгіме барысында кітаптың жазылу тарихына да тоқталып өткен еді:
- 2010 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен біз төрт адам болып, атамыздың Мәскеу үшін шайқасқан жері Волоколамск тас жолына аттандық. Сол жердегі 28 панфиловшыға арналған музейді аралап, 1941 жылдан бері қаз қалпында сақталған экспонаттар мен майдандағы қаруларды көрдік. 28 панфиловшының 23-ші қайтыс болып, 5 тірі қалған еді. Сол батырларды жерлерген байырғы тұрғындардың фотосуреттерімен де таныс болдық. Осы маңға бір шақырым жетер-жетпес қашықтықта Нелидово ауылында бауырластар зираты орналасқан екен. Көп ұзамай сонда жол тарттық, - деп кейіпкеріміз бір күрсінді.
- Зираттағы мемориал гранит плитасы түрінде орындалған, оның айналасында гранит жиегі орнатылған және гранит тұғырында үлкен жұлдыз қойылған. Тақтаның бет жағына «1941 Халық жадындағы ерліктеріңіз өлмейді» деген бедерлі жазу, ал артқы жағында осы жерде жерленген гвардияшы-панфиловшылардың толық тізімі қашалып жазылған. Сол жазуға көзімді жүгіртіп «Қызыл әскер – Мұсабек Сеңгірбаев» деген атамның тегін оқығанда бойымды өзгеше бір сезім биледі. Жан дүнием оянып, тылсым күш біткендей болды. Енді ғана әріп таныған жас балаша атамның есімін ежіктеп қайта-қайта оқыдым. Тақтаның бетіп қолыммен сипалап тұрғанымда, «Ей, ұрпағым келдің бе? Біз осында бауырластырымызбен, қаруластарымызбен бірге жатырмыз. Әлем халқын фашизмнен құтқардық» дегендей сөздер естіліп, жанымды қоярға жер таппадым. Атамның кіндік қаны тамған жерінен бір уыс топырағын апарған едік, туған жердің жылуы дарысын деп ақырындап сеуіп, елуді еңсерген азамат болсақ та, көзімізге жас алдық, - дейді батырдың ұрпағы.
Бұл сапардан айрықша сезім мен әсерде оралған Төлеген Мұсабеков атасының құрметіне кітап жазу ісін қолға алады. Сол кездегі атасын көрген көзі тірі ақсақалдардың өз аузынан мәлімет алып, қолдағы бар деректерді жинап, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы Али Ысқабайға бұйымтаймен барады. Батырдың құрметіне кітап жазу ісін құп көрген жазушы қуана келісіп, ақпарат жинауға, материалдар жазуға кіріседі. Кітапқа «Мұзбалақ Мұсабек» деген атау береді. 2013 жылдың желтоқсанында баспаханаға 1000 дана кітапқа тапсырыс беріледі. 2014 жылдың қаңтарында батырдың ұрпағы Төлеген ағамыз кітапты қолына алады. Бүгінгі таңда аталмыш кітап еліміздің әр облысы мен аудандарындағы кітапханалардың, әскери колледждердің кітапханаларының төрінен орын алып тұр.
Әңгіме барысында Төлеген Мұсабеков батырдың артында қалған ұрпағы ретінде өз балалары мен немерелеріне үлкен аталарының ерлігі туралы жиі әңгімелейтінін айтты. Немерелері ойын баласы болғандықтан, қазір назар аудармауы мүмкін, бірақ өсе келе аталарының айтқан әр сөзі естерінде сақталып, рухты ұрпақ болып өсері сөзсіз.
- Өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр, - дейді дана халқымыз. Қалай тауып айтқан десеңші... Тарихыңды зерттеп зерделемей, келешегіңді елестетудың өзі қиын. Бүгінгі өскелең ұрпақ бейбіт күн сыйлаған батырларымыз бен жеңісті жақындатақан тыл ардагерлерін біліп өсулері керек. Сонда ғана біз олардың бойларына отансүйгіштік пен елжандылықты дарыта аламыз. Болашақта еліміздің білім ордаларында батырлар туралы сабақтар өтіп, бағдарламаға енгізілсе деген ойым бар. Тәрбиенің тал басы – отбасы мен мектеп. Қос бірдей немерем осы Нұр-Сұлтан қаласындағы заманауи үлгіде салынған Халықаралық мектепте білім алады. Күні кеше үлкен аталары Мұсабек Сеңгірбаев туралы шығарма жазып, аталарының рухына тағзым кетті. Бұл дегеніміз – тәрбие. Отбасы мен мектептегі тәрбиенің сабақтастығы. Мектептің басшылығы мен ұстаздарына алғысымды білдеремін. Білім мен тәрбиенің бірлігі үзілмесін», - деді Төлеген Мұсабеков сөз соңында.
Тарихи кездесудің соңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің шығармашылық тобы Төлеген Мұсабековке өз алғысын білдіріп, гүл шоқтарын сыйлады.