Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 1.06.2020

Қорытынды жаңалықтар 1.06.2020

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев балаларды қорғау күнімен құттықтады. Мәтін Елбасы баспасөз қызметінің инстаграм парақшасында жарияланды. Нұрсұлтан Назарбаев отбасында бақ-береке, қауіпсіздік пен баспананың болуын тұрақтылыққа балады. «Өмір бақыты - әке, ана болу, ата-аналардың денсаулығы және балалардың шаттығы» деді.

***

Президент те қазақстандықтарды балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтады. Құттықтау сөзін Қ.Тоқаев twitter-де жариялады. «Барша қазақстандықты Балаларды қорғаудың халықаралық күнімен құттықтаймын. Бұл – өскелең ұрпақтың амандығына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне аға буын жауапты екенін еске салатын мереке. Еліміздегі әр бала мейірімге бөленіп, балалық шағын бақытты әрі қызықты өткізуге қақылы», – делінген Мемлекет басшысының твитінде.

***

Бүгін 1-сыныпқа құжаттарды қабылдау басталды және ол 1 тамызға дейін жалғасады. Білім және ғылыми министрлігінің Telegram парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, құжаттарды тапсырудың үш жолы бар. Атап айтқанда, egov.kz арқылы, ХҚКО арқылы және қағаз түрінде мектепке тапсыруға болады. Қажетті құжаттар тізімі мынадай: Ата-ананың (немесе оларды алмастыратын тұлғалардың) өтініші; Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; «Бала денсаулығы паспорты» 026/у-3 нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат; 063/у нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат; 3х4 көлеміндегі 2 фото.

***

Еліміздегі барлық блокбекеттер алынды. Бүгіннен бастап кез келген бағытта қоғамдық және жеке көлікпен емін-еркін жүруге болады. Жалпы, карантин кезінде еліміз бойынша 400-ге жуық блокбекет орнатылған. 78 күн ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы 7 бекеттен рұқсаты бар 800 мың адам мен 292 мың автокөлік өткен. Карантин талабын сақтамай, ереже бұзған 236 адам жауапкершілікке тартылды.

***

Өткен тәулікте елімізде коронавирус жұқтырып алған 450 адам анықталды. Еліміз бойынша бұл аурудың ілмегіне ілінгендердің қатары 11 мыңнан асқан. Дегенмен 5,5 мыңға жуық науқас жазылып шықты. Өкінішке қарай, кеше 3 адам осы аурудан көз жұмды. Олардың біреуі Батыс Қазақстан облысының тұрғыны. 53 жастағы ер азамат «Теңізшевройл» кен орнында жұмыс істеген. Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған 41 адам тіркелді.

***

Алдағы аптадан бастап еліміздегі балалар лагерінің жұмысы жанданады. 8 маусымда екі өңірдегі орталықтардың жұмысына рұқсат берілді. Ал 12 маусымда қалған 12 аймақтағы оқушылар демалатын орындар ашылады. Елордадағы балалар лагері 20 маусымда жұмысын бастайды деп жоспарланған. Бұл жөнінде Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина мәлімдеді. Оның айтуынша биыл бас-аяғы миллионнан астам оқушы демалыс орындарына аттанады. Яғни Қазақстан аумағындағы 12 мыңнан аса лагердің 65 проценті жұмыс істейді.

***

Қазақстанда өткен жылы 250 бала жол-көлік оқиғалары кезінде көз жұмған. Ювеналды полиция басқармасының мамандары осындай статистиканы жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәселен, өткен жылдың өзінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 3 мың жол апаты болған. Мыңдаған бала жарақат алып, оның 250-і көз жұмған. Ал биыл осыған ұқсас 600 оқиға тіркелді. Әсіресе, қазіргідей оқу маусымы аяқталып, жазғы демалыс басталған тұста аса сақ болу керектігін ескертеді полиция қызметкерлері. Балаларды тасымалдайтын автобустардың алдында және артында арнайы белгі орнатылуы қажет. Ал оның тізгінінде отырған жүргізуші кемінде 5 жыл еңбек өтілі болуы міндетті.

***

Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында ауа райының қолайсыздығына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазгидрометке сілтеме жасап. 2 маусымда күндіз Ақтөбе облысында оңтүстігінде қатты ыстық болады, температура 38 градусқа жетеді. Солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 18 м/с жетуі мүмкін. 2 маусымда күндіз Маңғыстау облысының кей жерлерінде 40 градусқа жететін қатты ыстық күтіледі. 2 маусымда күндіз Алматы облысында 35 градус қатты ыстық болады.