Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 22.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 22.09.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, - деп хабарлайды Ақорда. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бергі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы Жеңіс Қасымбектің есебін тыңдады. Мемлекет басшысына қайта өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, ауылшаруашылығы өндірісіндегі оң өзгеріс, астық жинау науқаны, сонымен қатар жылыту маусымына дайындық және Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру барысы, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыс туралы ақпарат берілді. Президентке облыстағы коронавирус індетінің алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары, пандемияның болуы ықтимал екінші толқынына дайындық жағдайы да айтылды. Жеңіс Қасымбек медициналық инфрақұрылымдар мен дәрігерлерді даярлау жұмыстары туралы айтып берді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірге инвестиция тарту және басқа да аймақты дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.

***

Қазіргі күні еліміздегі астық алаңының 93,4 пайызы жиналып, қамбаға 18 млн-нан т-дан астам астық бастырылған. Ауыл шаруашылығы министрі Үкімет отырысында биыл егін жинау науқанының қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары екенін және гектарына орташа есеппен 12,3 центнерден жиналғанын мәлімдеді. «Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісінің болжамды көлемі елдің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді», – деді Сапархан Омаров. Сондай-ақ, министр отандық бидай мен ұн қай елдерге экспорталатынын атап өтті. «Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі жеткізілімдері дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады», – деді Сапархан Омаров.

***

Павлодар облысында құс тұмауы тіркелген бірнеше ауыл карантинге жабылады. Тереңкөл және Железинка аудандарында үй құстары жаппай қырылып жатыр. Бүгінгі күні 2 мыңнан аса үйрек, қаз, тауық және күркетауық өлген. Ұлттық ветеринариялық орталық сараптамасының қорытындысы бойынша қанаттылардың құс тұмауына шалдыққаны белгілі болды. Жұқпалы індет Тереңкөл ауданының Трофимовка елді мекенінде 158 құстан табылған. Осы орайда аудандық ветеринариялық инспекциясының ұсынысымен Жаңақұрылыс ауылдық округінің әкімі шектеу қою туралы құжат жобасын әзірлеп, Әділет басқармасына жолдаған. Қаулыға сәйкес ауылдан шығатын көліктердің бәрі дезинфекциялық бекеттерден өтеді. Халық арасында түсіндіру жұмыстары қолға алынған.

***

Алматы облысы Шонжы ауылында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешені бітпей жатып, қирап қалған. Ұйғыр ауданындағы нысан құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында басталған. Жоспар бойынша спорт кешені 2021 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілуі тиіс еді. «Лидер НК» мердігер компаниясы салып жатқан нысанның жалпы құны – 1 млрд 171 млн теңге. Бірақ бюджет ақшасына бой көтеруі тиіс ғимараттың бітпей жатып, шатыры құлаған. «Оның себеп-салдары әлі белгісіз», – дейді құзыретті орган өкілдері. Облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Усманбаевтың айтуынша, оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмастары жүргізіліп жатыр.

***

Ақтөбедегі оқушы қыздардың төбелесінен соң қылмыстық іс қозғалды. Ата-аналар жауапқа тартылуы мүмкін. Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқиғаның негізгі себебін атады. «20 қыркүйек күні қыздар төбелескен. Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл ауылындағы 10 қыз бір-бірінің сөзін көтере алмаған. Олар алдымен әлеуметтік желідегі ортақ чат арқылы ұрcысқан. Балағат сөз айтқан. Негізгі себебі - осы. Кейін кездесіп, төбелескен. Жаға жыртысуды арнайы видеоға түсіріп, өздері әлеуметтік желідегі парақшаға жүктеген. Жәбірленуші қыз дене жарақатын алмаған. Оқиғадан соң лезде Темір аудандық білім бөлімі, полиция бөлімінен арнайы мониторинг тобы құрылып, зерделеу жұмысы жүргізілді», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова. Айта кетейік, қазіргі кезде төбелескен қыздардың ата-анасы ортақ мәмілеге келген. Олардың бәрі - 8, 9, 10 сынып оқушылары. Арасында бір отбасының екі қызы да бар. Осы оқиғадан соң үш мектеп директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар мен сынып жетекшілеріне тәртіптік жаза қолданылған.

***

Елордалық «Барыс» хоккей клубының ойыншылары коронавирус жұқтырған. Сондықтан «Барыстың» қатысуымен өтетін алдағы 6 ойын кейінге шегерілді. Бұл туралы хоккей клубының баспасөз қызметі ресми түрде мәлімдеді. «Команданың он екі мүшесінен және жаттықтырушылар құрамынан анықталған коронавирус инфекциясына арналған тесттердің алғашқы оң нәтижелеріне байланысты команда екі апталық карантиннен өтуі керек», – делінген хабарламада. Жоспарланған «Динамо», «Металлург», «Куньлунь», «Витязь», «Сочи» клубтарымен мұз үстіндегі айқастың қашан өтетіні әлі нақтыланған жоқ. «Барыс» хоккей клубының баспасөз хатшысы Евгений Акмановтың айтуынша, алдағы ойын 4 қазанда СКА командасына қарсы өтеді.