Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 20.01.2021

Қорытынды жаңалықтар 20.01.2021

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына өңірдің 2020 жылғы даму қорытындылары мен Президент тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ, Қазақстан халқына арналған Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру жоспары жөнінде баяндалды. Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріліп отырған кезеңдегі Жамбыл облысының экономикасының өсімі 102,2 пайызға, негізгі капиталдың инвестициясы 344,1 миллиард теңгеге жеткені жайында айтты. Кездесу барысында әлеуметтік саланы дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Президентке пандемия кезінде облыстың 524 мың тұрғынына 44,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай әлеуметтік көмек көрсетілгені туралы айтылды. Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мен жаңа жыл мерекелері қарсаңында 8 мың адамға 203 миллион теңге көлемінде қосымша бір реттік көмек берілген.  

***

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қордай ауданындағы ахуал жөнінде баяндалды. Облыс әкімінің айтуынша, аудандағы жағдай тұрақты. Былтыр тұрғын үй және жол құрылысы, білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 35,1 миллиард теңге болатын 392 жоба іске асырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 22 елді мекенге газ тарту, ауызсумен қамтамасыз ету және 391 шақырым жол салу жұмыстары жүргізілген. 360 пәтерлік 5 тұрғын үй салынған. Бердібек Сапарбаев коронавирустың келесі толқынына дайындық жөнінде айтты. Облыста жұқпалы ауру жұқтырғандар үшін 4,5 мың және жан сақтау бөлімдерінде 468 төсек-орын дайындалған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталған. Қажет болған жағдайда қосымша 7 мыңға дейін медицина қызметкерлері жұмысқа тартылады. Қордай ауданының Гвардейск ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бердібек Сапарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдегі апатты жағдайда тұрған және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу, бұқаралық спортпен шұғылданатын адамдардың санын 35 пайызға дейін жеткізу жоспары туралы ақпарат берді. Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімінің жұмысына оң баға беріп, эпидемиялық ахуалды бақылауда ұстауды, инвестиция тарту және Жұмыспен қамту жол картасын тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

***

Депутаттар Үкіметтен зейнетақы жинағын пайдалануды реттейтін құжаттарды тезірек бекітуді сұрады. «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов Премьер-Министр Асқар Мамин мен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдады. «Мемлекет басшысы 2021 жылдың 2 қаңтарында азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасының бөлігін алу туралы заңға қол қойды. Ол заң күшіне енді. Алайда Үкімет зейнетақы жинағын пайдалану ережесін қабылдаған жоқ. 761 мың азамат осы ережені күтіп отыр. Тіпті үйді де таңдап қойған. Ал бұл ережелер әлі түрлі келісім мен бекітулерді күтіп, кабинеттерді «аралап жүр», - деді Аманжан Жамалов.

***

Депутат осы мәселеге қатысты Үкімет атына халықтан көптеген шағым түскенін айта кетті. «Тұрғындар пәтерді 5 жыл ішінде сатуға болмайды деген шектеуге наразы. Олар өмірде болатын жағдайлар - басқа аймаққа, қалаға көшу, тұрғын үй жағдайын жақсарту секілді жайттар ескерілмегенін айтып отыр. Азаматтардың құқығын шектемей, талабына жауап беру керек. Президенттің тапсырмасын ескеріп, осы айдың соңына дейін зейнетақы жинағының бөлігін пайдалану бойынша нормативтік-құқықтық актілерді тезірек қабылдауды сұраймын», - деді Аманжан Жамалов.

