Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Елімізде құс тұмауының таралуы толығымен жойылды

Елімізде құс тұмауының таралуы толығымен жойылды
09 00
Елімізде құс тұмауының таралуы толығымен жойылды. Құстардың өлім-жітімі бойынша төленетін өтемақы мәселесі арнайы бақылауда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа баяндады. Министр алдағы бес жылдықта агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Ұлттық жоспарын әзірлеу барысы туралы да айтты. Аталған жобаны іске асыру ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысына импортты алмастыру саясатын жүзеге асыру барысы туралы мәлімет берілді. Министрдің айтуынша, бүгінде тауардың алты бағыты бойынша импортқа тәуелділік байқалады. Үкімет бекіткен жоспарларды орындау арқылы үш жыл ішінде импортты алмастыру мәселесін шешуге болады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев министрге қайта өңделген өнім экспортын арттыруға, еліміздің шаруалары өндірген тауарлар үшін жаңадан өткізу нарықтарын ашуға және ветеринария саласындағы бақылауды күшейтуге қатысты бірқатар тапсырма берді.
*****
Соңғы апталарда балалар арасында коронавирус жұқтыру жағдайларының саны артты. «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Риза Боранбаеваның мәліметінше, қазіргі уақытта коронавирус диагнозымен 275 бала тіркелді. Оның 41-і ауруханаға жатқызылды. Қалғаны үйде емделуде. Соңғы апталарда жеткіншектер арасында коронавирус ауруының өсуі байқалады», - деді Риза Боранбаева «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында. Оның пікірінше, ауру санының өсуін кезекші сыныптармен байланыстыруға болмайды. «Себебі, науқас 275 баланың 182-сі – мектеп оқушысы болса, оның 62-сі кезекші сыныптарда білім алады, сәйкесінше 120 бала қашықтан оқыған. 15-і – балабақшаға барғандар. Яғни, кезекші сыныптарда оқитындар ғана емес, қашықтан білім алатын балалар да ауырып жатыр. Және олардың 86% -да ауру симптомсыз немесе жеңіл формада өтуде», - дейді Риза Боранбаева.
*****
Жамбыл облысында карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Аймақтың Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес тұрғындар көшеде емін-еркін жүре алады. Бұған дейін өңірде түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін қозғалысқа тыйым салынған еді. Енді мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындары сағат түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істей алады. Бильярд, кальян, компьютер және түнгі клубтардан басқа ойын-сауық орталықтары мерекеде және жексенбіден басқа күндері ашық болады. Мал базарларына 50% сыйымдылықпен жұмыс істеуге рұқсат берілді.
 *****
Елордаға алғаш рет жолаушылардың барлығында ПТР анықтамасы бар ұшақ келді. Кеше Нұр-Сұлтан әуежайына Түркиядан келіп қонған ұшақта 138 жолаушы болған. Дәрігерлер алғаш рет барлық жолаушылар ПТР тесттен өткені туралы анықтамалармен келгенін атап өтті. Сондықтан, карантиндік стационарға ешкім жатқызылмаған. Естеріңізге сала кетейік, 26 қазаннан бастап шетелден ұшатын қазақстандықтар коронавирусқа ПТР-тестінен өтпесе, ұшақ бортына жіберілмейді. Дәл осындай талап шетелдіктерге де қойылады.