Астана - 106,8FM Алматы - 101,00 FM Шымкент - 106,40FM Талдықорған - 101,00FM Көкшетау - 101,00FM Ақтөбе - 102,20FM Атырау - 101,00FM Өскемен - 104,00FM Семей - 100,10FM Аягөз - 101,00FM Тараз - 100,80FM Орал - 101,20FM Қарағанды - 103,40FM Қызылорда - 102,00FM Ақтау - 100,5FM Павлодар - 101,00FM Петропавл - 106,80FM Түркістан - 101,00FM

Қорытынды жаңалықтар 12.04.2021

Қорытынды жаңалықтар 12.04.2021

Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда шамамен екі есе артты. 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Егер бұған дейін министрліктің гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстары үш жылда бір рет жүргізілсе, енді олар жыл сайын өткізіледі. Сондай-ақ докторанттардың стипендиясы 80%-ға ұлғайды. Бұдан былай олардың стипендиясы жыл сайын 15%-ға өсіп отырады және 2025 жылға қарай 260 мың теңге болады. Былтыр магистратураға түсу емтихандары электрондық форматта өткізілсе, биыл докторантура емтихандары да осылай өтеді.

*****

Тағы бір жаңалық – енді жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Мұндағы механизм «ЖОО үздік оқытушысы» конкурсына ұқсас болады. Бұл «Ғылым туралы» Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес мүмкін болып отыр. Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым» жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады. Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады.

*****

Өңірлердегі иммундау іс-шаралары 916 екпе пунктінде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сонымен қатар, КВИ-ге қарсы вакциналау жүргізу үшін шалғай елді мекендерде, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп шоғырланған орындарда екпе жасаудың 233 көшпелі бригадасы жұмылдырылған», - деді министр Үкімет отырысында. Оның айтуынша, иммундау науқанына 10 мыңға жуық медицина қызметкері тартылды. «Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау қалаларында екпе жасау пунктері сауда орталықтарында, базарларда ұйымдастырылды. Бұл жерлерде демалыс күндері де вакцина салдыруға болады.

*****

Алматыдағы медициналық жоғары оқу орындарының студенттері коронавирусқа қарсы вакцинациялауға көмектесіп жатыр. Бұл туралы онлайн брифингте қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева айтты. Қазіргі уақытта вакцинация пункттерінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны 1700 адамнан асады. 700-ден астам студент вакцина салуға оқытылды. Олардың тиісті сертификаттары бар», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева. Ал, мейірбикелік сертификаты жоқ қалған интерндер осы пункттерде үйлестіруші және азаматтардың мәліметтерін ақпараттық жүйеге енгізетін тіркеуші ретінде қатысады. 

***** 

Елорданың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы дезинсекциялық және дератизациялық жұмыстарды жүргізу үшін дайындықты бастады. Бұл іс-шаралармен қаланың ашық аумақтары, су айдындары, саябақтар, скверлер, жеке сектор қамтылады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Іс-шаралар тәуліктің түнгі уақытында жүргізіледі. 14-15 сәуірде жаппай шыбын-шіркейлерді жою жұмыстары, 15 сәуірден бастап дератизациялық іс-шараларды өткізу бойынша көктемгі тур басталады. Кеміргіштерді жою жөніндегі іс-шаралар қаланың жеке секторын және ашық аумақтарды қамтиды. Жеке сектордың тұрғындары тегін улы дәрі алады және сол жерде қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулық өткізіледі. Мұндай шаралар кеміргіштер санын азайту және аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау үшін қажет. 

*****

ҚР Президенті Қ.Тоқаев бастамашылық еткен Игі істер марафоны аясында Арқалықта психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған Инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды. Қостанай облысы білім басқармасының мәліметінше, Арқалық қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 560-тан астам бала тұрады, оның ішінде 118 бала мүгедек. «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің қызметі тегін көрсетіледі. Түзету көмегі курсы 3 айдан бір жылға дейін созылады, қажет болған жағдайда курсты ұзартуға болады. Ал инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы А.Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясы базасында ашылды. 

*****

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын қолданысқа енгізуге байланысты барлық сұраққа жауап беруге арналған «жедел желіні» іске қосты. Оған 8 778 888 11 57 немесе 7172 74-02-18. Нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы хабарласуға болады. Бұл Экологиялық кодекстің жаңалықтары туралы толық ақпарат алуда халыққа ыңғайлы болу үшін жасалды. Азаматтар ресми сұрау жібермей-ақ, «жедел желіге» жүгіну арқылы құжаттың баптарына, тармақтары мен нормаларына қатысты түсініктеме ала алады. «Жедел желі» жұмыс күндері сағат 18.30-ға дейін жұмыс істейді.

***** 

Елорда тұрғынын кездесуден кейін таныс адамы тонап кетті. Тергеу көрсеткендей, 27 жастағы жігіт өзінен бір жас үлкен қызбен әлеуметтік желі арқылы бір ай бойы сөйлесіп жүрген. Нәтижесінде олар кездеуге шешім қабылдап, жігіт жаңа танысын қонақ үйге шақырады. Қыз ұйықтар алдында алтын бұйымдарын шешіп қойған. Жігіт оны пайдаланып, 100 мың теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдарды алып, сағат таңға төртке таман қонақ үйден шығып кеткен. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктіні ұстаған, ол бұрын бірнеше рет сотталған болып шықты. Ер адам өз қылмысын мойындады, оның Нұр-Сұлтан аумағындағы ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. 

*****

Мальта билігі ел аумағында кемінде үш күн болған туристердің әрқайсысына 200 еуро төлеуді жоспарлап отыр. Осылайша, Туризм министрлігі елдегі туризм саласын жандандырмақ, деп хабарлады Reuters. Мальтаның туризм министрі Клейтон Бартоло осы жазда қонақүйлерге тапсырыс берген саяхатшыларға ақша төлеуді ұсынды. Бартолоның айтуы бойынша, бес жұлдызды қонақ үйден бөлме жалдағандарға 200 еуро, төрт жұлдызды қонақ үй үшін 150 еуро, егер үш жұлдызды қонақ үйден бөлме жалдаса, туристерге 100 еуро төленеді. Ал егер саяхатшылар демалу үшін Гоцо аралын таңдаса, төлемдер 10%-ке артады.

*****

Алматыда күрес түрлерінен Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды. Қазақстан командасы өз жерімізде өткен маңызды бәсекеден үш жолдама еншіледі. Грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов, әйелдер күресінен Татьяна Аманжол, еркін күрестен Юсуп Батырмұрзаев лицензияға қол жеткізіп, Токио ойындарына баратын қазақстандықтар санын арттырды. Осылайша, Қазақстан командасындағы жалпы лицензиялар саны 48-ге жетті. Күрес түрлерінен соңғы әлемдік іріктеу турнир мамыр айында Болгарияның София қаласында өтеді.