Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қазақстанның үш өңірі коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл» аймаққа енді

Қазақстанның үш өңірі коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл» аймаққа енді

Қазақстанның үш өңірі коронавирустың таралу қаупі бойынша «қызыл» аймаққа енді. Ел өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес, бүгін «қызыл» аймаққа Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қостанай облыстары енгізілді. «Сары» аймақта Алматы қаласы, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары тұр. Қалған өңірлер - «жасыл» аймақта. Еске салайық, өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус инфекциясы 972 адамнан анықталды.

*****

Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының қаулысымен шаһар аумағында коронавирус инфекцияна қатысты шектеу шаралары 1 ақпанға дейін ұзартылды. Эпидахуалдың өршуіне сырттан әкелінген жаңа жағдайлар себеп болған. Өткен жылдың 26 желтоқсанынан осы жылдың 15 қаңтар аралығында 38 байқоңырлық індет жұқтырған. Соңғы үш аптада өлім жағдайлары тіркелген жоқ. Дегенмен, пандемия басталғаннан бері Байқоңырдың 70 тұрғыны коронавирус ауруынан қайтыс болды.

*****

Әлемде коронавирус пандемиясы салдарынан көз жұмған адамдардың саны 2 миллионнан асты. Бірқатар елдер шектеу шараларын күшейтті. Бұл ретте Ұлыбритания екі күннен кейін елге кіруге тыйым салмақ. Шектеу карантинге қарамастан еркін қатынау келісімі жасалған мемлекеттерге де қатысты болып отыр. Яғни ендігіде Ұлыбританияға келетіндердің барлығы елге ұшып-шықпас бұрын коронавирусқа тест тапсыруы қажет. Сондай-ақ ел аумағына келгеннен кейін 10 күн оқшауланады. Жаңа шектеулер 15 ақпанға дейін күшінде болады. 

*****

Германияда Covid-19 жұқтырғандардың саны 2 миллионнан асты. Канцлер Ангела Меркель 16 федералды жердің басшыларымен ковид-саммит өткізіп, қазірдің өзінде қатаң локдаунды одан сайын күшейтуді ұсынбақ. Ал, Португалияда ұлттық локдаун жарияланды, ол 30 қаңтарға дейін созылады. Венгрия Қытайдың CoronaVac вакцинасын мақұлдаған алғашқы еуропалық ел болуы мүмкін. Премьер-министр Виктор Орбан дәл осы вакцинаны қолдануды ұсынып отыр және елдің фармацевтикалық реттеушілерін шешімді тезірек қабылдауға шақыруда.   

*****

Қазақстаннан Ресейге экспортталған қызанақтарында қауіпті вирус анықталған жоқ. Мұндай мәліметті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынды. Ведомствоның ақпаратынша, 2020 жылдың желтоқсанында Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі (Россельхознадзор) «Green Capital Kazakhstan», «Green Land Alatau» ЖШС-нің өнімдерінде қауіпті вирус анықталғандығы және «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС өндіретін қызанақты алып келуге шектеу енгізгені туралы хабарлама жіберген. Осыған байланысты еліміздің АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті ресейлік мамандармен бірге шұғыл түрде ресми тексеру ұйымдастырды. Сараптама қорытындысы бойынша «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС өнімдерінде ешқандай вирус анықталған жоқ. Осындай комиссиялық тексерулер «Green Capital Kazakhstan» және «Green Land Alatau» жылыжай шаруашылықтарында жүргізілді. Ол жерлерде де вирус анықталмады», - деп атап өтеді ведомстводан. Ресми тексерулердің нәтижелері Ресейдің Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметіне хабарланған. Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Россельхознадзордың іс-әрекеті ЕАЭО туралы шарттың талаптарын өрескел бұзады және жасанды кедергі болып табылады деп есептейді. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінуге ниетті.