Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 9.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 9.09.2020

Қазақстанда Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі құрылды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Енді Президент Әкімшілігі бір ай мерзімде осы агенттіктер мен олардың құрылымдары туралы ережелердің жобаларын; қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдардан штат санын құрылған агенттіктерге қайта бөлу, сондай-ақ олардың қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі жөнінде ұсыныстар енгізуі қажет. Сонымен қатар, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігі құрылды.

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері қаралды. Президент коронавирус індеті кезінде Ресей Федерациясының Қазақстанға көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы елдер арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан ары дамытудың маңыздылығын атап өтті.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Президентке шахардың эпидемиологиялық жағдайы және коронавирус індетінің болуы ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары туралы баяндалды. Сондай-ақ, қала тұрғындарын еңбекке тарту және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға көмек көрсету туралы ақпарат берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудағы міндеттемелердің толық әрі бұлжытпай орындалуы керек екенін атап өтіп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға баса мән беруді тапсырды.

***

Үкімет Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды қабылдады. Бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ұсынған Жалпыұлттық жоспар Президент белгілеген негізгі бағыттар бойынша 143 тармақтан тұрады. Бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінде ұлттық басымдықтар қамтамасыз етіледі және бюджеттен тыс қорлардың қаражатын ескере отырып, «кеңейтілген бюджет» енгізіледі. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейту, қолайлы отбасылық-демографиялық жағдай жасау, экологияны, білім беру сапасын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады. Президент жоспарды бекіткеннен кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оны дереу орындауға кірісуі тиіс, — деді Асқар Мамин.

***

Сонымен қатар, Үкімет отырысында белгілі болғанындай, елімізде демалыс күндеріндегі локдаун сақталады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, аурудың таралуын болдырмау және елдегі эпидемиологиялық жағдайды сипаттайтын оң динамиканы сақтау үшін кейбір шектеу шаралары өз күшінде қалады. Қазір министрлік күзгі маусымға дайындықты бастап кетті. Ауруханадағы орындар санын 50 мыңға дейін арттыру мәселесі пысықталуда. Өңірлерде 12 жұқпалы аурулар ауруханасы салынып жатыр, 2 стационар қайта жөнделуде. Ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Елімізде жеке қорғаныш құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалды. Вакцина сатып алу және өзімізде вакцина жасап шығару жөнінде келіссөздер өткізілді,-дейді министр.

***

QazCovid-in» қазақстандық вакцинаның клиникалық сынағына қатысуға өтінім қабылдау ертең аяқталады. Осы уақытқа дейін 627 адам екпе салдыруға ниет білдірді. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты алғашқы кезеңде 44 адамды, екіншісінде 240 адамды іріктеуді жоспарлап отыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен рұқсат алынғаннан кейін Алматы қаласындағы клиниканың базасында COVID-19-ға антиденесі жоқ 44 еріктіге клиникалық сынақ басталады.  

***

Қазақстанда визаларды беру тәртібіне өзгеріс енгізілді. 18 қыркүйектен бастап еліміздің халықаралық әуежайларында визаларды беру өкілеттігі ҚР Ішкі істер министрлігіне беріледі. Бір мәртелі іскерлік, туристік және емделуге арналған визаларды электрондық форматта ала алатын 109 елден тұратын тізім кеңейтілді және бекітілді. Бұрынғы отандастарға өтініш негізінде 3 (үш) жылға дейінгі мерзімге жеке сапарға арналған көп мәртелі визаларды алуға құқық беріледі. Инвесторлар үшін визалардың қолданылу мерзімі 3 (үш) жылдан 5 (бес) жылға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының» инвестициялық резиденттеріне виза беру тәртібі айқындалды.

***

Білім және ғылым министрлігі Zoom-мен сабақ беру барысында туындаған келеңсіздіктердің қайталанбауын қадағалайды. Бұл туралы Ведомство басшысының орынбасары Шолпан Каринова айтты. Оның сөзіне қарағанда, жаңа оқу жылына дайындық аясында 350 мыңға жуық мұғалімге ІТ-құзыреттілікті үйретуге бағытталған курстар ұйымдастырылған. Соған қарамастан, осындай келеңсіз жайттар орын алып отыр», - деді вице-министр.

***

Таяуда 111 бірыңғай байланыс орталығы іске қосылады. Орталыққа құқығы бұзылған, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендер хабарласа алады. БҰҰ-ның адам құқығы бойынша сарапшысы Халида Әжіғұлованың айтуынша, бұл буллинг, кибербуллингке қарсы маңызды механизм. Оған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа куә болған бала да, ересек те хабарласа алады. Бұл орталық Қазақстан бойынша жұмыс істейді. Республикалық маңызы бар әр қалада өзінің кеңсесі бар. Қоңырауды операторлар, психологтар қабылдайды және бірден жергілікті полиция департаментіне байланысқа шығады.

***

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 2704 отбасыға және аз қамтылған, көп балалы отбасыдан шыққан, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынан айырылған 5938 балаға 107 млн теңге көлемдіне көмек көрсетті. Осындай отбасыларға қайырымдылық, қоғамдық қорлар, кәсіпкерлер мен еріктілердің көмегімен планшет, смартфондар мен сим-карта, интернетке қосылуға роутер, модем секілді техникалық құралдармен қатар, оқуға қажетті кеңсе тауарлары таратылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер балалардың оқу ақысын төлеп, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға қайырымдылық көмек көрсетуде Қызылорда облысы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облысы көш бастап тұр.