***

Ертең Вашингтон қаласында АҚШ-тың 46-президенті атанатын Джо Байденді ұлықтау рәсімі өтеді. Ресми ақпараттар бойынша қаладағы қауіпісіздікті қамтамасыз етуге ұлттық гвардияның 25 000-ға жуық сарбазы жұмылдырылып, жүздеген әскери техника тартылған. Ал қала 3 негізгі бақылау аймағына бөлінген. Сонымен қатар, орталық көшелерінің барлығы жабылып, арнайы блок бекеттер қойылған. Вашингтон округінің мэрі Мюриел Боузер Капитолиге басып кіріп, радикалдық әрекетке барған Трамп қолдаушыларының кезекті шабылуы 20 күні де болуы мүмкін деп мәлімдеп, қаладағы төтенше жағдайды қаңтардың 21-не дейін ұзартқан еді. Байденді ұлықтау рәсімі ертең Вашингтон уақыты бойынша түскі сағат 12-де өтеді.

***

Сүйінші! Демографияда 33 жыл бойы мызғымай тұрған рекорд жаңарды. 1987 жылы Қазақстанда 417 мың бала дүние есігін ашса, 2020 жылы 420 мың сәби өмірге келген. Ұлттық статистика бюросы таратқан мәліметке сенсек, ел халқының саны 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 18 852 млн-нан асқан. Оның ішінде қалалықтар – 11 129,2 млн (59 пайыз), ауылдықтар – 7 723,6 млн (41 пайыз) адам. Бір жылда жан саны 241,7 мың адамға немесе 1,3 пайызға өскен, - деп хабарлайды Айқын кз. Биылғы халық санағына мем­лекет қазына­сынан 9 млрд теңге бөлінген. Халық санағын 30 мың адам жүргізеді. Ұлт патриоттары ендігі санақта қазақ­тың үлесі 70 пайыздан асады деп үміттенеді. Депутат Айдос Сарым: «Қазақстан туралы «көпұлтты мемлекет» деген дақпыртты осы са­нақ жоққа шығаруы керек. Қазақ­станда, тағы да қайталап айтамыз, бір ғана ұлт бар: ол – қа­зақ ұлты. Қалғаны – осы ұлт құ­рамын­дағы этностар болмаса, ел ішіндегі диаспоралар. Бұл санақ Қазақстанда «130 ұлттың» жоқ екеніне баршаның көзін ашуы тиіс» деп жазған болатын.

***

Маңғыстауда соңғы 30 жылда алғаш рет төртем дүниеге келді. Ақтаудағы Ана мен бала орталығының ұжымы төртем мен оның анасын салтанатты түрде үйлеріне шығарып салды. Ақтау қаласының тұрғыны Самира Гасанова 2020 жылдың 15-ші желтоқсан күні босанған болатын. Жүктілік кезеңі ауыр болғандықтан дәрігерлер әйелді жүктіліктің 30-шы аптасында операция жасап, босандырып алған. 1 ұл мен 3 қыз дүниеге келді. 25 жастағы келіншек осылайша бірден көпбалалы ана атанды. Сәбилер отбасының тұңғыштары. «Қуанышымды жасыра алмай тұрмын. Ата-анамыздың төбесі көкке жеткендей болды. Балаларымның аман-есен жарық дүниеге келуіне себепші болған дәрігерлерге отбасымның атынан алғысымды білдіремін», - деді Самира Гасанова. Төртемдердің бірі 1 келі 390 гр болса, ең кішісінің салмағы 1 келі 190гр салмақта туылды. Шақалақтар күш жинағанша 36 күн бойы перинаталдық орталық дәрігерлерінің жіті бақылауында болды. Анасының да, балаларының да денсаулығы жақсы, дейді дәрігерлер. Ата-анасы нәрестелерге Расул, Фанара, Айла мен Нарин есімдерін берген. «Былтыр біздің орталықта 8610 бала жарық дүние есігін ашты. Оның ішінде 2 үшем мен 147 егіз бала дүниеге келген», - деді Маңғыстау облыстық Ана перинаталдық орталығының дәрігер неанотологы Тойдық Жұмағамбетова. Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша соңғы 3 жыл бойы көш басында келеді. Былтыр аймақта 21753 сәби дүниеге келген.