Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қатаң карантиндік шаралар қайта қабылдануы мүмкін

Қатаң карантиндік шаралар қайта қабылдануы мүмкін

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева коронавирусқа қатысты талаптар сақталмаса, онда қатаң карантиндік шаралардың қайта қабылдануы мүмкін екендігін айтты. «Есепті кезеңде фармацевтикалық компаниялар қызметінің мониторингі нәтижелері бойынша 102 субъект тіркелмеген дәрілік препаратты сату және дәрі-дәрмектерге белгіленген шекті рұқсат етілген бағадан асып кету фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді ол баспасөз мәслихатында. Сонымен қатар ол дәрігерлер мен мамандар бірнеше рет тұрғындарды бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу туралы қарапайым талаптарды орындауға үндеу жасағанын атап өтті. «Бірақ бәріміз көріп отырғанымыздай, бұл талаптар еленбейді және сақталмайды. Егер осылай жалғаса берсе, жалпы қала бойынша КВИ ауруының өсуіне әкелуі мүмкін. Біз белгілі бір қызмет түрлерін тоқтата отырып, қатаң шектеу және карантин шараларын қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Осыған байланысты тағы да қала тұрғындары мен қонақтарын шыдамдылыққа, санитарлық ережелерді сақтауға шақырамын. Себебі вирустың таралуы жалғасуда», - деді Жанна Пралиева.

***

Қазақстандық полицейлер банктен қомақты қаражат ұрлап, Біріккен Араб Әмірліктеріне қашып кеткен 57 жастағы әйелді елге қайтарды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мәлімдеді.Экс-банкир бірнеше жылдан бері клиенттердің депозиттік шоттарынан жасырын аударымдар жүргізген. Сөйтіп қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін БАӘ-ға қашып кеткен. Осы жымысқы әрекетінен соң оған халықаралық іздеу жарияланды. 18 қыркүйекте әйел адам ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша Дубайда ұсталып, елге қайтарылды. Күдікті қазір уақытша ұстау абақтысында отыр. Тергеу жалғасып жатыр.

***

Биыл 1 қазан Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына 99 жыл. Алғаш 1921 жылдың күзінде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Орынбор қаласынан хабар таратқан. Ғасыр куәсі болған қара шаңырақ, әр қоғамның тұсында әрқалай дамып, уақыт өткен сайын заман талабына сай жаңғырды. Қазір құрамына 4 бірдей (Qazaq radiosy, Shalqar, Astana, Classic) радионы біріктірген QAZAQ RADIOLARY серіктестігі бүкіл қазақ даласына ақпарат таратады. Qazaq radiosy пандемияға бейімделіп, елдің әлеуметтік, құқықтық тақырыптардағы қажетін өтеуге біржолата ден қойды. Ал Shalqar болса, таза ұлттық бағыттағы таным, тарих пен пайым-парасаттың өзегіне айналды. Қазір «Qazaq radiosy» республиканың 89% аумағына тараса, ал «Shalqar» радиосын елдің 64% тыңдайды.

***

Биыл 1 қазан күні «Қазақ радиосының» қара орман халқына арнаған өзіндік сыйы бар. Яғни, осы күні Нұр-Сұлтан және Алматы студияларынан эфирге шығатын ардагер дикторлардың дауысы әуе толқынында қайта жаңғырады. Сатирик Көпен Әмірбек «Қайырлы таңда» тыңдарманға тамаша көңіл-күй сыйласа, барқыт үннің иесі Сауық Жаханова «Жырлайды жүрек» хабарын жүргізеді. Ал Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сынды дикторлар жаңалықтар жаршысы болып, еліміздегі және жаһандағы соңғы ақпаратпен таныстырады. Күләш Молдахметова балаларға арналған «Тапқыр бала» хабарын тікелей эфирде жүргізсе, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын дайындайды. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» хабарының тізгінін ұстайды. Радиомыздың тағы бір топ ардагер журналистері «Достық», «Біз жанбасақ», «Радиомедицина», «Ақ тілек» хабарын жұрт назарына ұсынады. «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның айтуынша, «Қазақ радиосының» ғасырлық мерейтойын атап өту – «сағындырған дауыс иелері» аға буын өкілдерінің осылайша эфирмен қайта қауышуымен басталады.