Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 20.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 20.04.2021

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда. Имашев Тоқаевқа сайлау органдарының аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттердің және ауылдық округтерден тыс ауылдардың әкімдерін тікелей сайлауға дайындығы туралы баяндады. Сайлау екінші жартыжылдықта өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар пандемия кезінде өтетін сайлау барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. 

*****

Елімізде пандемиямен байланысты жағдай әлі де күрделі, бірақ бақылауда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты. «Дегенмен 8 өңір «қызыл аймақта». Осыған байланысты Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді. Халықты вакцинациялаумен қамтуды кеңейту қажет. Сәуір айының соңына дейін және ай сайын 2 млн адамды вакцинамен қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды нақты орындау керек, - деді Асқар Мамин.

*****

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус өршуінің шырқау шегі қай уақытқа тап келуі мүмкін екендігін айтты. Кестеге сәйкес вакцинация жалғасқан жағдайдағы оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін тіркеліп, сәуірдің соңында шырқау шегіне жететіндігі болжанады», - деді Алексей Цой. Оның айтуынша, реалистік сценарий жағдайында және вакцинация кестеге сай жүргізілгенде коронавирус жұқтыру тәулігіне 4 мың жағдайға жетіп, шырқау шегі мамыр айының ортасында орын алуы мүмкін. 

*****

Елордада халық көп жиналатын орындарда тұрғындарға вакцина салу пункттері ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қалада «Mega Silk Way» және «Хан шатыр» сауда-ойын орталықтарында егу пункттері ашылды. Жақын арада мұндай пункттер «Керуен» сауда-ойын-сауық орталығы мен «Әбу-Даби Плаза» кешенінде де ашылады», - деді Сархат Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингте. 

*****

Бүгін Үкімет отырысында 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы таныстырылды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайловтың айтуынша, осы қаражат есебінен елдегі әлеуметтік-экономикалық саладағы жұмыстар атқарылады. 

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасында карантин кезінде жұмысқа тартылған медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 70 млрд теңге қарастырылғанын айтты. 

 *****

Ал елімізде қызыл аймақтағы өңірлер саны артты. Ел аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары тұр. «Сары аймақта» Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары тұр. «Жасыл аймақта» әзірге Қостанай мен Түркістан облыстары ғана. Еске сала кетсек, кеше Ақмола облысы «қызыл аймақтан» шығып «сары аймаққа» өткен болса, бүгін қайтадан «қызыл аймаққа» оралды. 

*****

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауыл халқының өмір сүру деңгейін арттыруға байланысты жоспарын жариялады. Аталған министрлік Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеп жатыр. Онда бірқатар әлеуметтік-экономикалық міндет қарастырылған. Яғни, тұрақты түрде 1 млн ауыл тұрғынының кірісін арттыру, 70 мың отбасылық шаруашылық құру, осы салада 500 мыңға дейінгі адамды жұмыспен қамту; 350 мың фермерлік және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру көзделуде. Осы міндеттерді орындау үшін ауылда жаңа инвестициялық жобалар іске асырылады,- дейді Сапархан Омаров. 

*****

Ауыл мұғалімдері жалақыны жаңа жүйе бойынша алады. Үкіметтің онлайн отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың атап өткендей, 2025 жылға қарай ауыл мектептерін білікті педагогтермен 100% қамтамасыз ету қажет. Осы тұрғыда шағын жинақты мектеп педагогтерінің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесіне көшу жоспарлануда. Осы жылдан бастап 18 сағаттық жүктемеден 16 сағаттық жүктемеге көшіп, 2024 жылдан бастап жаңа жүйеге көшу көзделуде, - дейді Асхат Аймағамбетов.

*****

Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ауылдық жерлерде биылғы жылдың соңына дейін 500 үйірме ашылатынын айтты. Министрдің сөзінше, бүгінде ауылдарда барлығы 12 000 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Биыл ауылдарда алғаш рет мемлекеттік шығармашылық тапсырыс енгізілді. 2025 жылға дейін республика бойынша қосымша 1600 үйірме ашылады. Осы жылдың соңына дейін 500 үйірме ашу жоспарланып отыр, - дейді Ақтоты Райымқұлова.

*****

Талап етілмеген депозиттер 1 мамырдан бастап БЖЗҚ-ға аударылады. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры лицензиядан айырылған банктегі талап етілмеген депозиттерді Біырңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударады. Осындай норма 2021 жылдың 1 мамырынан бастап қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.