Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 20.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 20.10.2020

Бүгін Үкімет отырысында халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету тақырыбы талқыланды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңде коронавирус инфекциясының ықтимал толқынына дайындалу үшін бірқатар шара қабылданды. Біріншіден, қоймаларда дәрілік заттардың екі айлық қорын қалыптастыру. COVID-19 бойынша 8,2 млрд теңгеге тапшы және сұранысқа ие 44 түрлі препарат сатып алынады. Бұл дәрілер ай сайын шамамен 60 000 пациентті стационарда емдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, медициналық ұйымдарда дәрілік заттар қорын жасау. Бірыңғай дистрибьютор республикадағы барлық медициналық ұйымдарға, инфекциялық және провизорлық орталықтарға 18 млрд теңгеге жуық қаржыға 91 дәрілік зат жіберді. Сонымен бірге, коронавирус диагнозы қойылған науқастар өз емханаларынан қызуды түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды тегін ала алады. Алексей Цой бұл ретте 1 млн адамды қамту жоспарланып отырғанын айтады. 

***

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, жыл басынан бері Қазақстанда фармацевтика өндірісінің көлемі 39,8% өсті. «Елімізде бұл салада 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Отандық кәсіпорындар күн сайын 900 мың маска, 330 мың жұп қолғап шығарады. Сондай-ақ, 6 жергілікті компания ай сайын 504 мың қорғаныс костюмін жасайды. Жыл соңына дейін өндіріс қуаты 1 миллионға дейін арттырылмақ. Бейбіт Атамқұловтың мәліметінше, індеттің екінші толқыны жағдайында фармацевтикалық кәсіпорындар дәрілік заттардың қажетті көлемін қамтамасыз етуге дайын.

***

Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин елдегі қорғаныс құралдары мен медициналық маскалар өндірісін көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі мен СҚ-Фармацияға стационарларда, әсіресе инфекциялық ауруханаларда мониторинг жүргізуді, дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеуді жүктеді. «Биыл міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде тегін дәрілік заттардың тізбесі 3 есе ұлғайтылды. Қазіргі уақытта жеке қорғаныс құралдары мен 91 дәрі-дәрмектен тұратын екі айлық қор жасау бойынша нақты жұмыс атқарылды,-деді Үкімет басшысы.

***

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары COVID-2019 пандемиясы кезінде дәрі-дәрмектерді алып-сатудың және заңсыз айналымға түсірудің жолын кесу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты. Дәріханаларда медикаменттерді қымбат бағада сатуға қатысты 1 мыңға жуық дерек тіркелді. Сонымен қатар дәріханалардан тыс жерлерде қауіпсіздік лицензиялары мен сертификаттары жоқ дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды заңсыз сатуға қатысты 300-ден астам жағдай анықталды. Жалпы заңсыз айналымнан құны 230 миллион теңгеден асатын 10 миллион бума дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар тәркіленді. Анықталған заң бұзушылық бойынша 3 сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде және 1183 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Сонымен қатар медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу кезінде болатын заң бұзушылықтарды анықтауға қатысты кешенді шаралар жалғасуда. Жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қылмыстық істердің тергелуі Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қатаң бақылауында.

***

Елордада карантин талабын сақтауды қадағалайтын мобильді топтардың жұмысы күшейтілді. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде ШОБ субъектілері тарапынан карантин шаралары мен санитарлық ережелер бірнеше рет сақтамалмағаны анықталды. Сондықтан карантин шараларын үнемі бұзатын нысандардың қызметін уақытша тоқтату мәселесі қаралатын болады», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. Сондай-ақ, салынған тыйымға қарамастан, кейбір ойын-сауық мекемелері өз қызметін жүзеге асыруды жалғастыруда. Ал мобильді топ өкілдері объектіге кіріп, бұзушылықтарды тіркей алмайды, өйткені күзет кіруге кедергі келтіреді немесе объект өз қызметін жабық есік режимінде жүзеге асырады. Бақтияр Мәкен атап өткендей, covid-19-дың таралуын тежеу үшін шетелден және басқа облыстардан келушілерді ПТР-тестілеуден бұрынғыдай өткізу қажет.

***

Байқоңырда карантин шаралары 1 қарашаға дейін ұзартылды. Қолданыстағы шектеу шаралары сақталады, - делінген қала әкімшілігінің ресми сайтында. Жедел штаб қала тұрғындарын маска режимін, әлеуметтік арақашықтықты және жеке гигиена мен санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырады.

***

Блокпоста болған жол апатында екі адамның өмірін қиған Азат Азаматов 10 жылға сотталды. Алматы қаласы Қарасай аудандық соты бұрынғы полиция қызметкерін ҚР ҚК 345-бабымен айыпты деп тапты. Ол жазасын қауіптілігі орта дәрежедегі түзеу мекемесінде өтейтін болады. Еске салсақ, 25 мамырда таңертең BMW жүргізушісі Алматы облысының №4 блокпостын соғып кеткен болатын. Жол апатынан полиция қызметкерлері Жарас Жанғазиев пен Дастан Абдықанов қайтыс болды. Сондай-ақ, үшінші полиция қызметкері Ербұлан Сейдазым жарақат алып, ауруханадан жазылып шықты.

***

Премьер-Министрдің қаулысы бойынша, Солтүстік Қазақстан облысының кейбір білім беру және мәдениет ұйымдарының атауы өзгертілді. Петропавл қаласындағы Өнер колледжі Ермек Серкебаевтың, облыстық Филормония Ақан Серінің атымен аталатын болды. Сонымен қатар, бірқатар мектептердің де атауына өзгеріс еңгізілді. «Булаево орта мектебіне» Мағжан Жұмабаев, «Преснов орта мектебіне» Қожаберген жыраудың есімі берілді.