Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 14.08.2020

Қорытынды жаңалықтар 14.08.2020

Елімізде 17 тамыздан бастап карантиндік шаралар біртіндеп жеңілдетіледі. «Сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысына рұқсат берілді. Бұған дейін бұл нысандарда тек дәріханалар мен супермаркеттер ғана жұмыс істеп келсе, 17-сінен бастап бутиктердің жұмысына да рұқсат беріледі. Бірақ санитариялық нормалар қатаң сақталуы керек. Біз мұны жіті қадағалаймыз», - деді ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова. Сондай-ақ балаларға арналған коррекциялық кабинеттер, ересектер мен балаларға арналған білім беру орталықтары ашылады. Бұл топтарда адам саны бестен аспауы керек.

***

Коронавирус вакцинасын қарттар мен дәрігерлер бірінші болып алады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бізде қауіпті топтар бойынша жоспар бар, олар - 60-65 жастан асқан, белгілі бір созылмалы аурулары бар адамдар. Сондай-ақ, бұл топқа медицина қызметкерлері де жатады. «Өйткені олар, ең алдымен, пациенттермен байланыста болады. Сондықтан біз вакцинацияға дайындық, вакцинаны таңдау және Денсаулық сақтау министрлігінде вакцинация стратегиямызды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізудеміз», - дейді Айжан Есмағамбетова.

***

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай келесі дүйсенбіден бастап барлық өңірде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. «Жұмысын бастайтын бизнес өкілдері үшін Инфо казахстан.кз сайты іске қосылды. Осы сайт арқылы тіркелсе, оларға рұқсатнама беріледі. Егер кәсіпкерлерде ЭЦҚ болмаса, мұны олар өңірлердегі Атамекен палатасының өкілдіктерінен ала алады» , - дейді Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев.

***

Алматыда жедел жәрдем шақырту едәуір азайды. Бұл туралы онлайн брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров айтты. Өтініштер мен шақырту саны соңғы айда 1-3 санат бойынша 2200-ден 1400-ге дейін және 4 жеделдік санаты бойынша 280-ден 170-ке дейін азайған. Вирус өршіген шақта біз мүлдем басқа көрсеткіштерді байқаған едік. Жедел жәрдем тәулігіне 8 000-ға дейін өтініш қабылдаған. Сонымен қатар, ол қалаға қосымша 55 жедел жәрдем көлігі сатып алынатынын атап өтті.

***

Қыркүйектің ортасында Қазақстан мен Мысыр арасындағы әуе қатынасы жанданады. Алдымен «Нұр-Сұлтан-Шарм-Эль-Шейх» және «Алматы- Шарм-Эль-Шейх» бағыттары бойынша тікелей ұшулар жоспарланған. Қазан айында Шымкент, Қостанай қалалары қосылады. Айта кетейік, туристік пакеттегі турлардың құны былтырғы деңгейде қалған. Қызметті еліміздегі барлық туристік агенттік көрсетеді. Шарм-эль-Шейх пен Хургада курорттарына тікелей чартерлік және тұрақты рейстермен келген туристерден ПТР тестерінің нәтижесі сұралады. Ағзада коронавирус жоқтығын дәлелдейтін құжат мерзімі 72 сағаттан аспауы керек.  

***

«Тараз-Арена» спорт кешеніне белгілі спортшы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің есімін беру ұсынылды. Жамбыл облысы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен ұсынысы мәслихаттың кезектен тыс отырысында мақұлданды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жақсылық Үшкемпіровтің отандық күрес мектебінің қалыптасуы мен дамуына, қазақстандық спорттың жоғары деңгейге көтерілуіне қосқан үлесін атап өтіп, халық қалаулыларына бұл бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтты. Нысанды қайта атау жөніндегі ұсыныс Республикалық ономастика комиссияның қарауына жолданады.

***

Түркістан облысының Отырар ауданында туып-өсіп, «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовқа туған жерінде музей ашылды, деп хабарайды ҚазАқпарат. Аталған шара Ұлы композитордың 90 жылдық мерейтойына арналды. Шәмші мұрағатын күтіп-баптау үшін мекеме облыстық музейдің филиалы ретінде ашылып, арнайы штат санымен мамандары жұмыс істейді. Өскелең ұрпаққа Шәмшіні насихаттау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды. Ең алдымен, облыс орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі берілсе, музыка мектебінің алдында еңселі ескерткіші бой көтереді. Сондай-ақ, Түркістан қаласындағы көшелердің бірі сазгер есімімен аталады.

***

Қазақстан үстел теннисі федерациясы еліміздің ашық чемпионатын жалғастыруға қатысты жаңа шешім қабылдады. Ашық чемпионатқа қатысатын команда өкілдері кеңейтілген онлайн жиын өткізіп, видеоконференцияда біріншіліктің ары қарайғы тағдыры талқыланды. Келісе келе, мамандар Супер және Жоғары лиганың екінші айналымын 15-18 қазан аралығында Қарағандыда өткізетін болып шешті. Алайда коронавирус індетіне байланысты чемпионат бұрынғыдай төрт айналым емес, екі айналымнан аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Айта кетелік, әзірге Шымкент командасы көш бастап келеді. 

***

«Жас ұлан» республикалық әскери мектебіне биыл 150 бала қабылданады. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты құжаттарды өткізу және талапкерлерді іріктеуге бірқатар өзгеріс енгізілген. Жаңа талап бойынша балаларды қабылдау оқу үлгірімі мен медициналық анықтама негізінде жүргізіледі. Бұрынғыдай үміткерлер келіп, бірнеше сынақтан өтпейді. Арнайы комиссияның жұмысы онлайн үлгіде көрсетіледі. Бұған қоса ата-аналар мен комиссия мүшелері арасындағы жеке карым-қатынасқа қатаң шектеу қойылған. Барлық байланыс тек бейне- жане аудиожазба арқылы болады. Оқуға қабылдаған балалардың нақты тізімі 20 тамызда жарияланады.