Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 7.08.2020

Қорытынды жаңалықтар 7.08.2020
  • Нұр-Сұлтанда мұғалімдер мен дәрігерлерге әлеуметтік тұрғын үй салынуда.
  • Үкімет дәрігер кеңесімен үйде емделетіндерге дәрі сатып әпереді. 
  • Ресей Қазақстанға әуе рейстерін тамыздың соңына дейін шегерді. 
  • Қазақстан халқы 10 тамызда Абай күнін атап өтеді.
  • Петропавлда жеке тұрғын үйде болған өрттен 3 адам көз жұмды.
  • Қостанай облысында жыл соңына дейін үш мектеп пен екі студенттік жатақхана салынады.


Елордада мұғалімдер мен дәрігерлерге әлеуметтік тұрғын үй салынуда. Бұл үйлер сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй қатарына жатады. Әкімдік Қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп бірқатар әлеуметтік тұрғын үй құрылысын жүзеге асыруда. Қала әкімі Алтай Көлгінов бүгін таңертең Шұғыла, Қосшығұлұлы, Абайдың 150 жылдығы,Торайғыров көшелерінде, Төлебаев және Шарбақты көшелерінің қиылысында және Тілендиев даңғылында орналасқан үйдің құрылыс барысымен танысты. Көлгіновтің айтуынша, биыл берілетін пәтер саны 1 мыңға жуық. 

***

Қостанай облысында жыл соңына дейін үш мектеп салынады. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, өңірде жаңа мектептердің құрылысы жүріп жатыр. Бұған қоса 131 білім беру нысаны күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта 91 мектептегі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Өңірдің білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жұмыстары аяқталды. Оған облыстық бюджеттен 187 млн теңге бағытталды. Қазір 460 мектепке бейнебақылау камералары қойылды. Айта кетейік, облыста студенттерге арналған екі жатақхана салынып жатыр. Ол жылдың соңына дейін салынып бітеді. 

***

Үйде емдеу үшін 8,6 млрд теңгеге бес міндетті дәрі сатып алынады. Сатып алынатын дәрі-дәрмектер тізіміне парацетамол мен ибупрофен препараттары, антикоагулянттар кіреді. Бұл туралы "СҚ-Фармация" Басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айтты. Көптеген жағдайда ауру жеңіл немесе орташа ауырлықта жүреді, бірақ медициналық қолдауды қажет етеді. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты диагностикалау және емдеу хаттамасына амбулаториялық деңгейде емделіп жатқан пациенттерге арналған негізгі бес препаратты енгізуді мақұлдады, - деді Есқалиев. Оның айтуынша, қазір сатып алу рәсімдері аяқталуда. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша. бұл қор бір миллион науқасты емдеуге жетеді. 

***

Петропавлда жеке тұрғын үйде өрт болып, үш адам көз жұмды. Өртті сөндіру кезінде құтқарушылар үйден 32 жастағы үй иесі мен 9 және 5 жастағы екі баланың денесін алып шыққан. Алғашқы бөлімшелер келген кезде үйдің шатыры толығымен өртке оранған. Бұл өрттің уақтылы анықталмауын және өрт туралы хабарламаның кеш түсуін көрсетті. Өрт ішінара көрші үйге тараған. Өрттің және өлімнің себебін жедел-тергеу тобы анықтайды. Жыл басынан бері 28 солтүстік қазақстандық тілсіз жаудан көз жұмған.

***

Ресейдің «Аэрофлот» әуе компаниясы халықаралық бағыттағы тұрақты рейстерді тамыз айының соңына дейін шегергенін мәлім етті. Бұл тізімде Қазақстанның тоғыз қаласы бар. Мұның бәрі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып жасалған. 31 тамызға дейін Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларына рейс жоқ. 1 мамырдан кейін билет алғандардың ақшасы қайтарылады. Ал бұл уақытқа дейін билет сатып алғандарға ваучер рәсімделеді. 

***

«Коронавирус инфекциясынан емделу үшін дәрі-дәрмектің тұрғындарға жеткілікті болуы ел үкіметінің тікелей бақылауында. Маусым айының соңында індетпен ауырғандардың саны көбейіп, ауруханалар мен провизорлық орталықтарда дәрі тапшылығы болған. Коронавирус індетін емдеу үшін ай сайынғы дәрі-дәрмек қорын қалыптастыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. 40 мың науқасқа қосымша дәрі-дәрмек сатып алу үшін 8,6 млрд теңге қарастырылды. 

***

Елордаға жақын Қоянды ауылында екі бала суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД сілтеме жасап. Бүгін түскі бір шамасында Қоянды ауылындағы көлшікте суға шомылмақ болған екі баланың суға батып кеткендігі туралы хабар түсті. Куәгерлер баланың біреуінің денесін жағаға алып шықты. Оның аты-жөні анықталып жатыр. Ал, 2012 жылы туған екінші баланың денесін Нұр-Сұлтан жедел құтқару жасағы іздеуге кірісті. 

***

Қазақстан халқы 10 тамыз күні ел үкіметінің қаулысымен енгізілген «Абай күнін» атап өтеді. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндер» туралы заңға сәйкес, бұл күнге «Отбасы күні», «Құтқарушылар күні», «Мұғалімдер күні» сынды атаулы күн мәртебесі берілген. Ұлттық, мемлекеттік мереке ретінде саналмайтындықтан, бұл күн демалыс күніне түспесе, жұмыс күні болып есептеледі. «Абай күні» биыл алғаш рет дүйсенбі күні мереке ретінде тойланады.  

***

Биыл әлемдік ЖІӨ 4,5%-ға қысқарады Deutsche Bank осындай болжам жасады. Мамыр айында банк жаһандық экономика 6%-ға кемиді деп топшылаған еді. Сарапшылар осы жолғы болжамда коронавирус дағдарысынан кейінгі жандану қарқыны жоғары болады деген пікірде. «Пандемия кесірінен бәсеңдеген экономикалық белсенділік қарқыны біз ойлағаннан да жылдамырақ. Банк болжамына сәйкес, биыл ЕуроОдақтың ЖІӨ-і 8,6%-ға, АҚШ-тыкі 5,2%-ға, Жапонияныкі 6,4%-ға, азайып, Қытайдыкі, керісінше, 1,6%-ға артады.