Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 30.09.2020

Қорытынды жаңалықтар 30.09.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық, волонтерлік ұйымдардың және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн форматта кездесу өткізді. Мемлекет басшысы өз сөзінде қайырымдылық пен волонтерліктің пандемия кезінде жалпыұлттық сипат алғанын атап өтіп, оның әлеуметтік нормаға айналғанын және халықтың дұрыс қабылдағанын айтты. «Еріктілердің бұл жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі. Волонтерлік қызмет осы жылмен тоқтап қалмайды, алдағы уақытта да жалғаса береді. Өйткені волонтерлік қызмет мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаттарымен үндесетін болғандықтан, бұл – рухты көтеретін, халықтың мұң-мұқтажын бөлісетін қозғалыс», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай қиын-қыстау кезде сырт қалмай, отандастарына көмек қолын созған, мейірімділік, ізгілік танытқан әр азаматқа ризашылық білдіріп, бірқатар азаматты пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін «Халық Алғысы» медалімен марапаттады.

***

Бүгін Үкімет отырысы өтті. Елдегі эпидемиологиялық ахуал жайлы сөз бастаған Алексей Цой Қазақстанда жаңа оқу жылы басталғалы бері 104 оқушы коронавирус жұқтырып алғанын мәлім етті. Оның 33-і – кезекші сыныптарда оқитын балалар. Ал, 71 –і қашықтан білім алып жүргендер. Осыған байланысты Алексей Цой қауіпсіздік шаралары бойынша аймақ басшыларынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді сұрап отыр. Карантин режимінің әлсіреуімен бірге карантин тәртібін бұзу жағдайлары 34 пайыздан 47 пайызға дейін артты. Осылайша, халықтың босаңсып, карантин режимін бұза бастағаны алаңдатады,-дейді министр.

***

Ал, Үкіметте сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантиндік шараларының сақталуын күн сайын 10 мыңнан аса полицей, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлар қадалағап жүргенін айтты. Екі облыста төрт блокбекет пен екі санитарлық пост қойылған. Сонымен бірге полиция 299 карантин нысанын бақылауда ұстап отыр. 5 мыңнан астам бірлескен рейд нәтижесінде карантин режимін бұзудың 28 мың жағдайы анықталған. Оның 4600-і сауда орталықтарында, дүкендер мен базарларда тіркелсе, 1700 факт мейрамханалар мен басқа да тамақтану орындарында болған. Қоғамдық тәртіпті бақылау жүргізу барысында полиция қызметкерлері карантин режимінің өрескел бұзылуының 15 мың жағдайын – тойлар мен еске алу шараларының өтіп жатқанын, демалыс орындарының жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Қазір кей нысандар жабылып, тиісті тұлғалар жауапқа тартылды,-дейді Ерлан Тұрғымбаев.

***

Үкімет мүшелерінің баяндамасын тыңдаған Премьер-министр Асқар Мамин елде коронавирус инфекциясының қайтадан өршіп кетпеуі үшін бірқатар шара қабылдауды тапсырды.

***

Елде 11 мыңнан астам білім беру нысаны жылыту маусымына әзір. Ал денсаулық сақтау мекемелерінің 99 пайыздан астамы дайын тұр. Тек Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында дайындық қарқыны төмен. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, биыл суықтың ерте түсуіне байланысты Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу мерзімінен ерте берілді. Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлері де жылуға қосылды. Қалған өңірлерде жылыту маусысы 15 қазанға дейін басталады. Министрдің айтуынша, елде өткен 8 айда 69 млн тонна көмір өндірілген. Яғни биыл көмірден тапшылық болмауы тиіс.

***

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр құс тұмауына қатысты ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің деректері бойынша соңғы 20 күннің ішінде 9 облыстың 47 ауданының және республикалық маңызы бар 1 қаланың 102 елді мекенінде 576 841 құстың қырылу фактісі тіркелді, оның ішінде 24 289-ы жеке үйде және 552 273-і құс фабрикасында болған. Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталықтың деректері бойынша жоғары патогенді құс тұмауының көзі және тасымалдаушысы солтүстіктен оңтүстікке ұшып бара жатқан жабайы құстар. Бұған қырылған жабайы құстарды зерттеу нәтижелері дәлел. Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мүдделі мемлекеттік органдарға құс тұмауының таралу салдарын барынша азайту бойынша барлық алдын ала шараларды қабылдауды тапсырды.

***

Елордада Елбасы кітапханасының жаңа ғимараты ашылды. Мұнда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметі жайында барлық ақпарат жинақталған. Келушілер еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қол қойылған маңызды құжаттармен таныса алады. Ғимарат толықтай заман талабына сай инновациялық технологиялармен қамтамасыз етілген. Музейдегі экскурсиялар 7 турдан ұйымдастырылған. Шамамен жарты сағат ішінде музей қонақтары 3Д голлография мен электронды карталар, мэппинг шоу мен тач мониторларды көріп, өзін келешектегідей сезіне алады. Жаңа нысан қала тұрғындарын қабылдауға дайын.

***

Ертең Қазақ радиосының әуе толқынына шыққанына 99 жыл толады. Осы айтулы датаға орай 1 қазан күнгі бағдарламаларды радио ардагерлері - Ұлжан Пармашқызы, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Бүркіт Бекмағамбетов, Құсман Игісінов, Көпен Әмірбек, Күләш Молдахметова, Әбдірәлі Бөлебай, Нұржан Жалауқызы жүргізетін болады. Осылайша, бір топ ардагер журналистер «Жырлайды жүрек», «Достық», «Біз жанбасақ», «Радиомедицина», «Түркі әлемі», «Тапқыр бала», «Армандастар», «Ақ тілек» хабарын жұрт назарына ұсынады. Ал Бүркіт Бекмағамбетов, Аманжан Еңсебайұлы және Әбдірәлі Бөлебай сынды дикторлар жаңалықтар жаршысы болып, еліміздегі соңғы ақпаратпен таныстырады.