Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 30.10.2020

Қорытынды жаңалықтар 30.10.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевты қабылдады. Президент екі ел арасындағы өзара іс-қимылдардың деңгейін жоғары бағалап, Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларды Қазақстанның мұқият бақылап отырғанын, оны қырғыз елінің ішкі мәселесі деп қарайтынын атап өтті. Руслан Қазақбаев сапарының басты мақсаты – елде болып жатқан ішкі саяси өзгерістерге қарамастан бауырлас қазақ еліне қатысты сыртқы саяси бағдардың өзгермейтінін айқындау екенін айтты. Қырғыз Республикасының жаңа басшылығы бауырлас екі елдің түпкі мүдделеріне сай келетін барлық бағыттар бойынша қырғыз-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтып, арттыруға ниетті, – деді Қырғызстанның Сыртқы істер министрі. 

***

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды. «Көптеген шет елдердегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдарын ұстанып, карантин шараларын сақтауға шақырамын. Үкімет бизнес пен экономиканың мүдделерін негізге ала отырып жұмыс істейді. Пандемияның бірінші толқынымен күрес тәжірибесі ескерілді. Әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға орай шешім қабылдауды тапсырамын. Бірақ бар мәселе азаматтардың өзіне тікелей байланысты», деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

***

COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық ахуал бойынша облыс басшылығымен жедел кеңес өткізіп, аймақ әкімі Даниал Ахметовтің қабылданып жатқан шаралар бойынша есебін тыңдады. Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов облыс әкімдігіне он күн мерзім ішінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бойынша түбегейлі шараларды қабылдауды, Денсаулық сақтау министрлігіне консультативтік - әдістемелік көмек көрсету үшін жоғары білікті мамандарды өңірге жіберуді тапсырды. Сонымен қатар, 2 қарашадан бастап Өскемен қаласына кіру және шығу бойынша әуе және темір жол қатынасын азайтуды, бұл көлік түрлерімен жолға шығатын жолаушылардың міндетті түрде ПТР анықтамадан өту керектігі, транзитпен өтетін темір жол құрамдарының облыс ішінде тоқтауына тыйым салынып, санитарлық бекеттерді орната отырып, Шығыс Қазақстан облысына кіруді және шығуды шектеу шараларын қабылдауды жүктеді. Сонымен қатар, мұнда демалыс және мереке күндері шектеу шараларын күшейтіледі. Айта өтейік, өткен тәулікте елімізде коронавирустың 392 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 205 науқас ШҚО да анықталып отыр.

***

​Түркістан облысында 2 қарашадан бастап жамағат намаздары мешітте оқыла бастайды. Тек әзірге жұма намазы оқылмайды. Сонымен қатар, мешітте 100 адамнан артық кісі болмауы керек. Келушілер бетперделік режиммен 2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтаулары қажет. Намаз және құран оқитын барлық бөлмелерде антисептикалық құралдар орнатылуы міндетті.

***

Коронавирус індеті етек жайып, карантин жағдайы енгізілгелі қазақстандық кәсіпкерлердің басты проблемасы мен ұсыныстары айқындалды. «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, бүгінде 1 млн-ға жуық кәсіпкер немесе еліміздің бизнес саласының 70% пандемияның зардабын тартты. Ііндет одан әрі етек жайған жағдайда ұлттық палата үкіметпен бірлесіп кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарлама әзірлейтін болады. Сонымен қатар, Абылай Мырзахметов келешекте цифрлық эко-жүйе арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсетілетінін жеткізді. 

***

57 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Бұл туралы Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысында белгілі болды. Ал, халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрбозованың айтуынша, келісімшарт міндеттемелерін орындамаған 25 адам «Болашақ» стипендиясынан айырылды. Енді олар оқуларына жұмсалған барлық шығындарды өтеуі тиіс.

***

«Оқуға құштар мектеп» жобасы арқылы бес жылда мектеп кітапханаларындағы әдебиет жаңартылады. ҚР Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғани Бейсембаев жоба аясында қолға алынатын жұмыстарға тоқталды.

***

Нұр-Сұлтанда 1 қарашада велосипедтерді жалға беру маусымы аяқталады. Жексенбі күні таңғы сағат 03:00-де станциялардағы барлық велосипед бұғатталады, деп хабарлайды CTS компаниясы. Astana Bike велосипедтерін жалға беру жобасы елордада 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы жылы жоба CTS басқаруына берілді. Осы уақыт аралығында velobike.kz ресми сайты өзгертілді. Онлайн-тіркеу, онлайн толтыру және төлем функциялары сайтта тәулік бойғы режимде енгізілді. Мониторинг үшін камералар қолданылады. Осындай жаңашылдықтардың нәтижесінде пайдаланушылар саны үш есе артқан.