Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 18.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 18.09.2020

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова елімізде мемлекеттік қызметшілердің санын 25 пайызға қысқарту туралы Президент тапсырмасы қалай орындалатынын айтып берді. Оның атап өтуінше, биыл мемлекеттік аппаратты 10 пайызға, келесі жылы тағы 15 пайызға оңтайландыру жоспарланып отыр. Осылайша Президенттің мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқарту туралы тапсырмасы 2021 жылы жүзеге асырылмақ. Агенттік төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 97 мың мемлекеттік қызметші бар. Бұл – 9,2 млн экономикалық белсенді халықтың 1,1 пайызы. Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттердің көрсеткішімен сай келеді. Мәселен Францияда мемлекеттік қызметшілердің үлесі 8 пайызға, Канадада 1,5, Австралияда 1,4, АҚШ-та 1,3 пайызға тең.

Анар Жайылғанованың сөзіне қарағанда, оңтайландыруға жататын лауазымдар кезінде ең біріншіден тұрақты вакантты лауазымдар қарастырылады. Бүгінгі таңда вакансиялардың саны 8 мың. Бұл – мемлекеттік аппараттың жалпы лауазымының 8,5 пайызы. Сонымен бірге зейнеткерлердің жұмысты босатуына байланысты 1 мың лауазым бос қалады. Одан бөлек 6 мың мемлекеттік қызметкер жеке секторға немесе басқа да ұйымдарға ауысады.

***

Мемлекет 36 жоғары оқу орнына грант бөлген жоқ. Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев хабарлады. Университет пен институттар және академиялар түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші мен «Атамекен» рейтингіндегі әлсіз позициясы негізінде іріктелген. Осылайша, мемлекет қолдауына ие болмағандардың қатарында «Астана» университеті, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты мен Алматы экономика және статистика академиясы да бар. Мәселен, Орталық Азия университетінде экономист түлектердің тек 30 проценті жұмыс табады. Білім беру бағдарламаларының өзектілігі 10 проценттен төмен. Ал Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетте «Информатика» мамандығы түлектерінің 29 проценті жұмысқа орналасады. Тағы төрт мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 50 процентке де жетпейді.

***

Нұр-Сұлтанда пәтерлерді заңсыз сатқан құрылыс компаниялары жауапқа тартылды. Бұл туралы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бердалин мәлім етті. Оның айтуынша, жыл басынан бері пәтерлерді заңсыз сатқан 16 құрылыс компаниясына қатысты әкімшілік іс қозғалған. Олар баспаналы болғысы келген үлескерлердің ақшасын заңсыз тартып, тіпті салынып бітпеген пәтерлерді сатқан. Сондай-ақ, аталған басқарма басшысының орынбасары заңсыз пәтер сатумен айналысқан құрылыс компаниялардың тізімін атады. «Бүгінде заңбұзушылыққа жол берген құрылыс компаниялардың үстінен қозғалған арыз-талаптар сотқа жолданды. Нәтижесінде, «Шанг Хи Групп» ЖШС, «ExpoNewLife» ТК, «Roztal» ЖШС, «Family Park» ТК, «Mainstreet» ЖШС және «Парус» ТК пәтерлерді заңсыз сатқандығы анықталды»- дейді Ерлан Бердалин. Оның айтуынша, жоғарыда аталған компанияларға қатысты тергеу шаралары әлі де жалғасуда.

***

Қазақстанда сауда орталықтарының демалыс күндері жұмыс істеуіне рұқсат беріле ме? Бұл сұраққа ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқарма басшысы Роза Қожапова ОКҚ брифингінде жауап берді. Айтуынша, сауда орталықтары мен сауда үйлерінің демалыс және мереке күндері жұмыс істеуіне әлі де тыйым салынады. Тек сауда орталықтарында орналасқан азық-түлік дүкендері мен дәріханалар жұмысына рұқсат берілген.

***

Алматыда алдағы демалыс күндері, яғни 19-20 қыркүйекте қоғамдық көлік жүреді. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, демалыс күндері қоғамдық көліктер таңғы сағат 06:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетейік, қалада тұрғындардың өтініші бойынша, қыркүйек айы басталғалы қоғамдық көлік, оның ішінде метро кестеге сәйкес жұмыс істей бастады.

***

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған оқытушылардың А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық онлайн режімдегі байқауы өз мәресіне жетті. Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды. Елімізге танымал ғалым, педагог, әдіскерлерден құралған қазылар алқасы тіл үйретуші мамандардың мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту және оны сапалы оқыту мақсатында Алаш арысы идеяларын жүйелі жалғастыра білуін, оның тіл үйретудегі әдіс-тәсілдерін өз жұмысында үйлесімді қолдануын бағалады. Шара барысында өңірлерде мемлекеттік тілді оқытумен айналысып жүрген әдіскер мамандар, оқытушылар өзара тәжірибе алмасып, әдістемелік біліктіліктерін шыңдады, озық тәжірибелермен бөлісті. Еліміздің 11 өңіріндегі Тілдерді оқыту орталықтарының қатысушылары төмендегідей нәтижеге қол жеткізді: қарағандылық Хасенова Жансая қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, Бас жүлдегер атанды. Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Болат Мөлдір қалғандарынан қара үзіп шығып, екінші орынға ие болды. Қызылорда облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары Махамбетова Айдана мен Сейтім Алина бәйгенің үшінші орнын бөлісті.

***

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара» аясында жер-жерде қайырымдылық жұмыстары жалғасуда. Елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры, Бас дәрігер Жасан Зекейұлын қабылдады. Кездесуде халықтың тәні мен жанын емдеудің маңыздылығы, сауапты шараларға үлес қосудың мәні туралы сөз болды.Кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «30 жылдық мерейтойға – 30 игі шара» аясында 30 адамға тегін ем-дом жасау жұмысы жан-жақты талқыланды. Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры Жасан Зекейұлы бұл бастамаға қолдау көрсететінін мәлімдеп, мүфтияттың нұсқамасымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан ай сайын 10 адамды, барлығы 30 азаматты тегін емдеуге уәде берді. Тараптар осы бастама аясында ортақ игі жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.